Премьер-министр Олжас Бектенов Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ұйымына мүше елдер үкіметтері басшыларының кеңесінің отырысына қатысты.
Шағын және кеңейтілген құрамда сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, ауыр және жеңіл өнеркәсіп саласындағы өзара іс-қимыл, авиациялық қатынас, ұйымға мүше мемлекеттердің әуе қозғалысын ұйымдастыру мәселелері қаралды. Кеңес жұмысы аясында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның делегация басшыларымен ұжымдық кездесуі өтті.
Кеңес отырысында Олжас Бектенов Қазақстанның ұйымды одан әрі дамытуға әрі оның әлеуетін нығайтуға жәрдемдесуге ниетті екенін атап өтті.
«Ынтымақтастықтың қалыптасқан тетіктерінің, елдер көшбасшыларының саяси ерік-жігері мен үкіметтерінің күш-жігері нәтижесінде ТМД кеңістігінде орнықты даму мен дәйекті экономикалық өсу қамтамасыз етіліп келеді. Бұған өткен жылдың қорытындысы бойынша ТМД елдерінің жалпы ІЖӨ көлемінің 4,5%-ға артуы дәлел. Өзара сауда-саттық тұрақты өсіп келеді. Былтыр Қазақстанның ТМД елдерімен тауар айналымы 1,2%-ға өсіп, 37,3 млрд долларға жетті. Бұл көрсеткіштер экономикалық байланыстардың тұрақтылығын ғана емес, сонымен қатар біздің экономикаларымыз арасындағы өзара толықтырудың жоғары деңгейін көрсетеді», деп атап өтті О.Бектенов.
Жиында электронды сауда саласындағы өзара іс-қимылға назар аударылды. Қазақстанда өткен жылы e-commerce көлемі 6,2 млрд долларды құрады. ТМД-да электронды сауда әлеуетін толыққанды іске асыру үшін инфрақұрылымдық базаны дамыту, бизнесті қолдау, тұтыну құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру сынды кешенді тәсілдердің қажеттігі атап өтілді.
Көлік-транзиттік инфрақұрылым саласындағы ынтымақтастық шеңберінде Қазақстан аумағында іске асырылатын аса маңызды жобалар атап өтілді. Бұл – 2027 жылға қарай дәліздің өткізу қабілетін екі есеге арттыруға, Транскаспий халықаралық көлік бағыты негізгі буыны ретінде Трансқазақстандық теміржол дәлізін кеңейтуге, Астананы еліміздің батыс өңірлерімен және халықаралық бағыттармен байланыстыратын «Орталық – Батыс» күре жолын салуға бағытталған «Солтүстік – Оңтүстік» шығыс бағытын дамыту жөніндегі кешенді жол картасы. Аталған жобалар – Қазақстан Президентінің ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасын қалыптастыру жөніндегі бастамасын іске асыруда маңызды фактор.
Елдердің бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын стратегиялық сала – ауыр машина жасау. Қазақстанның ТМД елдерінің серіктестерімен ынтымақтастығын дамыту келешегі атап өтілді. Жеңіл өнеркәсіп саласында кооперацияны тереңдету, бірлескен өндірістік жобалар мен кластерлерді қолдау маңызды.
Цифрлық саладағы озық шешімдермен тәжірибе алмасу бойынша ынтымақтастықты нығайтуға баса назар аударылуда. Қазақстанда құрылып жатқан Alem AI халықаралық жасанды интеллект орталығы денсаулық сақтау, білім беру, мемлекеттік басқару, өнеркәсіп және тағы басқа салаларға ЖИ енгізуді жеделдетуге мүмкіндік береді. Мемлекеттердің уәкілетті құрылымдарының киберқауіпсіздік және трансұлттық сипаттағы алаяқтық әрекеттермен күрес саласындағы өзара іс-қимылын жандандыру қажеттігі атап өтілді.
Отырыс соңында ТМД мемлекеттері арасындағы ауыр машина жасау салаларын дамытудағы ынтымақтастық туралы келісім, Жеңіл өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты дамыту тұжырымдамасы, ТМД елдерінің әуе қозғалысын ұйымдастырудың ұлттық жүйелерін үйлестіру тұжырымдамасы, Халықтың денсаулығын сақтау саласындағы ынтымақтастық тұжырымдамасы сияқты және басқа да бірқатар құжатқа қол қойылды.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ұйымына мүше елдер үкіметтері басшылары кеңесінің келесі отырысы 2025 жылдың қыркүйек айында Минскіде өтеді.