Астана қаласында Қазақстанның Халық ақыны, қоғам қайраткері Қонысбай Әбіл 2012–2022 жылдары тұрған үйге ескерткіш-тақта қойылды.
Салтанатты рәсімге Парламент Мәжілісі мен Астана қаласы мәслихатының депутаттары, белгілі қаламгерлер Төлен Әбдік, Серік Тұрғынбекұлы, Өріс Яшүкірқызы, Камал Әлпейісова, ақынның отбасы мен шәкірттері қатысты.
Алқалы жиынды ашқан Жазушылар одағы Астана филиалының басшысы Бауыржан Бабажанұлы Қонысбай Әбіл қазақ әдебиетінің қазынасын, оның ішінде айтыс өнерін барынша байытып кеткенін, сондай-ақ Астанада ұлт мәдениетінің дамуына қосқан үлесінің өлшеусіз екенін атап өтті.
«Қонысбай Әбілдің ұйымдастыруымен Астана қаласында республикалық деңгейде 10 рет ақындар айтысы өткізілді. Жас ұрпақты халық ертегілері кейіпкерлері рухында тәрбиелеу мақсатында «Тазша бала» байқауы қолға алынып, ел ішіндегі көптеген таланттың танылуына жол ашылды», деді Бауыржан Бабажанұлы.
Сондай-ақ Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Төлен Әбдік бүгінгі іс-шара елорданың рухани әлемі мен қазақ қоғамындағы үлкен оқиға екенін айтты. Ұлт руханиятын биікке көтерген біртуар азаматтың кісілік келбеті мен тұлғалық қасиетіне тоқталды.
Парламент Мәжілісінің депутаты, айтыскер ақын Аманжол Әлтаев, Астана қаласы мәслихатының депутаты Қанат Естек сөз сөйлеп, естелік айтты. Ақынның туыстары атынан сөз алған Ақторта Іскендірқызы Астана қаласы әкімдігіне, қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына алғысын жеткізді.
Ескерткіш-тақтаны жазушы Төлен Әбдік пен ақынның апасы Ақторта Іскендірқызы ашты.
Айта кетейік, Қонысбай Әбіл елордада Тілдерді дамыту басқармасын ашып, ана тілімізді өркендету бағытында бел шеше еңбек етті. Сол кездегі Астана қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Мұхамеджановтың басшылығымен басқарма жанынан «Руханият» мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту орталығы ашылып, онда өзге ұлт өкілдері арнайы даярлықтан өтті. Сол секілді Наурыз мейрамын халықтық мереке ретінде тойлау, Тіл фестивалін қалыптастыру, Абай ескерткіші жанында «Поэзия сағатын» ұйымдастыру, елордада тұратын қаламгерлермен кездесулер өткізу дәстүрге айналды.
Осы ескерткіш-тақтаның елорда төрінде ашылуы халық ақынына арналған игі істердің бастауы болары анық.