• RUB:
    6.52
  • USD:
    512.44
  • EUR:
    593.15
Басты сайтқа өту
Шаруашылық Бүгін, 08:25

Ауылдан ашылған «ақылды» ферма

20 рет
көрсетілді

Агросаланың ауқымы артып келеді. Бұл дегеніміз – ауылға бет­бұрыс бар деген сөз. Өңірімізде қомақты қаржы құйылып жатқан ірі кешендер көп. Осакаров ауданының Родников ауы­лын­да «Eurasia Invest» компаниясы 6000 сиырға арналған заманауи сүт-тауар фермасын салып жатыр. Бұл – еліміздегі 30 млрд теңгеден асатын ірі инвес­тициялық жобалардың бірі.

Құрылысы жүріп жатқан сүт фермасының қуаты – жылына 70 мың тонна сүт. Құрылысы аяқталып, кәсіп­орын толық іске қосылған соң 180 жаңа жұмыс орны ашылады.

«Евразия Инвест LTD» ЖШС құрыл­тайшысы Иван Георгиади жобаның кезең-кезеңімен іске асырылатынын, бірінші кезек биыл іске қосылатынын атап өтті. Кәсіпкерлер гольштейн асыл­тұқымды сиырдың алғашқы легін сатып алыпты.

– Жемшөп базасы меншікті болады. Биылғы маусымда мың гектарға жуық жүгері мен жо­ңышқа егілді. Ауыл шаруа­шы­лығы саласында биыл үшінші жыл жұмыс істеп келеміз. Ал­ғашқы жылы заманауи техникалар, екінші жылы тамшыла­тып суару жобасын қолға алдық. Жеңілдетілген несиенің көмегіне жүгініп, шаруамызды ілгерілетіп отырмыз, – дейді И.Георгиади.

Кәсіпорын суармалы жерле­рінің аумағын 10 мың гектарға дейін ұлғайтып жатыр. Жоба бойынша 120 жаңбырлатып суаратын машина орнатылады. Бұл өнім­ділікті арттыруға мол мүм­кіндік бере­ді. Бұдан басқа, 12 мың тоннаға арнал­ған көк­өніс қой­масын салуды жоспарлап отыр.

Өңірде алғашқы «ақыл­­ды» сүт фермасы Нұра ауда­­ны, Көбетей ауылынан салы­нып, бүгінде сәтті жұмыс істеп жатыр. Екі-ақ жылда бой көтерген фермадағы 1 100 бас сиырдан күніне 25-30 тонна сүт сауады. Президенттің ірі сүт фермаларын салу жөніндегі пәрменінен соң, көп ұзамай Көбетей ауылынан ашылған тауарлы сүт фермасы табысты арттырып, аудан экономикасын еселейді.

Бұған дейін тек дәнді дақыл өсірумен айналысып, ырысын еселеп келген «Черниговское и К» ЖШС мен «Рамадан МФ» ЖШС тауарлы ірі сүт фермасын салып, табысын ұлғайтуға ұмтылады.

– Сүт-тауар фермасын салу арқылы қызметімізді әртарап­тандырайық деп шештік. Біз – өсім­дік өсірушілерміз. Жасыратыны жоқ, жыл сайын моно дән егумен айналысу қиындап барады. Сол себепті «Рамадан МФ» ЖШС-мен бірігіп, Қарағанды облысы мен Астана шаһарының сүт өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қам­тамасыз ететін заманауи тауарлы-сүт фермасын салу туралы шешім қабылдадық. Баса айта кететін дүние, екі жыл уақыт ішінде мұн­дай заманауи ферма салу оңайға соқпайды. Үкі­мет бұл жобаны бастан-аяқ қолдап, үлкен көмегін тигізді, – дейді «Рамадан» сүт фермасы директорының орынбасары Арман Нұржанов.

Сонымен жақында ғана ашыл­ған «ақылды» сүт ферма­сының қаржысы да қомақты. Жоба құны 4,8 млрд теңгені құрапты. Оның 2 млрд 70 млн теңгесі кешеннің құрылыс жұ­мысына жұм­салған. 1 млрд 292 млн қаражаты фер­маның заманауи жабдығы­на игеріліп, 1 млрд 463 млн теңге­сі­не асылтұқымды сиыр алынады. Үкімет ферманың толық жаб­­дығы мен малдарын субсидия­лап жатыр. Ферма жаңа агро­өнер­кәсіптік ке­шен­дерге жеңіл­дікпен несие берудің мем­лекеттік бағдарламасы бойынша са­лынған.

Мұндай алпауыт жобалар ауылды жарылқайды. Мысалға, Кө­бетейдегі ағайын «екі қолға – бір күректі» осы фермадан тауып отыр. Салынып жатқан ке­шеннің басшылары ауыл тұрғындарын барынша жұмыспен қамтып келеді. Қазірдің өзінде фермада 30-ға жуық адам еңбек етіп жүр. Кәсіпорын толық іске қосылған соң, қызметкерлердің санын 70-ке жеткіземіз деп отыр.

Негізінен басшылық бәсекеге қабілетті еңбекақы төлеуге ниетті. Бұл дегеніңіз, дипломы бар көп жас ауылға қайта оралады деген сөз. Мысалға, Марлен Шеркенов осы уақытқа дейін Көбетей ауылының малын бағып келген. Ферма ашыла салысымен, осында жұмысқа орналасқан.

– «Ақылды» ферма ашылады дегенде ауыл болып қуандық. Осы уақытқа дейін өрісте жүріп, ауылдың малын өсір­дік. Еңбек еттік. Енді жаңа фермаға орна­ластық. Мұнда тұрақты әрі жоғары айлық бар. Жұмыс жеңіл, барлығы автомат­тандырылған. Жұмыстың дені техникалардың көмегімен атқарылады. Біз­дің міндет – малдың жай-күйін қада­­ғалау. Ауылдың жастарын да фер­маға алып жатыр, – дейді фер­маның малшысы М.Шер­кенов.

Фермада 30 адамға арналған жатақхана бар. Алыстан келген мамандар осында тұрады. Тегін. Асхана да жұмыс істейді. Қыз­меткерлерге күн сайын үш мез­гіл тамақ қарастырылған. Ал­дағы уақытта көр­ші ауылдағы жұ­мыс­керлерді тасымалдау қолға алынады дейді басшылық.

Ферманың орналасқан жері де көп шаруаға оңтайлы бол­ғалы тұр. Нұра ауданының орта­лығынан 25 шақырым, Астана қаласынан 70 шақырым жерде. Дәл күрежолдың бойында. Сүт фер­масының басшылары сүт өні­мін әуелі Қарағанды облысына өткізіп, артылғанын Астанаға саудаламақшы.

Бұл арада бес фермадан тұ­ратын кешен, сондай-ақ жемшөп өндіруге арналған сүрлем алаңы бар. Тауарлы-сүт фермасында арнайы астық тазартқыш қоймасы қатар орналасқан. Мұнымен қоса, тамшылатып суару жүйесі ор­натылған.

Тауарлы-сүт фермасы қажетті азық­пен өзін-өзі қамтамасыз етеді. Ол үшін су тарту құрылысын, су құбыры желілерін салу жобасы әзірленіп, қолға алынған. «Биз­нестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасынан қолдау тапқан жоба сүрлемге, басқа да дәнді дақылдарға аралас­тыратын жасыл жүгері отырғызу жос­парлан­ған 700 гектар алқапты суарады. Аустриялық «Bauer» фермасының алты шашыратқыш машинасы сатып алынған. Қазірде фермадағы асыл тұ­қымды сиырларға былтыр әзірлеп қойған 15 мың тонна жем­шөбін беріп отыр.

«Фермаға жұмыстың барлық циклін автоматтандыруға мүм­кіндік беретін заманауи бағ­дарлама енгізілген. Яғни сиыр сауатын орын сүттің мөлшері мен сапасын автоматты түрде бақы­лап отыратын жоғары тех­но­ло­гия­лық құрылғымен жаб­­дықтал­ды. Мұндай то­лық «ақылды» құ­рылғыны Герма­ниядан арнайы алдыр­дық. Бұл бағдарламаның ең бір кереметі – сауын алаңындағы әр сиырдың күйі, дене қызуы, жүрек қағысы, жемшөбі мен салмағы, күндік беретін сүтінің мөлшері мен құрамы туралы мәліметтер жи­нақталып отырады. Әр асыл­тұ­қымды сиырдың арнайы «чипі» бар. Сол арқылы күніне, айына қанша сүт бергенін көруге болады», – дейді ферманың жетекшісі Жансерік Сейітмұратұлы.

Ферманың ең басты ар­тық­шылығы – цифрлы технологиясында. Тек сауынды автоматтандырып қана қоймай, табындағы әр сиырдың күйіне қатысты көр­сеткіштерді бақылайды. «Ақыл­ды» арнайы қондырғысы арқылы орталық басқару пультіне түсіп отырады. Бұл жерде зоотехникке де өте тиімді болмақ. Ком­пьютермен қай сиырдың сүтті екені, қайсысының сүті азая бас­тағаны, қай сиырдың дұ­рыс жем жемей жүргені туралы мә­ліметтерді онлайн режім­де алып, қажетті шаруасын алдын ала бағамдап отырады. Еуро­паның әйгілі «Dairycomp» технологиясын енді орнатады. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатқан көрінеді.

Ферманың мал қорасында іштегі ауаны желдетіп, тазартып тұратын арнайы қондырғы да қоймақ. Тіпті малдың жемшөбін беретін ауыл шаруашылығына пайдаланылатын шетелдің ша­ғын техникаларын сатып алып жатыр. Демек мұнда жұмыс атқа­ратын малшылардың да, сауын­­шылардың да жұмысы жеңілдейді.

Кәсіпкерлер Ресейден 403 бас гольш­тейн атты асылтұқымды сиырдың алғаш­қы легін әкелді. Енді қалған екі бөлігін шілде, қазан айында әкеледі. Бұл сиырлар – ең сүтті тұқымдардың бірі ретінде белгілі. Биыл құны қым­баттапты. Тең­гемен есептегенде, 1 млн – 1 млн 200 мың. Фер­маның жобалық қуаты – 1 100 бас. Күніне 27 тонна литрге дейін сүт алуды жоспарлап отыр. Әзірге сиырлары бұзауламаған. Алдағы бір-екі айда төлдеуге тиіс. Шамамен, күз айларында алғаш алған сүттерін саудалағалы отыр.

Осы уақытқа дейін өңірімізде шикі сүт тапшылығы сезіліп келген еді. Енді, міне, оның да оң­тайлы шешімі табылып отыр.

 

Қарағанды облысы,

Нұра ауданы,

Көбетей ауылы