• RUB:
    6.41
  • USD:
    511.77
  • EUR:
    593.19
Басты сайтқа өту
Тұлға 11 Маусым, 2025

Халық ақыны Қонысбай Әбіл тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

180 рет
көрсетілді

Астанада Қазақстанның Халық ақыны, белгілі қоғам қайраткері Қонысбай Әбіл 2012-2022 жылдары тұрған Достық даңғылы, 13-үйде ескерткіш тақта ашылды, деп жазады Egemen.kz. 

Салтанатты рәсімге Парламент Мәжілісі мен Астана қаласы мәслихатының депутаттары, белгілі қаламгерлер Төлен Әбдік, Серік Тұрғынбекұлы, Өріс Яшүкірқызы, Камал Әлпейісова, ақынның отбасы мен шәкірт­тері қатысты.

Жиынды ашқан Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры, ақын Бауыржан Бабажанұлы Қонысбай Әбіл қазақ әдебиетінің қазынасын, оның ішінде айтыс өнерін барынша байытып кеткенін, сондай-ақ Астанада ұлт  мәдениетінің дамуына қосқан үлесінің өлшеусіз екенін атап өтті.

«Қонысбай Әбілдің ұйымдастыруымен Астана қаласында республикалық деңгейде 10 рет ақындар айтысы өткізілді. Жас ұрпақты халық ертегілері кейіпкерлері рухында тәрбиелеу мақсатында «Тазша бала» байқауы қолға алынып, ел ішіндегі көптеген таланттардың танылуына жол ашты»,  деді Бауыржан Бабажанұлы.

Алғашқы болып сөз алған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Төлен Әбдік бүгінгі іс-шара Астананың рухани әлемі мен қазақ қоғамындағы үлкен оқиға екенін айтты. Ұлт руханиятын биікке көтерген біртуар азаматтың кісілік келбеті мен тұлғалық қасиетіне тоқталды.

Сонымен бірге Парламент Мәжілісінің депутаты, айтыскер ақын Аманжол Әлтаев, Астана қаласы мәслихатының депутаты Қанат Естек сөз сөйлеп, естеліктер айтты. Ақынның туыстары атынан сөз алған Ақторта Іскендірқызы Астана қаласы әкімдігіне, қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына алғысын жеткізді.

Ескерткіш тақтаны жазушы Төлен Әбдік пен ақынның апасы Ақторта Іскендірқызы ашты.

Қонысбай Іскендірұлы Әбіл ұлт руханияты мен мәдениетіне елеулі еңбек сіңірген көрнекті қайраткер, сазгер, сатирик, журналист, Қазақстанның халық ақыны. Өлеңдері мен әндері халық арасында кеңінен таралған.

Қонысбай Әбіл елордада Тілдерді дамыту басқармасын ашып, ана тілімізді өркендету бағытында бел шеше еңбек етті. Сол кездегі Астана қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Мұхамеджановтың басшылығымен басқарма жанынан «Руханият» мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту орталығы ашылып, онда өзге ұлт өкілдері арнайы даярлықтан өтті.

Сол секілді Наурыз мейрамын халықтық мереке ретінде тойлау, Тіл фестивалін қалыптастыру, Абай ескерткіші жанында «Поэзия сағатын» ұйымдастыру, елордада тұратын қаламгерлермен кездесулер өткізу дәстүрге айналды.

Елорда төрінде «Әй-әй ақынға» ескерткіш тақтаның ашылуы халық ақынына арналған игі істердің бастауы болары анық.

Мұхарбек Жәкейұлы, журналист