• RUB:
    6.58
  • USD:
    517.45
  • EUR:
    598.59
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 09:05

Моноқаланы дамытудың маңызы зор

30 рет
көрсетілді

Қарағанды облысында Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша «Моноқалалардың болашағы: оң тәжірибе және тұрақты даму» атты республикалық семинар-кеңес өтіп жатыр. Іс-шараға 20 моноқаланың әкімдері, вице-министрлер мен сарапшылар қоғамдастығының өкілдері қатысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың моноқалалар экономикасын әртараптандыру және дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау бүгінде жан-жақты атқарылып жатыр.

Семинар барысында моноқалалар­дың даму үрдістері және экономика құрылымын нығайту саласындағы өзекті міндеттер талқыланды. Моноқалаларды орнықты дамытудың жол картасын қалыптастыру мәселесі көтерілді, Smart City цифрлық шешімдері мен жобаларын енгізудің маңыздылығы атап өтілді, шағын өнеркәсіп қалаларын орнықты дамытудың табысты отандық және халықаралық кейстері қаралды. Бұл тұрғыда индустриялық аймақ құру нәтижесінде моноқалалар қатарынан шығарылған және қазір өнеркәсіптік қуаты артып келе жатқан Саран қаласы­ның оң тәжірибесі атап өтілді.

Осылайша, Саранда қолдау шара­ларының нәтижесінде экономиканы әртараптандыруға ықпал еткен Saran индустриялық аймағы құрылды.

2019-2024 жылдар аралығында қалада өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,6 есе өсті, өңдеу саласының үлесі 92%-ға жетті. Салық түсімдері үш есе өсті. Жаңа зауыт­тар­да 2 мыңнан астам жұмыс орны ашыл­ды, әрі қарайғы жобалар тағы 3,5 мыңға жуық жұмыс орнын қамтамасыз етеді, бұл жергілікті тұрғындарды да, басқа өңір­лердің қызметкерлерін де тартады.

Жаңа өндірістер құру жұмыспен қам­ту­дың өсуіне және ШОБ-ты дамытуға, сон­­дай-ақ қалалық инфрақұрылым мен тұр­ғын-­үй құрылысын жаңғыртуға ықпал етеді.

Биыл қала экономикасына 76 млрд теңгеден астам инвестиция тарту жос­парланып отыр.

Жалпы, елімізде өңірлерді қолдаудың жүйелі шараларын жүзеге асыру нәтижесінде моноқалалар саны 27-ден 20-ға дейін қысқарды, бұл ірі өндірістердің және экономиканың өзге де түрлі бағыттарының өсуін білдіреді.

Семинар-кеңес қорытындысы бо­йынша қатысушылар Саран қаласындағы бірқатар өнеркәсіп және әлеуметтік нысандарды аралады.

Қазіргі уақытта Қарағанды облысында төрт моноқала бар – Теміртау, Шахтинск, Абай және Балқаш. Онда 340 мыңға жуық адам тұрып жатыр, бұл өңір халқының үштен бірін құрайды. Өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің жартысына жуығы моноқалалар үлесіне тиесілі.