• RUB:
    6.63
  • USD:
    518.81
  • EUR:
    596.27
Басты сайтқа өту
Ипотека Бүгін, 10:05

Ипотека мөлшерлемесін төмендету уақытша тоқтатылды

20 рет
көрсетілді

Осыдан біраз күн бұрын ғана елдегі ипотека мөлшерлемесі 25%-дан 20%-ға төмендетілген еді. Алайда көп ұзамай Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) ипотека бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) әзірге 25% деңгейінде ұстай тұру туралы шешім қабылдады. Тиісті қаулы ҚНРДА порталында жария етілді.

Қаулыға сәйкес, 25% деңгейіндегі мөл­шерлеме 2025 жылғы 1 қарашаға дейін сақ­талады. Аталған мерзімге де­йін банктер жүйе баптау­ларын, ипотека бойынша шарттарды қайта қарап, ішкі құжаттар мен жарнамаларды жаңартып үлгеруге тиіс.

Қаржы секторындағы өкі­летті екі мекеме – Ұлттық банк пен ҚНРДА-ның айналасы ал­ты күнде қайта ойлануы­на негіз де жоқ емес. Өйт­кені ипотека беретін банктер ә дегенде тұрғын үй займдарын беруді кілт тоқтатып тастады. Сарапшылар да мөлшерлеменің төмендеуі нарыққа қолайсыз әсер етеді деген пікір білдірді. Олардың сөзінше, банктерге 20%-дан төмен мөлшерлемемен ипотека беру тиімсіз, сондықтан олар несиелеу шарттарын өзгертуге кіріседі. Мәсе­лен, алғашқы жарна көле­мін кө­бейтуі немесе үйдің тұр­ғы­зылған жылына қатысты қатаң талаптар қоюы мүмкін.

Осы аралықта 3 банк екін­ші нарықта ипотекаға өті­нім қабылдауды тоқтатып үл­гер­ді, олар – «Халық банк», «Центр КредитБанкі» және «Нұр­банк». Олар «тех­ни­калық жұмыстар жүр­гізіліп жатыр» деп және «мөл­шер­леме бо­йынша түзетулер енгізіліп жатыр» деп мәлімдеме жасады.

«20% деңгейіндегі шекті мөлшерлеме екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) үшін баға шектеуін туғызады. 15,5% бағасында ЕДБ-лар кем дегенде тәуекел құнының 2%-ын қосады, бұл – банктердің нашар қарыз алушыларға байланысты өтейтін шығыны. Одан кейін ЕДБ 1-2% болатын операциялық шығындарды қосады және қалғаны маржа болып есептеледі. Нәти­жесінде, ЕДБ үшін өзіндік құн 18,5-19,5% болады. Сәйке­сінше, банкте қосымша маржа ретінде небәрі 0,5-1,5% қа­­лады, бұл өте аз және банк­те ипотекалық несие беруге деген құлық азаяды. Себебі олай зиян шегіп отырған­ша мөлшерлемесі жоғары тұты­нушылық несиемен айна­лысқаны жақсы», дейді қар­жыгер Ғалым Құсайынов.

«Бірінші несие бюро­сының» (БНБ) мәлімдеуінше, шекті мөлшерлемені 25%-дан 20%-ға төмендету қайталама нарықты күйретуі ықтимал.

«Жаңашылдыққа байла­нысты банктер екінші нарық үйлерінің ипотекалық несие­сіне қатысты шарттарын қай­та қарайды. Ықтимал өзге­ріс­тер: қайталама тұр­ғын үй­­дің салынған жылына байла­нысты шекті жоға­ры­лату, ал­ғашқы жарна көле­мін кө­­бейту, қарыз алушы­ның тө­лем қабілетін баға­лау критерийлерін күшейту. Әсі­ресе өңірлер де екінші дең­гейлі тұрғын үйге арналған ипо­тека күрт қыс­қаруы мүм­кін», деп мәлімдейді БНБ.

Түсінгеніміз, шекті мөл­шерлемені төмендету – банк­тер үшін тиімсіз, азаматтар үшін ыңғайлы.

«ЖТСМ несиенің бір жыл­дағы нақты құнын көрсетеді. Яғни біз банктен ипотека немесе тұтынушылық кредит алғанда, осы мөлшерлеме­ге қарап рәсімделіп жатқан несиеге нақты қанша төлей­тінімізді көре аламыз. Бұл мөлшерлеме тек пайызбен шектелмейді. Оған қаржы ұйымдарының комиссия­сы мен төлемдер және басқа да қосымша шығындар кіре­ді. Қарапайым мысал: 15 млн теңгеге 15 жылға ипотека алатын болдық делік. Егер ЖТСМ 25% болса ай сайын 330 000 теңге төлер едік. 20% болса айына шамамен 290 000 теңге төлейміз. Бұл жерде 40 000 теңге үнемделіп тұр. Түсінген адамға көптеген отбасы үшін маңызды сома», деп жазады «Қаржылық са­уат» телеграм-арнасы.