Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Қандыағаш қаласының 35 жастағы тұрғыны өзін «блогермін» деп таныстырып, төрт азаматтан алдау жолымен он миллион теңгеден астам қаражатты иемденген, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ол өткен жылы бір танысын балабақшаға жұмысқа орналастыруға, екіншісіне жүргізушілік куәлік алып беруге, соңғыларына мемлекеттік сатып алу бойынша тендерлік жұмыстарды ұтып беруге уәде еткен.
«Блогердің» уәдесіне сенген таныстары оның қолына он млн теңгеден астам қаражатты ұстатқан. Уақыт өте келе берілген уәденің орындалмайтынына көздері жеткен жәбірленушілер Мұғалжар аудандық полиция бөлімшесіне арыз жазған. Қазіргі уақытта «жалған блогердің» үстінен Қылмыстық Кодекстің «алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалып, уақытша тергеу изоляторына қамалды.
Құқық қорғау органдары алаяқтың заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен басқа да азаматтардың жедел хабарласуын сұрайды. Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, күдіктінің он миллион теңгені қайда жұмсағаны тергеліп жатыр.
Ақтөбе облысы