• RUB:
    6.52
  • USD:
    512.44
  • EUR:
    593.15
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 14:15

Вандализм немесе агрессия анатомиясы

40 рет
көрсетілді

Қоғамдық тәртіпті тәлкек етіп, мәдени кеңістікке  кесір тигізетін  вандализм атаулы дерт бүгінде дүние жүзі елдерінің күн тәртібіндегі маңызды мәселеге айналып отыр. Бүлікшіл пиғылдан бастау алатын мұндай әрекеттер, бір қарағанда, тек қабырғаға салынған қисынсыз сурет немесе бүлінген мүлік болып көрінуі мүмкін. Алайда кез келген әлеуметтік әумесерліктің астарында, көбіне, жатсыну, наразылық, мәнсіздік сияқты күрмеуі қиын күрделі себептер жатады.

2001 жылдың көктемінде Ауғанстанның Бамиан аңғарында адамзат өркениетінің асыл мұрасы – екі алып Будда мүсіні жермен-жексен етілді. Талибан режімі VI ғасырда тастан қашалып жасалған биіктігі 38 және 55 метрлік ескерткішті динамитпен жарып жіберді. Сойылқұмар содырлар жәдігерлерді шариғат шарғысына қарсы деп түсіндірді. Алайда бұл саяси-идеологиялық демонстрация, діни фанатизмнің көрінісі әрі әлемдік қауымдастыққа бағытталған қасақана құқайдан басқа ештеңе емес еді. ЮНЕСКО бұл әрекетті «мәдени вандализм» және «рухани геноцид» деп айыптағанмен, ескерткіштің опырайған олқысын оңдай алмады. Осылайша тарихи жәдігердің он бес ғасырлық шежіресі үзіліп тынды. Мұндай сорақы қадам – кездейсоқ әрекет емес, жүйелі түрде бағытталған идеологиялық және деструктивті агрессияның көрінісі.

Бұл дүние 2022 жылғы «Қаңтар оқиғасының» мотивімен де бек үндеседі. Радикалды күштер қоғамдық нысандардан бөлек, Алматыдағы бес бірдей телеарнаға шабуыл жасады. Ең ауыры, ұлттық тележурналистиканың ұлық ұстыны саналатын «Qazaqstan» телеарнасының жылдар бойы жинаған мұрағаттық жазбаларының аса құнды, түпнұсқадағы аудио-бейне қорының біраз бөлігі жойылып кетті. Ақылмен аңдасақ, Будда ескерткішін жару, тарихи таспаларды талқандау секілді бүліктер – деструктивті ниеттен туындап, саяси мүддені көздеген өзара мазмұндас қылмыстық әрекет екенін түсінеміз.

Осындай қасіреттің қайталанбауы үшін қоғамда төзімділік пен түсіністікке негізделген мәдени сана қалыптастыру аса маңызды. Тыныштық пен татулық – жай ұран емес, өркениетті елдің өрісін кеңейтетін басты құндылықтар. Әртүрлі көзқарастар мен пікірлер тоғысатын көп үнді заманда толеранттылыққа басымдық беру – агрессия мен арандатушылықтың алдын алудың ең тиімді жолы. Байыпты көзқарас пен парасатты мәміле – кез келген жанжалға қарсы тұра алатын мықты қалқан.

Вандализм – адамның ішкі күйзелісі мен мағынасыздықтан туған күйреуінің сыртқы белгісі. Неміс философы әрі әлеуметтанушысы Эрих Фромм өзінің «Адамның деструктивтілік анатомиясы» атты еңбегінде бұл мәселенің мәнісін әріден іздейді. «Өмірі өзіне тым жайбарақат көрінгенде, адам оған бір драма қосқысы келеді. Егер тіршіліктен шынайы мән таба алмаса, ішкі бос кеңістікті өзі ойлап тапқан жасанды қиындықпен, бұзақылықпен, бірдеңені қиратумен толтырғысы келеді. Сол арқылы өзінің тірі екенін, болмыс ретінде бар екенін сезінгісі келеді», дейді ғалым.

Сондықтан жетесіз сана мен жетімсіз тәрбиенің ырқымен жасалған вандализмнің ілкі себебі рухани кемтарлықтан туындайтын аңғарып отырмыз. «Келдім қайдан? Қайтсем пайдам? Өлгеннен соң не болам?» деген Шәкәрім сауалына жауап таппай дағдарған ХХІ ғасырдың адамы сәйкесінше айналасына да немқұрайлы көзқараста. Бұл француз философы Альбер Камюдің «Бөгде» повесіндегі Мерсоның болмысын еске түсіреді. Алжирде тұратын, француз отарындағы кеңсе қызметкері – сезімдерін ашық білдірмейтін, өмірді бейжай ұғатын адам. Повестің басында Мерсо анасының өліміне де салқынқанды қарайды. «Бүгін анам қайтыс болды. Әлде кеше ме, білмеймін...», дейді ол. Тіпті бір арабты өлтіріп қойғаны үшін өлім жазасына кесілсе де, ол өзінің «кінәсін» терең сезінбейді. Салдарымен қанша күрессе де, жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай қаптайтын вандализм әрекеттерінің шығу төркіні осыған саяды.

Өзін қоғам алдында, адам алдында жауапты сезінбеген кей жандардың кесірінен табиғатымыздың таңғажайып байлықтары көзге оғаш, көңілге қораш қалыпта тұр. Сондықтан Мемелекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселеге ерекше назар аударып отыр. Ол Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда вандализмді әлеуметтік кесел деп атап, оның оңтайлы шешімін тез арада табуды тапсырған еді.

Бұған дейін қабырғаға жазу қалдыратындар өзінше бір ой айтқысы келетін жандар екенін атап өттік. Астана қаласы мұндай шығармашыл жандарға оңтайлы шешім ұсынып келеді. Мәселен, былтырғы жылдан бастап елордада «Astana Graffiti» фестивалі өз жұмысын бастады. Онда кәсіби және әуесқой граффити суретшілеріне арнаулы қабырғалар құрастырылып, байқау жарияланады. Ұйымдастырушылар фестивальді жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр. Бұл бастама арқылы жастар заңды түрде өз өнерін көрсете алатын мүмкіндікке ие болады. Ең бастысы – мұндай шығармашылық алаңдар қоғаммен мәдени диалог орнатуға жол ашты. Әр сурет әділ бағаланып, фестиваль шынайы өнер бәсекесіне айналды. Бұл – вандализмнің орнына шығармашылықты ұсынудың озық үлгісі. Елордада басталған бұл үрдіс өзге қалаларға да үлгі болса игі.

Сонымен вандализмнің табиғатын біржақты түсіндіру мүмкін емес. Ол кей жағдайда қылмыстық ниетпен жасалса, кейде ішкі күйзеліс пен әлеуметтік оқшауланудың белгісі болуы мүмкін. Сондықтан бұл құбылысқа тек жазалау тетіктері арқылы емес, қоғамдағы психологиялық, философиялық, мәдени және тәрбиелік факторларды ескере отырып, кешенді көзқараспен қарау қажет. Мәселенің түп-тамырын ұғыну – оның салдарымен күресуден маңызды. Жастар арасында рухани құндылықтарды насихаттау, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, шығармашылық әлеуетін ашуға жағдай жасау – деструктивті мінез-құлықтың алдын алуға ықпал етеді.