Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Семей қаласында «Еңбекші жастар – 2025» фестивалі өтті. Фестиваль мақсаты – студенттерге еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды насихаттау, жастарды техникалық мамандықтарға баулу.
Қалалық «Шығыс жастары» қоғамдық қоры ұйымдастырған фестивальге шаһардың ірі өнеркәсіп орындарының мамандары қатысып, жастарға бос жұмыс орындарын ұсынды. Сонымен бірге оларға өндірістік тәжірибе мен жұмысқа орналасу жайында ақпарат берілді.
– Фестивальге 16 ірі зауыт қатысты. Негізі, 20 деп жоспарлағанбыз. «Казполгираф», «Qazaq-Astyq Group» сынды Семейдегі ауқымды зауыттардың бәрі тартылған, – дейді «Шығыс жастары» қоғамдық қорының атқарушы директоры Әліби Әбдураимов.
Абай облысының Еңбек мобильділігі орталығы да фестивальге белсене қатысып, өңірдегі еңбек нарығының ахуалы, сұранысқа ие мамандықтар туралы талдау жүргізіп, 300-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Сонымен қатар қала әкімінің орынбасары Қуаныш Әбілдаев шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген еңбекші жастарға алғысхаттар табыстап, олардың еңбегіне лайықты баға берді. Білікті қызметкерлер арасында құрылысшылар, коммуналдық кәсіпорын мамандары, теміржолшылар, электр шеберлері, цех жұмысшылары да бар.
– Жастардың еңбекке деген ықыласы, кәсіби шыңдалуға ұмтылысы – қала дамуының кепілі. Бүгінгі фестиваль – жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам, – деп санайды Қ.Әбілдаев.
Еңбек фестиваліне қатысқан техникалық колледждің түлегі Абайбек Иманов жәрмеңке барысында өндірістік кәсіпорынмен алдын ала келісім жасап, тәжірибеден өтуге мүмкіндік алды.
– Мен электрмеханик мамандығы бойынша оқыдым. Қазір автоматтандырылған станоктар мен құрылғылар көп, солармен жұмыс істей аламын. Бүгінгі жәрмеңкеде бір кәсіпорын өкілдерімен сөйлесіп, алдағы айда тәжірибеден өтуге келісім жасастым. Қабілет-қарымымды көрсете алсам, жұмысқа қабылдауға дайын екенін айтты, – дейді ол.
Мамандықтар жәрмеңкесі концерттік бағдарламаға ұласты. Осылайша, жұмыс іздеуші жастар мен білім алушылар жәрмеңкеде түрлі жұмыс орнымен танысып, жұмыс берушілермен тікелей әңгімелесті. Қысқасы,еңбек фестивалі талай жастың қанат жаюына сеп болады деген сенімдеміз.
Абай облысы