• RUB:
    6.44
  • USD:
    507.8
  • EUR:
    580.82
Басты сайтқа өту
Елорда Кеше

Елордаға LRT вагондары келді

30 рет
көрсетілді

Астана жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасында жаңа кезеңге аяқ басты. Қалаға болашақ трамвай жүйесінің алғашқы вагондары жеткізіліп, көпшілікке ресми түрде таныстырылды.

Астана әкімдігінің Урбанистика орталығы жариялаған видеода Қы­тай­­дың Таншань қаласынан шыққан заманауи вагондардың Астанаға дейінгі ұзақ жолы бейнеленген. Жүк көліктерімен жеткізілген құрамдар елімізге 10 күнде 5300 шақырымдық жолды жүріп жетті.

«City Transportation Systems» компаниясының хабарлауынша, құрамның ұзындығы 60 метр. Олар толық автоматтандырылған басқару жүйесімен жабдықталған. Яғни қозғалыс, есіктерді ашу-жабу, стансаға тоқтау мен қозғалысты бақылау сияқты барлық операция­ компьютерлік жүйе арқылы жүзеге асады.

– Жүргізушісіз басқарылады, дегенмен бар­лық үдеріс опера­тор­лар­дың бақылауын­да болады, – дейді компания өкілдері.

Жаңа көлік 600-ден астам жолау­шыны тасымалдай алады. Мак­си­мал­ды жылдамдығы – 80 км/сағ, ал орташа жылдамдығы – 39,5 км/сағ. Салмағы – 94 тонна.

LRT жобасының алғашқы желісі 22,4 шақырымды қамтиды. Бағыт әуежайдан басталып, «Нұрлы жол» теміржол вокзалына дейін созылады. Жол бойында 18 станса орналасқан. Олардың қатарында EXPO, Abu Dhabi Plaza, Министрліктер үйі және Ұлттық музей сынды нысандар бар. Маршруттың толық ұзақтығын жүріп өту уақыты шамамен 36 минут болмақ.