• RUB:
    6.52
  • USD:
    512.44
  • EUR:
    593.15
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 09:00

Жаңа кезеңге қадам басқан сенімді серіктестік

20 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға Қытай Халық Республикасының Төраға­сы Си Цзиньпин келді. Президент мәрте­белі мейманды Астана әуе­жайы­нан қарсы алды. Торапта Құрмет қарауы­лының ротасы сап түзеді. Қазақ­стан мен Қытай туларын ұстаған жеткін­шектер қошемет көрсетті. Ал әуежай терми­на­лында ҚХР Төраға­сы­мен балалар қазақ және қытай тілдерінде сәлем­десіп, күтіп алды. Содан соң өнерпаздар қос халық­тың ұлттық билерін билеп, ерекше ілтипат білдірді.

Осы күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Респуб­ликасының Төрағасы Си Цзиньпинді Ақорда резиденциясында қарсы алып, келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысының айтуынша, ҚХР Төрағасы қазақ жерінде қай кезде де қадірлі қонақ саналған, ал оның бұл жолғы сапары – шынайы әрі мызғымас достығымыздың айқын көрінісі.

– Қытай Халық Республика­сы – Қазақстанның тату көршісі, жақын досы және сенімді серіктесі. Сан қырлы қазақ-қытай ықпалдастығы Сіздің жеке қолдауыңызбен мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық әріптeстік рухында және бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келе жатыр. Мұны ерекше ықыласпен атап өткім келеді. Ортақ тарихымызға мұқият үңілсек, елдеріміздің арасында ешқандай түйткілдер немесе тосқауылдар болмаған. Тек қана өзара достық пен ықпалдастық, түсіністік пен жылы лебіздер басым болды. Қытай халқы қазақ халқына ешқандай зиян келтірген жоқ, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екіжақ­ты қарым-қатынас жылдан-жылға нығайып, жаңа «алтын кезеңге» қадам басқанын мәлімдеді. Достық байланыс екі ел­дің тұрақ­ты әлеуметтік-эконо­­микалық дамуына және халық­тардың әл-ауқатын жақсартуға зор септігін тигізіп жатқанына назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасының елімізге сапары оның туған күнімен тұспа-тұс келіп отырғанына ерекше мән беріп, Си Цзиньпинге зор денсаулық, бақ-береке, жауапты мемлекеттік қызметіне толайым табыс тіледі.

– Сізді Қазақстанда аса көрнекті мемлекет қайраткері, халықаралық қоғамдастық алдында зор абырой-беделге ие көре­ген көшбасшы деп біледі. Еліңіз­дің қарқынды дамуы өзіңізбен тікелей байланысты. Сіздің сарабдал саясатыңыздың арқасын­да Қытай Халық Республикасы әлеу­меттік-экономикалық жаң­ғыру және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту ісінде ерен жетістікке жететініне сенімдімін. Біз жаңа тарихи кезеңде өзіне тән ерекшелігі бар социализм негізін қалап жатқан Қытай халқының мол табыстарына шын қуанамыз. Сіздің маған және барша Қазақстан халқына деген құрметіңізді жоғары бағалаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қытайды Қазақстанның тату көршісі және уақыт тезінен өткен сенімді стратегиялық серіктесі деп атады. Мемлекет басшысының айтуынша, екі елдің қарым-қатынасы тұрақты сипатқа ие әрі оған геосаяси сын-қатерлер мен дүрбелеңдер, сондай-ақ халықаралық ахуал теріс әсер етпейді.

– Қытай Қазақстанмен арадағы ынтымақтастығында қандай да бір сая­си шарт қоймаған. Біздің егеменді­гіміз бен қауіпсіздігімізге көрсеткен қолдауыңызды бағалаймыз. Қытайдың бейбітшілік бастамаларын қолдаймыз. Еліңіздің әділ әлемдік тәртіп орнату әрекеттерін қуаттаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК секілді халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында, сондай-ақ БРИКС + және «Орталық Азия – Қытай» форматында жоғары деңгейдегі ықпалдастық орнатқанын атап өтті.

Мемлекет басшысы ҚХР-дың Қазақ­станның ең ірі сауда-эконо­микалық серіктесі екенін еске салды. Былтырғы қорытынды бойынша екіжақты сауда-саттық көлемі 44 млрд долларға жеткен. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Сонымен қатар Президент мәде­ни-гуманитарлық саладағы елеулі жетіс­тіктерге тоқталды. Атап айтқанда, елі­мізде мәдениет орталықтары, Лу Бань шеберханалары, Қытай жоға­ры оқу орындары мен ғылыми-тех­ника­лық орталықтарының филиалдары ашылды. Қазақстан Конфуций орта­лық­тарына қолдау көрсетеді. 2025 жыл «Қазақ­стандағы Қытай туризмінің жылы» болып жарияланды. Бұл екі­жақты ынтымақтастықты тереңдетуге, өзара сенімді нығайтуға септігін тигізеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергетикасы саласына арнайы тоқталды.

– Біз Қазақстанда бірнеше, тым болмағанда екі-үш АЭС салу туралы шешім қабылдадық. Осы маңызды жоба­ға ірі компанияларды тартуға қатыс­ты жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі құрылды. АЭС құры­лысы бойынша Қытайдың CNNC компаниясын сенімді стратегиялық серіктес ретінде қарастырып отырғанымызды ерекше атап өткім келеді. Әлемге әйгілі компания біздің нарықта өз орнын табатыны анық. Сонымен қатар Қазақстан – Қытайға табиғи уран мен ядролық отын жеткізіп отырған сенімді ел, – деді Президент.

Си Цзиньпин қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін Президентке ризашылығын білдірді. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан ұлттық жаңғыру жолына түскенін, ел дамуында тың табыстарға қол жеткізіп келе жатқанын атап өтті.

– Тату көрші әрі стратегиялық серіктес ретінде біз Сіздердің жетіс­тіктеріңізге тәнтіміз. Сіздер үшін қуаныштымыз. Қытай мен Қазақ­станның қарым-қатына­сы құбылмалы әлемнің сынына төтеп беріп, қарқынды дамып келеді. Бұл – тек географиялық тұрғыдан жақындықтың, ғасырларға ұласқан достықтың арқасы ғана емес, елдеріміздің өркендеу жолындағы табиғи сұранысы. Кейінгі жылдары бірлескен күш-жігердің нәтижесінде тағдыры ортақ Қытай мен Қазақстан арасындағы ықпалдастық жаңа мән-мазмұнмен толығып жатыр. Бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалардың жүзеге асырылуы қос халыққа айтарлықтай пайда әкелді. Мен Өзіңізбен тізе қосып, Қытай-Қазақстан достығын нығайтуға, өңірдің және жалпы әлемнің дамуына елеулі үлес қосу үшін екі елдің сан қырлы ынтымақтастығын одан әрі ілгерілетуге әзірмін, – деді ҚХР Төрағасы.

Келіссөз барысында екі ел ынты­мақтастығының барлық бағыт бойынша келешегі талқыланды. Байырғы достық пен өзара құрметке арқа сүйеген екі ел басшылары емен-жарқын әңгімелесті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин жүр­гізген келіссөз нәтижесінде 24 үкі­метаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды. Екі ел делега­циясының мүшелері энергетика, аэроғарыш, цифрландыру, кеден, ауыл шаруашылығы, электронды сауда, туризм, зияткерлік меншік, медицина, медиа, ғылым, өңіраралық байланыс салаларындағы ынтымақтастықты қамти­тын құжаттармен алмасты. Олар­дың ішінде инвестицияларды көтер­мелеу және өзара қорғау, техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімдер бар.