13-15 маусым аралығында Қытай халық Республикасының Сиань қаласында Әлем кубогінің финалы өтті. Бұған дейінгі сындардан сүрінбей өткен отандық синхронды жүзу шеберлері бұл жолы да ел намысын абыроймен қорғады.
Айта кетейік, Әлем кубогінің алғашқы кезеңі Францияда, екінші кезеңі Мысырда, ал үшінші кезеңі Канадада елдерінде өткен еді. Төртінші кезең – супер финал Қытай елінде ұйымдастырылды. Барлығы 16 елден 125 қатысушы бақ сынады. Аруба, Аустралия, Қытай, Колумбия, Испания, Ұлыбритания, Грузия, Германия, Мажарстан, Жапония, Қазақстан, Мексика, Ресей (бейтарап атлеттер), Сингапур және Өзбекстан елдерінің спортшылары синхронды жүзуден өзара бәсекеге түсті.
Бұл жарысқа да еліміздің спортшылары тыңғылықты дайындалғанын атап өткен жөн. Жалпы, Қазақстан Су спорты түрлері федерациясының жаңа басшылығы – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ және «КEGOC» АҚ өкілдері болғалы бұл спорт саласының материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсарып, жетістіктер еселене түсті. Соның нәтижесінде қажетті құралдар жаңартылып, жаттығуға қолайлы мүмкіндік жасалды. Федерация бүкіл ел бойынша филиалдық желілерін белсенді кеңейтіп жатыр. Жақында атақты Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин Федерацияның бас хатшысы болып тағайындалды.
Су спорты түрлерін дамыту саласында жасалып жатқан жұмыс жемісін беріп те жатыр – биылғы Әлем кубогінің төрт кезеңінің қорытындысы бойынша еліміздің спортшылары әлемдік рейтингте жоғарылай түсті. Қыздар дуэті бойынша Ясмин Тұяқова, Арина Пушкина және Даяна Жаманшалова әлемдік рейтингте екінші орында тұр. «Микс дуэт» бағдарламасында Валерия Столбунова мен Артур Майданов үздік үштікті қорытындылады. Топтардың жетістіктері, яғни техникалық, еркін және акробатикалық бағдарламалар қорытындысы бойынша Наргиза Болатова, Виктор Друзин, Әйгерім Құрманғалиева, Ксения Макарова, Арина Мясникова, Анна Павлецова, Жаклин Якимова, Жания Жиенғазы, Ясмин Тұяқова, Валерия Столбунова әлем бойынша үздіктердің қатарынан көрінді.
Синхронды (әртістік) жүзуден спортшылардың осындай жоғары жетістіктерге жетіп, төрткүл дүниенің кіл мықтылары қатарына қосылуы – қуантарлық жайт. Алдағы уақытта да отандық су спорты дамып, талай додада олжалы болатынына сенім мол.