Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтіп, сенаторлар тұрғын үй құрылысына, автомобиль жолдарына және мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау қызметтерін көрсетуге, азаматтық қорғау органдары қызметкерлері мен ерікті өрт сөндірушілерді әлеуметтік қолдау шараларын арттыруға қатысты маңызды заңдар топтамасын қарады.
Палата депутаттары алдымен «2009 жылғы 9 маусымдағы Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын құру туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын (ЕТДҚ) толыққанды дербес халықаралық ұйымға айналдыру траст-қорларды пайдалануға мүмкіндік береді. Осы ретте нақты жобаларды өтеусіз қаржыландыру мақсатымен нысаналы жарналардан қалыптастыру оның ерекшелігі екенін атап өткен жөн. Сондай-ақ ЕТДҚ-ға мүше елдер үшін неғұрлым заманауи модельдік аппараттарды қолдана отырып, жүйелі макроэкономикалық мониторинг және ЕТДҚ-ға қатысушы мемлекеттердегі макроэкономикалық ахуал мен перспективаларға бағалау жүргізу көзделген.
Отырыс барысында депутаттар бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, автомобиль жолдары және мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралып, мақұлданды. Оның негізгі мақсаты – тұрғын үйге қатысты жасалатын келісімдердің ашықтығы мен қауіпсіздігін арттыру, мүгедектігі бар адамдардың жүріп-тұру жағдайларын жақсарту және автожол саласын жаңғырту.
«Мақұлданған заң үлестік құрылыс саласында мемлекеттік реттеуді күшейтуді көздейді. Осы мақсатпен үлескерлердің құқықтарын қосымша қорғауды қамтамасыз ететін түзетулер топтамасы енгізілді. Заңда мүгедектігі бар адамдарды тасымалдауға қатысты қызметті оңтайландыруды көздейтін өзгерістер де бар. Сонымен қатар автомобиль жолдарын мемлекеттік басқарудың негіздерін жетілдіруге бағытталған ережелер қарастырылды. Жалпы, заң үлескерлерді сенімсіз құрылыс компанияларынан қорғауға, ерекше қажеттілігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және басқа да өзекті мәселелерді шешуге оң септігін тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
Нақты айтқанда, белгіленген міндеттерді іске асыру үшін салынып жатқан үйлерде тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды сатып алуға байланысты алдын ала шарттар жасасуға, сондай-ақ үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсатсыз жарнамалауға тыйым салынады. Бұған қоса салынып жатқан тұрғын үй нарығында үлескерлердің ақшасын тартудың заңдылығына қатысты жергілікті атқарушы органдардың мониторинг жүргізуі және үлестік құрылыс кезінде құрылыс жүргізушілерге қойылатын талаптарды төмендету көзделген. Әлеуметтік қызметтер порталы және мемлекеттік сатып алу арқылы инватаксиге қол жеткізуге, көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылауды күшейтуге арналған түзетулер де енгізілді.
Сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды да екі оқылымда қарап, мақұлдады. Оның негізгі ережелерінің қатарында азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің мәртебесін бекіту, әлеуметтік жағдайын арттыру, сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сейсмологиялық бақылау желісін және ерте хабарлау жүйесін кеңейту әрі жаңғырту бағыттарын қамтитын нормалар бар.
«Мақұлданған заң азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін одан әрі жетілдіруге арналған ауқымды түзетулер топтамасын қамтиды. Атап айтқанда, төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған нормалар бар. Түзетулер аясында жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды азайту үшін құрылатын республикалық жедел штабтың қызметі де белгіленді. Сондай-ақ өзгерістер азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуын күшейтуге негіз болады. Заңда электр энергиясын өндіру секторының инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз етуді және мемлекеттік мүлікті басқару жүйесін жетілдіруді көздейтін нормалар да қарастырылған», деді спикер.
Осы орайда енді өрттің алдын алуға және сөндіруге байланысты іс-шараларға ерікті өрт сөндіруші ретінде қатысуға жұмылдырылған қызметкерлердің еңбек кепілдіктері сақталатынын да атап өткен жөн.
Сонымен қатар палата отырысында «Нысаналы капитал қорлары және эндаумент-қорлар (нысаналы капиталдар) туралы» заң және оған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нысаналы капитал қорларының және эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) қызметі, сондай-ақ Арал маңының қазақстандық бөлігінің экологиялық қолайсыз аумағы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң да екі оқылымда қаралды. Ондағы нормалар нысаналы капитал қорлары мен эндаумент-қорлардың қызметін реттейтін құқықтық негіз қалыптастырады. Қордың білім беру, ғылым, инновациялық қызмет және бұқаралық спорт салаларында қолдау көрсететін мақсаттары мен міндеттері де айқындалды. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету және халықты әлеуметтік қорғау бағыттары да басты назарда болады. Талқылау нәтижесінде депутаттар заңдарды мақұлдады.