Сарапшылардың айтуынша жастар сайлауға белсенді қатысып, мемлекеттік басқару ісіне араласуға ынталы болса, бұл демократиялық қоғамның нығаюына жол ашатын оң өзгеріс. Ендеше, жас буынның саяси белсенділігі қандай?
Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚЗСИ) деректеріне сүйенсек, еліміздегі сайлауларға жастардың (18-29 жас) қатысу деңгейі - төмен, ал егде жастағы азаматтардың белсенділігі айтарлықтай жоғары. ҚЗСИ сарапшыларының пікірінше, сайлау процесін ұйымдастырған кезде сайлаушылар арасындағы аймақтық ерекшеліктерге мән берген жөн. Мәселен, оңтүстік, батыс аймақтар мен мегаполистерде тұратын жас тұрғындары сайлау кезінде шығыс және солтүстік облыстардың егде тұрғындарына қарағанда сайлау комиссиялары мен кандидаттарының басқа тәсілдерін талап етеді.
Статистикалық деректерге сүйенсек, 18-29 жас аралығындағы халықтың ең жоғары үлесі Маңғыстау (26,3%), Түркістан (28,1%) облыстарында және Шымкент қаласында (29%) тұрады. Ал 61 жастан асқан азаматтар ең аз шоғырланған өңірлер қатарында - Маңғыстау облысы мен Шымкент қаласы (13,4%), сондай-ақ Астана (12,9%) бар. Ел бойынша бұл санаттағы орташа көрсеткіш – 18,6%.
Ал ең белсенді сайлаушылар тобы – 30-45 жас аралығындағы азаматтар. Бұл санаттың үлесі ел бойынша орта есеппен 34,8%-ды құрайды.
Сарапшылар жастардың саяси белсенділігінің төмендігін құқықтық ақпараттың жеткіліксіздігімен байланыстырады. Олар саясат туралы мәліметтің негізгі бөлігін әлеуметтік желілер арқылы (78,8%) алады. Бұл бір жағынан, ақпаратты жедел жеткізудің тиімді құралы болғанымен, екінші жағынан, адамдардың сенімді әрі терең ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігін шектейді. Осыған байланысты, жастардың азаматтық белсенділігін арттыру және олардың саясатқа қатысуына қолайлы жағдай жасау мақсатында 2023-2029 жылдарға арналған Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы қабылданды. Бұл құжат жастардың өмір сапасын арттыруға бағытталған 12 негізгі индикаторды қамти отырып, олардың құндылықтың бағдарларына да оң әсер етуді көздейді.
Сонымен қатар өткен жылы Орталық сайлау комиссиясы TikTok пен Telegram платформаларында жастарға арналған ресми ақпараттық парақшалар ашып, олардың қызығушылығы мен қабылдау ерекшеліктеріне сай контент ұсынуды қолға алды. Бұл қадам жастармен тікелей және тиімді диалог орнатуға мүмкіндік беріп отыр.
«Бұрын саясат деген тек үлкен кісілердің ісі сияқты көрінетін. Бірақ қазір қоғамда болып жатқан өзгерістер мен реформалар бізге де тікелей әсер ететінін ұғындық. Сайлауға қатысу өз дауысыңды білдіру ғана емес, ел тағдырына араласудың заңды жолы. Университетте бізге құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған семинар, пікірталастар жиі өтеді. Бұл өзімізді еркін әрі саналы азамат ретінде қалыптастыруға септігін тигізіп жатыр», дейді Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенті Жұлдыз Камалова.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Аружан Қадырова да жастардың саясатқа араласуы өте маңызды деп санайды.
«Елдің саяси өміріне белсенді араласқым келеді. Әлеуметтік желілерден ғана емес, сенімді дереккөздерден ақпарат іздеп, пікірталастарға қатысуға талпынып жүрмін. Саясатты сырттан бақыламай, оның бір бөлшегі болуға дайынмын», дейді ол.
Жалпы жастарға саяси дағдыларды үйрету, құқықтық білім беру, олардың саяси өмірге қатысуына жан-жақты қолдау көрсету маңызды. Өйткені жастар – нақты өзгерістердің қозғаушы күші.
Кәмшат ТӨЛЕГЕНОВА,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 2-курс студенті