«Самұрық-Қазына» қоры 2024 жылдың қорытындысы бойынша ірі жобаларды іске асырып, қаржылық және әлеуметтік көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартты. Қор мемлекетке 3,4 трлн теңге аударып, республикалық бюджет кірісінің 17%-ын қамтамасыз етті. Сонымен қатар инфрақұрылым, отандық өндіріс және әлеуметтік қолдау бағытында ауқымды жұмыс атқарылды.
Қаржылық, өндірістік көрсеткіш тұрақты
Астанада өткен баспасөз брифингінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 2024 жылдың аралық қорытындыларын жария етті. Қор басшысы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, «Самұрық-Қазынаның» негізгі қаржылық әрі өндірістік көрсеткіштері тұрақты. 2021–2024 жылдар аралығында табыс орта есеппен 12%-ға, EBITDA көрсеткіші 7%-ға, ал таза пайдасы 13%-ға артқан.
– 2021 жылдан бері активтердің орташа жылдық өсімі 11%-ды құрап, 2024 жылдың соңында 41 трлн теңгеге жетті. Бұл нәтижелер стратегиялық басқарудың тиімділігін, қатаң қаржылық тәртіпті әрі инвестициялық жобалардың бірізді жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді. Әлемдік нарықтағы тұрақсыздық пен мұнай бағасының төмендеуі жағдайында мұндай көрсеткіштер – стратегиялық басқару тиімділігінің дәлелі. 2024 жылдың қорытындысы бойынша қор тобының таза пайдасы 2,4 трлн теңгеге жетіп, 2023 жылғы көрсеткіштен 39%-ға жоғары болды. Сонымен қатар активтердің орташа жылдық өсімі 11%-ды құрап, жалпы активтер көлемі 41 трлн теңгеге дейін өсті, – дейді Н.Жақыпов.
Мемлекетке бағытталған төлемдер көлемі де артып отыр. «Самұрық-Қазына» мемлекет қазынасына тікелей салық түрінде жыл сайын шамамен 2 трлн теңге аударады. Бұдан бөлек, қосымша 1,355 трлн теңге көлемінде қаражат берген. Оның 737 млрд теңгесі дивиденд ретінде республикалық бюджетке, 568 млрд теңгесі әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға, 50 млрд теңгесі «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына түскен. Осылайша, 2024 жылы қордың жалпы төлемдері республикалық бюджет кірісінің 17%-ын құрады. Бұл көрсеткіш портфельдік компаниялардан түскен дивидендтерден 6 есе артық.
Сынға сындарлы көзбен қарайды
Қордың сатып алу жүйесіне қатысты жиі айтылатын сындарға да жауап берілді. Нұрлан Жақыповтың айтуынша, «бір көзден сатып алулар» (БКС) деген түсінік жиі бұрмаланып келеді.
– 2024 жылы жалпы сатып алулар көлемі 3,6 трлн теңге болған. Десе де оның ішінде холдинг ішіндегі сатып алулар 56% болған. Төтенше жағдайлар мен табиғи монополиялардан алынатын өнімдер 32%-ды құраған. Сонда шынайы БКС көлемі – небәрі 255 млрд теңге. Ол жалпы сатып алулар көлемінің 7%-ын ғана құрайды. Мысалы, мұнай-газ саласында барлау, тасымалдау, сақтау сынды операциялар қордың өз ішіндегі компаниялар арқылы жүргізіледі, бұл – қауіпсіздік пен технологиялық үйлесімділік үшін маңызды. Ал қор жүзеге асырып жатқан инвестициялық жобалар ел экономикасының түрлі саласын қамтиды, – дейді ол.
Байқап қарасақ, 2023 жылдан бері жалпы құны 2,2 трлн теңге болатын 25 ірі жоба іске қосылыпты. Олардың қатарында Атырау мен Маңғыстау облыстарындағы су тапшылығын шешуге бағытталған Астрахан-Маңғышлақ су құбыры мен Кендірлідегі су тұщыту зауыты бар екен. Caspi Bitum зауытының қуатын 1,5 есе арттыру, газбен қамту жүйесін кеңейту әрі «Бейнеу-Жаңаөзен» газ құбырының екінші желісін салу да бар. Бұдан бөлек, Алматыдағы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 стансаларын газға көшіруге қажетті инфрақұрылым іске қосылды. Елдің транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында Ақтау портында контейнерлік хаб, Алматыда логистикалық кешен, ал Қытайдың Сиань қаласында көлік-логистикалық терминал пайдалануға берілді. Энергетика секторында да ірі жобалар жүзеге асты. «Богатырь» көмір разрезінде жылына 40 млн тоннаға дейін көмір өндіруге мүмкіндік беретін жаңа технология енгізілді, ал Екібастұз 1-МАЭС стансасының 1-блогі қалпына келтіріліп, станса толық қуатпен жұмыс істей бастады.
Қордың ішкі жалпы өнімдегі үлесі – 7,5%
Қордың ішкі жалпы өнімдегі үлесіне қатысты да нақты түсініктеме берілді. Нұрлан Жақыповтың айтуынша, қор экономикада «үстемдік» етеді деген қате түсінік қалыптасқан. Оны ол жоққа шығарды.
– Ішкі жалпы өнімге табысымыздың барлығы қосылмайды, тек экономикаға нақты өзіміз қосатын үлес, яғни, қосылған құн ғана есептеледі. 2024 жылы қордың жиынтық табысы 16,4 трлн теңге болды. Бірақ бұл сомадан біз жеткізушілерге тауарлар, жұмыстар мен қызметтер үшін ақы төлейміз, демек олардың сомасы жалпы өнімге кірмейді. Нақты есептеулерге сүйенсек, былтыр «Самұрық-Қазына» жасаған таза қосылған құн 10 трлн теңге. Бұл елдің ішкі жалпы өнімінің 7,5%-ына тең. Салыстыру үшін, шағын және орта бизнестің үлесіне қарап көрейік. Ол – 38%. Алайда қордың мемлекетке жасайтын төлемдері бюджет кірісінің 17%-ын алады. Демек экономикадағы маңызын көрсеткенімен, нарықты монополиялап алғанын білдірмейді. Керісінше, ірі инфрақұрылымдық жобалар арқылы қор шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп отыр, – дейді Қор басшысы.
Отандық тауар өндірушілермен жұмыс та белсенді жүргізіліп келеді. 2024 жылы қор тобының компаниялары 1,1 трлн теңгеден астам сомаға отандық өндірушілермен келісімшарт жасасты. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 7 есе көп. Ал биыл көрсеткішті тағы 25%-ға арттыру жоспарланған. Қолданыстағы сатып алу ережелері отандық өндірушілерге сөзсіз басымдық беруді қамтамасыз етеді. Мемлекеттік және реттелетін сатып алуларға қатысты 16-дан астам бірегей шара енгізілген.
Жекешелендіру бағытында да маңызды нәтиже бар. Кейінгі екі жылда KEGOC компаниясының SPO-сы мен Air Astana компаниясының IPO-сы сәтті өтті. Бұдан бөлек, Qazaq Air және Tele2 брендін ұсынатын «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясы стратегиялық инвесторларға сатылды. Шаралар тек мемлекет үлесін азайтып қоймай, нарықтағы бәсекелестікті арттыруға әрі корпоративтік басқарудың ашықтығын күшейтуге жол ашты.
700 мың отандасымызға көмек көрсетті
Қордың әлеуметтік жауапкершілік бағытындағы жұмысы да күшейе түсті. Былтыр жалпы сомасы 36,6 млрд теңгеге 41 әлеуметтік жоба жүзеге асырылған. Оның ішінде 22 млрд теңге су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі апат салдарын жоюға бағытталды. Елдің әр аймағында 45 оңалту орталығы, 14 спорт кешені, мектептерде 15 инклюзия кабинеті ашылды. Сондай-ақ жұмысшы мамандықтары жылына орай «Samruk Umiti» және «Тәлімгер» жобалары іске қосылған. Атап айтқанда, жоба 2025 жылы оқуын аяқтайтын 100 жетім бала мен балалар үйінің түлектерін жұмыспен қамтуға бағытталған. Ал «Samruk Umiti» кәсіби бағдарлау бағдарламасы Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарындағы балалар үйінен 8–9 сыныптардағы 100 оқушыны қамтиды.
Жалпы алғанда, «Самұрық-Қазына» қоры кейінгі жылдары ашықтықты арттыру, халыққа есеп беру және экономиканың нақты секторына серпін беру бағытында жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді. Қордың қаржылық және өндірістік көрсеткіштері тұрақты өсіп, мемлекет табысына үлес қосып отыр. Сонымен қатар инфрақұрылымдық жобалар арқылы өңірлік теңгерімді қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау бағдарламаларын кеңейту арқылы елдің әл-ауқатына нақты үлес қосуды жалғастырып келеді.
Осы орайда біз де көкейдегі сұрағымызды қойдық. Ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды дамытуға қанша қаражат бөлінетінін әрі қаражат қалай үлестірілетінін білгіміз келді. «Самұрық-Қазына» қорының Даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжан былай жауап берді:
«2020 жылдың соңында ғылыми әзірлемелерді нақты өндіріске енгізу мақсатында арнайы жүйе құрылған. Атап айтқанда, жер қойнауын пайдаланушылар «Қазатомөнеркәсіп», «QazaqGaz», «ҚазМұнайГаз», «Тау-Кен Самұрық» және басқа да портфельдік компаниялар өздерінің өндірістік шығындарының 1%-ын «Самғау» мекемесіне аударып отыруға тиіс. Бұл қаражат ғылыми жобаларды қаржыландыруға бағытталады. Қазір «Самғау» қорында 9,2 млрд теңге көлеміндегі қаражат есебінен 31 жоба мақұлданды. Жобалар қалай мақұлданады дегенге келсек, шешімді «Самұрық-Қазына» қоры жанындағы ғылыми-техникалық кеңес қабылдайды. Кеңес құрамына Энергетика министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, салалық сарапшылар мен басқа да құзырлы орган өкілдері кіреді. Осылайша, ғылыми жобалар мұқият сараланып, нақты салалық қажеттілікке сәйкес іріктеліп, жүйелі түрде жүзеге асырылады», – деді ол.
Инклюзия мен инвестиция – басты бағыт
«Самұрық-Қазына» қорының компаниялары тобында бүгінде 250 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олардың 190 мыңға жуығы өндіріс саласында еңбек етеді. Корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғановтың айтуынша, өндірістік қауіпсіздік пен қызметкерлердің денсаулығына баса назар аударылады.
– Кейінгі жеті жылда қолға алынған жүйелі шаралардың арқасында өндірістегі жазатайым оқиғалар саны 165-тен 94 жағдайға дейін, яғни 43%-ға азайған. Ал былтыр жарақаттану деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 22%-ға төмендеді. Қор корпоративтік басқарудың үздік халықаралық стандарттарын ұстанады. 2024 жылы корпоративтік басқару кодексіне маңызды өзгерістер енгізілді. Олар директорлар кеңесінің тәуелсіздігін күшейтуге, басқару процесінің ашықтығын арттыруға және қабылданатын шешімдердің сапасын жақсартуға бағытталған, – дейді директор.
Расында, адам капиталы маңызды. Қор қызметкерлерді іріктеу мен бос жұмыс орындарын ұсыну үдерісін «QSamruk» бірыңғай цифрлық платформасы арқылы жүзеге асырады. Платформада қазір 270 мыңнан астам жұмыс іздеуші мен 500-ден астам жұмыс беруші тіркелген. Ай сайын шамамен 2 мың жаңа вакансия жарияланады.
«Инклюзивті орта қалыптастыру да қордың басты назарында. Басқарма төрағасының тапсырмасымен компанияларда жұмыс істейтін мүгедектігі бар адамдар саны 3 мыңға жетті. Жалақыны өсіру ісінде дифференциалды әдіс қолданылып келеді. Өткен жылы өндірісте еңбек ететін 221 мыңнан астам адамның еңбекақысы 2%-дан 40%-ға дейін өсті. Қазір қор компанияларында 8 мыңдай әйел жұмыс істейді. Әйелдердің жоғары басшылықтағы үлесі – 17%. Көрсеткішті 2030 жылға дейін 30%-ға жеткізу көзделіп отыр. Еңбек қатынастарын реттеу – тағы бір маңызды бағыт. Ақсақалдар кеңесі мен келісім комиссияларының жүйелі жұмысының арқасында 2023 жылы 154 ұжымдық наразылықтың алдын алдық», – деді Ғибрат Ауғанов.