2025 жылы қаңтар мен сәуір аралығында негізгі капиталға салынған инвестиция 4,4 трлн теңгеге жетті. Сөйтіп, жылдық мәнде 13,7%-ға ұлғайды. Дегенмен мұндай әсерлі өсім негізінен өткен жылғы төмен базаның әсерімен, сондай-ақ экономиканың бюджеттік секторларына күрделі салымдардың айтарлықтай артуымен байланысты. Бұл ретте негізгі өндіріс салаларында не қалыпты өсу қарқыны, не инвестиция көлемінің төмендеуі байқалды.
Өндіруші сектордың құлдырауы аясында өңдеу өнеркәсібі оң динамика көрсетті: есепті кезеңде инвестиция көлемі 34,3%-ға өсті.
Қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтің айтуынша, бюджет қаржысына деген шамадан тыс бейімделушілік жағдайды оң бағытқа қарай бұрмайды. Яғни нарық қатысушыларының өз беттерінше ұзақмерзімді жеке капиталды тартуға қатысты ынтасын төмендетіп жіберуі ықтимал. Сондай-ақ қатысушылардың ықыласы кеміп, инновациялық белсенділігі де төмендейді.
«Сонымен қатар қатаң ақша-несие саясаты және жоғары пайыздық мөлшерлемелер жағдайында жеке қарыз алу мүмкіндіктері шектеулі болып қалады. Бұл өз кезегінде қаржыландыру құрылымындағы теңсіздікті тудырады. Қысқа мерзімдік бағдармен, жоғары инфляциямен және экономикалық факторлардың күшті құбылмалылығымен сипатталатын қазіргі макроэкономикалық жағдайда инвестициялық белсенділік шектелген күйінде қалып отыр. Жоспарлау көкжиектері тарылып, сыртқы және ішкі тәуекелдер жоғары деңгейде болғанда бизнеске стратегиялық жоспарларды құрастыру қиын. Мұндай ортада ұзақмерзімді инвестициялау мәселесі үлкен белгісіздікке ұрынады. Салдарынан компаниялардың өз ресурсын өндіріс ауқымын кеңейтуге, технологияны жаңартуға және жаңа нарықтарды игеруге қаржы бағыттауға қатысты дайындығы да төмендеп кетеді», дейді сарапшы.
Андрей Чеботаревтің пікірінше, өсудің қазіргі моделін қалыптастыруда мемлекеттік қолдау ерекше рөл атқарады, ол ауқымы мен қамтылуына қарамастан табиғаты тұрғысынан уақытша және компенсациялық сипатта болады.
«Экономикалық агенттердің көпшілігі іскерлік белсенділіктің қазіргі кеңеюі көбіне экономиканың ішкі тұрақтылығынан гөрі фискалдық ынталандыруға байланысты екенін жақсы түсініп отыр. Бұл тұрақты бизнес үлгілерін құрудың орнына қысқамерзімді пайда табуға бағытталған мінез-құлықты қалыптастырады», дейді қаржыгер.