• RUB:
    6.63
  • USD:
    518.81
  • EUR:
    596.27
Басты сайтқа өту
Пікір Бүгін, 09:15

Сенімді тереңдететін интеграция

40 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда Орталық Азия – Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасының басты стратегиялық бағытына айналды. Бұл бастама аясында Қытай өңірдің инфрақұрылымдық және өндірістік салаларына ауқымды инвестициялар салып жатқаны бекер емес. Аймақтағы бес мемлекет те Қытайдың ресми стратегиялық серіктесі болуы – жаһандық геосаясаттағы сирек кездесетін айрықша жағдай.

Астана саммиті Қытай мен Орталық Азия арасындағы диалогтің институционалдық формасын одан әрі нығайтуы мүмкін. Бұл барынша теңдік, тату көршілік және өзара тиімділікке негізделген жаңа дипломатиялық ықпал алаңы болуы аса маңызды. Саммит барысында Қытай мен аймақ елдері индустрияландыру, логистика, энергетика және қауіпсіздік мәселелері бойынша өзара сенімді тереңдетуге келісті. Мысалы, Достық – Мойынты теміржол желісі өңірді жаһандық жеткізу тізбектеріне интеграциялауға маңызды үлес қосады. Мұндай жобалар Қытай мен Еуропа арасындағы логистиканы жақсартып, елімізді маңызды транзиттік хаб ретінде нығайтады.

Сонымен қатар Қытай мен Орталық Азия ынтымақтастығы механизмі аясында протекционизмге қарсы ортақ ұстанымды анықтауға мүмкіндік береді. Орталық Азия елдері үшін Қытайдың көмегімен индустрияландыру жай ғана экономикалық ұсыныс емес, даму жобалары мен аймақтық тәуелсіздікті күшейтуді де қамтуға тиіс.

Иә, Қытай инвестициясы үлкен мүмкіндіктер ұсынумен қатар, Орталық Азия елдері сыртқы серіктестік теңгерімін сақтап, тек бір күшке тәуелді болып қалмауға тиіс. Қытаймен жұмыс істей отырып, Орталық Азия елдері сыртқы саяси теңгерімді сақтап, алдымен ұлттық және аймақтық мүдделерін қорғауы қажет. Инфрақұрылымдық жобалар экология мен жергілікті халықтың жағдайына әсер етуі мүмкін. Трансшекаралық теміржол желілері мен порттық инфрақұрылымды дамыту тұрақты экономикалық дамуға негіз болумен қатар, өңір елдері сыртқы саясаттағы теңгерімділікті және тұрақтылықты сақтауға бірге күш салуға мүдделі. ОА елдері Қытай инвестицияларымен жұмыс істей отырып, басқа халықаралық даму жобаларымен де тығыз байланыс орната алады.

Қытай өңірдегі стратегиялық тұрақтылық пен ресурстарға қол жеткізуді қалайды. Сонымен қатар Еуропадағы геосаяси шиеленіс Қытайға аймақта өз ұстанымдарын нығайтуға мүмкіндік берді. Бұған қоса Таяу Шығыстағы қақтығыстар жаһандық энергетикалық тұрақтылыққа қауіп төндіруі ықтимал. Осы тұрғыда Қытай Орталық Азияда сенімді кеңістік қалыптастыруға тырысады.

 

Жанат МОМЫНҚҰЛОВ,

халықаралық сарапшы