• RUB:
    6.52
  • USD:
    512.44
  • EUR:
    593.15
Басты сайтқа өту
Туризм Кеше

Катонқарағайда «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты фестиваль өтті

20 рет
көрсетілді

Катонқарағайдың төрінде үш күнге созылған «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты фестиваль өтті. Оған Моңғолия, Саха, Тыва, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия сынды бауырлас елдерден өнердің жарық жұлдыздары құрметті қонақ ретінде шақырылды. Осы күндерге орайластырып, қазақтың қабырғалы қаламгерлері Қалихан Ысқақ пен Дидахмет Әшімханның мерейтойлары да атап өтілді, деп жазады Egemen.kz.

Рухани шара Дидахмет Әшімханның шығармашылығы мен өмір жолына арналған конференциямен басталған. Одан кейін ақын-жазушылар мен аудан жұрты Қалиханның ауылы – Топқайыңның өр жағында ұйымдастырылған жыр кешінде бас қосты.

Шытырлап жанған алау айналасындағы ерекше кешке мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысты.

«Төр Алтай Қалиханы мен Дидахметін жырлайды» республикалық фестивалінде 12 ақын жырдан шашу шашты.

Ит тұмсығы өтпес орманды беткейден ары ассаң, жарқырап Бүркіт шыңы көрінер еді...

Ертесінде Катонқарағайда жіңгір той басталды. Бәйге, көкпар, аударыспақ...

Көкпардан бірінші орынды Ұлан ауданының командасы қанжығаға басты. Екінші орынды Самар ауданының көкпаршылары еншілесе, үшінші орынды Риддер қаласынан келген жігіттер қанағат тұтты.

Бірінші орын алған көкпаршылардың қуаныштары қойындарына сыймады

Бұл күні сауда да қызып тұрған.

Аудан-аудандардан қолөнер шеберлері көрме әкелген. Глубокое ауданынан келген шебер Нұржан Есхожин торсықтың пайдасы туралы айтты.  

Түс ауа 25 шақырымдық аламан бәйгені көруге жиналған жұртта қисап болмады.

Мәреге бірінші болып келген тұлпар иесін су жаңа автокөлік күтіп тұрған. Айта кетейік, мың орынға шақталған ипподром фестиваль қарсаңында кәсіпкерлердің күшімен жөнделді. Сондай-ақ, ұлттық ойындардың жүлдесі де кәсіпкерлердің демеушілігімен жүзеге асты.

Мәре сызығын бірінші болып кескен шабандоздарды журналистер қауымы сұрақтың астына алды. Аламан бәйгеде бірінші болып Тарбағатай ауданының сәйгүлігі келді. Екінші орынды Күршім, үшінші орынды Зайсан ауданының арғымағы алды.  

Түске қарай жұрт айтыс көруге жиналды. Ине шаншыр орын жоқ. Кейбіреулер жерге төсеніш салып, жамбастап жатып тамашалады.

Ақындар Алтайдың тарихынан тартып бүгініне дейін жырға қосты. Тартысты айтыс көрген көрерменнің айызы бір қанды-ау.

Дүбірлі шарада жұрттың бірі той көрсе, енді бірінің қонақ күтуден қолдары қалт етпеді...

Ал кешкі гала концерт өте жоғары деңгейде өтті. Түркі әлемінің тұтас тарихы жинақталған прологпен басталған концерт расымен де Алтай – түркі жұртының алтын бесігі екендігін сездіріп тұрды.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов халықты құттықтап, шараның маңыздылығын айтты. Саха елінен келген ең кішкентай өнерпаз Архан Уйгуға домбыра сыйлады. Жеті жастағы өнерпаз «Домбыра» әнімен танымал.

Кеш соңын әдеттегідей Музарт тобы «Өз елім» әнімен жапты.

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы