• RUB:
    6.44
  • USD:
    511.92
  • EUR:
    588.91
Басты сайтқа өту
Саясат Кеше

Қазақстан ТүркПА-ға төрағалық етеді

70 рет
көрсетілді

Астанада Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығы­мен «ТURKTIME: парламенттік дипломатияның рөлі» тақырыбына арналған Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) ХIV жалпы отырысы өтті.

Жиынға Қазақстан Пар­ламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Әзербайжан Республикасы Милли Мәжілісі­нің төрағасы Сагиба Гафарова, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Нурланбек Тургунбек уулу, Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісінің спикері Нуман Куртулмуш, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің Заң шығарушы палатасының спикері Нуриддин Исмоилов және Солтүстік Кипр Түрік Рес­пуб­ликасы Мәжілісінің төрағасы Зия Өзтүрклер, сондай-ақ депу­тат­тар мен Түркі ынтымақ­тас­ты­ғы аясындағы ұйымдар­дың және басқа да халықаралық бірлес­тіктердің жетекшілері қатысты.

Алдымен тараптар Ассамблея Кеңесінің отырысында бас қосып, Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің төрағасы Сагиба Гафарова ТүркПА-ға Әзер­бай­жанның төрағалық еткен кезең­де атқарылған жұ­мысты қо­рытын­дылады. Содан соң Әзер­байжан тарапы төр­ағалық тізгінді Қазақстан Республикасына тапсырды.

Кеңесте ұйымға мүше парламенттер хатшылықтың өткен жылғы қызметі туралы есебін қарап, алдағы кезеңге жоспарларын айқындады. Одан әрі тал­қылау ТүркПА-ның жалпы оты­рысында жалғасты. Жиынды ашқан Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов түркі мемлекеттерін бүгінде терең тарихи тамыры ғана емес, сонымен қатар мемлекет басшылары ара­сындағы берік достық, ортақ мүд­делер мен мығым мәдени байланыс біріктіріп отырғанын атап өтті.

– Қазір түркі жұртының көші ілгері. Өзара татулық пен түсіністіктің арқасында елдері­міз өркендеп келеді. Бұл – ең әуелі біздің мемлекеттеріміздің басшылары жүргізіп отырған байыпты саясаттың нәтижесі. Президенттеріміз түркі интеграциясы бағытында орасан жұмыс атқарып жатыр. Әлемдегі геосаяси ахуал мың құбылып тұрғанына қарамастан, түркі елдері өсу мен өрлеудің құбыласынан, дамудың даңғыл жолынан жаңылған жоқ, – деді палата спикері.

Бүгінгі отырыс «ТURKTIME: парламенттік дипломатияның рөлі» тақырыбына арналды. Ерлан Қошанов қазіргі аумалы-төкпелі заманда парламенттік диалог пен дипломатияға зор жауапкершілік жүктеліп отырғанына баса мән берді.

– Жаңа ғасырда парламенттік дипломатияның халықаралық қатынастардағы мәні арта түсті. Түркі дүниесінде де парламенттік дипломатия интеграцияның ажырамас бөлігіне айналды. Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, ТүркПА-ның рөлі ерекше. Ұйымымыз заңнамаларды үйлестіретін институционалдық алаң ретінде толық қалыптасты. Осы орайда парламенттер арасындағы ық­палдастық сенім мен тұрақ­тылықтың берік тірегі деуге болады, – деді Е. Қошанов.

Сонымен қатар Мәжіліс спикері ТүркПА-ның қызметіне жеке тоқталып, парламенттік дипломатия арқылы халықаралық парламенттік ұйымдармен өзара ықпалдастықты күшейту, түркі елдерінің мүддесін алға тартып, басқа да форумдарда өкілдік ету, бар­шаға ортақ түркі мәдени мұр­а­сын, дәстүрлер мен тілдерді сақ­тау­ға ба­ғытталған бастамаларды ілгері­лету және тәжірибе алмасу, тың идеяларды ортаға салу мақсатымен бірлескен парламенттік форумдар өткізу мәселесіне де назар аударды.

Сонымен қатар Ерлан Қошанов түркі парламенттерінің мақсат-міндеттері бұдан да ауқымды екенін айтты.

– Біздің парламенттеріміз де елдеріміздің ынтымағын терең­детуге күш салып отыр. Аманат арқалаған депутат ретінде халықтарымыз­дың ниеті мен арман-мұратын жақсы білеміз. Әрине, ең әуелгі мақсатымыз – көшбасшыларымызға тірек бола отырып, тағдыршешті шешім­дерді заңнамалық тұрғыда қолдау. Дегенмен Парламент – заң қабылдайтын институт қана емес, ұлттарымызды ұйыстыратын, елдерімізді жақындастыратын, заңнамаларымызды үндестіретін алтын көпір. Біздің басты әрі тарихи миссиямыз осы деп ойлаймын, – деді палата спикері.

Отырыста Түркі мемлекеттері парламенттерінің төрағалары мен байқаушылары және түркі ынтымақтастығы ұйымдарының жетекшілері сөз сөйледі.

Сондай-ақ күн тәртібіне Қазақстан төрағалық ететін ке­зеңде бірқатар ұйымдастыру­шылық мәселе енгізілді. Ассамб­леяның Бас хатшысы болып Әзербайжан Парламентінің депутаты Рамиль Хасан сайланды.

Сонымен қатар Ассамблеяда Құқық­тық мәселелер және халық­аралық қатынастар, Білім, мәдениет, әлеуметтік және гума­нитарлық мәселелер, Экономи­калық ынтымақтастық туралы және Қоршаған орта, табиғи ресурстар және денсаулық сақтау жөніндегі комиссиялардың есебі мен ұсынымдары қабылданды.

Бұған қоса жалпы отырыста «ТүркПА-ға мүше мемлекеттерде тұруға рұқсат беруді жеңілдету туралы», «Мұғалімнің мәртебесі туралы», «Экономикалық қызмет­тегі таза энергия туралы», «Халық­қа экологиялық білім беру және ағарту туралы» модельдік заң жобаларын қабылдады. Сондай-ақ пленарлық отырыс аясында парламентші әйелдер мен жас парламентшілер тобының жиындары өтті.

Жалпы отырыста ТүркПа-ның келесі XV басқосуын Қырғыз Республикасында өткізу туралы шешім шығарылып, Астана декларациясы қабылданды.

Соңында ТҮРКПА-ға мүше мемлекеттердің парламенттік делегацияларының басшылары мен ТҮРКПА-ның Бас хатшысы баспасөз брифингін өткізді.