Қарағанды облысы, Осакаров ауданының Родников ауылдық округінде Eurasia Invest компаниясы 6000 сиырға арналған заманауи сүт-тауар фермасын салып жатыр. Ферманың қуаты – жылына 70 мың тонна сүт өндіруге жетеді. Оның іске қосылуы 180 жаңа жұмыс орнын қамтамасыз етеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Евразия Инвест LTD» ЖШС құрылтайшысы Иван Георгиади жобаның кезең-кезеңімен іске асырылатынын, бірінші кезек биыл іске қосылатынын айтады.
– Голштин-фриз тұқымды сиырлардың бірінші партиясы сатып алынды. Жем-шөп базасы меншікті болады. Биылғы маусымда мың гектарға жуық жүгері мен жоңышқа егілді. Ауыл шаруашылығында біз үшінші жыл жұмыс істеп келеміз. Бірінші жылы танысу болды. Техника сатып алдық, бізде жабдықтарымыз ең заманауи. Екінші жылы суарумен айналыса бастадық. Жеңілдікті несиелендіруге өтініммен шықтық. Бізді қолдады. Ел мен облыс басшылығына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтқым келеді, – дейді Иван Георгиади.
Кәсіпорын суармалы жерлерінің аумағын 10 мың гектарға дейін ұлғайтады. Жоба бойынша 120 жаңбырлатып суаратын машина орнатылады. Бұл өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, 12 мың тоннаға арналған көкөніс қоймасы салынады.
Қарағанды облысы