«Орталық Азия – Қытай» саммиті аймақтағы диалогті тереңдететін және Орталық Азия мемлекеттері арасындағы әріптестікті нығайтатын маңызды алаң. Екі жылда бір рет өтетін осы жиынның аясында сауда, инфрақұрылым, көлік және цифрландыру сияқты негізгі бағыттар талқыланып, ортақ игілікке қол жеткіземіз.
«Орталық Азия – Қытай» саммиті мемлекет басшыларының бастамаларын жүзеге асыруға, аймақтағы тұрақтылықты сақтауға, мемлекеттер арасындағы саяси-экономикалық ықпалдастықты дамытуға негіз болары сөзсіз. Қазақстан үшін бұл кездесулер ел беделін арттырып қана қоймай, еліміздің ілгері дамуына жол ашады. Ырысымызды еселейтін, ықпалдастықты күшейтетін осындай салмақты кездесулер арқылы еліміздің аймақтағы, сондай-ақ әлемдегі беделі арта түсетіні анық.
Си Цзиньпиннің Қазақстанға жасаған сапары екі мемлекет арасындағы ерекше сенім белгісі болды. Кейінгі жылдары Астана аймақта бастамашыл алаңға айналды. Бұл ретте «Орталық Азия – 2040» тұжырымдамасының берері көп.
2024 жылдың бірінші жартысында Қытай өзге мемлекеттерге тікелей 58,6 млрд доллар инвестиция құйды, соның тең жартысына жуығы (47%) Орталық Азия мемлекеттеріне бағытталып отыр. Мәселен, Қазақстан (10,4 млрд), Түрікменстан (9,5 млрд) және Өзбекстан (4,3 млрд) доллар инвестиция алып, әріптестер қатарына қосылған. Сондай-ақ Қытай мемлекеті өндіріс және энергетикаға басымдық береді. Энергетикадағы инвестициясын екі есеге арттырып (4,1 млрд), өндірістегі көрсеткішін 8 пайызға (11,8 млрд) жеткізуі – соның айғағы.
Сондықтан да «Орталық Азия – Қытай» саммитіне аймақтағы тұрақтылық пен дамудың іргетасын қалайтын жиын ретінде үмітпен қараймыз. Бұл орайда Қазақстанның бастамашыл мемлекет ретінде беделінің артуы отандастарымызды қуантады деп ойлаймыз. Аймақтың ауызбірлігін нығайтатын қадамдардың оңынан болуына тілекшіміз.
Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ,
Мәжіліс депутаты