• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Маман Бүгін, 11:10

Протездеудің шебері

40 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары жамбас сүйегінің үгілуі, тізедегі артроз секілді дерттер жас­та да, кәріде де кездесетін болды. Оны емдеудің жолы – эндопротездеу, яғни эн­доскопиялық тәсілмен операция жасап, науқастарға титаннан про­тез салу. Эндоскопиялық әдіспен протездеу облыстың екі ауруханасында жүргізіледі.

Өскемендегі №4 қалалық ауруханасы травмотология-ортопедия бөлімінің меңгерушісі Айдос Құнияров осындай операцияның нағыз шебері. Айдос Жұмабекұлы 2006 жылы Семей медициналық университетін тәмамдаған соң облыстық ауруханада жалпы хирургия бойынша интернатурадан өткен. Сол жылы Астанадағы Батпенов атындағы ғылыми зерттеу институтында «травматолог-ортопед» сертификатын алған. Сөйтіп, жас маман облыстық ауруханаға жұмысқа орнығып, он жыл табан аудармай еңбек етті. Тынбай тәжірибе жинақтап, көптің алғысына бөленді. Жыл сайын санаттылығы да артып отырды. Тәжірибесі толысып, білімі жетілген соң №4 қалалық ауруханаға бөлім меңгерушісі болып ауысты.

– Біздің бөлімде жоспарлы 20 төсектік орын бар. Жоспарлы деп отырғаным, мұнда ешкім аяқ асты түспейді. Арнайы тексерулерден өтіп барып, емделуге жатады. Міндетіміз – жамбас, тізе буынын эндопротездеу. Артроздың кезеңі үшінші, төртінші деңгейге өтіп кетсе, операция жасаймыз. Қазірде тізе патологиясына жиі операция жасалады. Оның өзі эндоскопиялық әдіспен кішкентай жерді ғана тіліп жүзеге асырылады. Бұл диагноз жас-кәріге қарамайды. Спортшыларда да кездеседі, – дейді А.Құнияров.

Мамандар осы кезеңге дейін тізе мен жамбасқа операция жасап, протездеп келсе, алдағы уақытта Түркия мемлекетіне барып, иық буынына операция жасау жөнінде санаттарын арттырады. Оқу ойдағыдай өтсе, Өскеменде иыққа да операция жасай бастайды. Бұған дейін иықты эндоскопиялық әдіспен протездеу операциясы Алматы, Астана сынды ірі қалаларда ғана жасалып келді.

– Жоғарыда айтқандай, бөлім жос­парлы болғандықтан, бізде сүйек салу, сыныққа операция жасау деген жоқ. Жамбас ұршығы қажалған, тізесі бас­тырмай қалған науқастарды есепке аламыз. Күніне бес-алты операция жасалады. Артроз деп отырғанымыз, тізедегі шеміршекті сүйектің тозуы. Ауырсыну байқалса, науқастар келіп кеңес алады. Мұндай жағдайдың себебі жарақаттың әсерінен болуы мүмкін. Артық салмақтың да кесірі тиеді. Генетикалық тұрғыдан да болады. Туа бітті артроздар да жоқ емес. Бұдан бөлек, жас ер адамдарда сан сүйектің басындағы бүтіндік бұзылып, формасы өзгереді. Бұл осептикалық некроз деп аталады. Ондайда адамды үнемі ауырсыну мазалайды. Оның емі – тек буын ауыстыру. Буынды ашып, сол жерге протез орнатылады. Біз он жылдан бері америкалық протез үлгісін қойып жүрміз, – деп, буын аурулары туралы аз-кем мәлімет берді Айдос Жұмабекұлы.

Дәрігердің айтуынша, протездер 15-25 жыл қызмет етеді. Тек науқастар дәрігердің сөзіне мұқият құлақ асуы керек. Мәселен, эндопротезден соң ауырсынса, медицина қызметкерлері адамның денсаулығын зерттеп, диагноз қояды. Көбінесе осептикалық тұрақсыздық болады. Яғни протезден соң да сүйектің кемігі жұмсарып, ауырсыну байқалады. Ондайда қайта операция жасап, орнына басқа протез салады. Екіншісі, септикалық тұрақсыздық. Яғни инфекция пайда болса да протез алынады. Талдау нәтижесіне қарай жұмсақ тіндер нашар болып іріңдесе, цемент пен антибиотик қосылып, уақытша протез жасалады. Алты айдан соң ғана қайта титан протез қойылады.

Эндопротездеу операциясы өте ауқымды болғандықтан, науқастар әуелі балдақпен жүреді. Бір апта дәрігерлердің бақылауында болады. Содан кейін оңалту орталығына жіберіледі. Екі айдан соң қосымша рентгенге түсіріп, қайта тексеріледі. Эндопротезден соң пациент салмақ қоспауға тиіс, инфекциялық ошақтан аулақ болуы шарт.

– Қазір тізедегі сіңірдің жыртылуы да жиі кездеседі. Бұрындары жыртылған бөлігін алып тастайтын. Есесіне, екі сүйек арасында артроз пайда болатын. Бүгінде жас науқастардың жыртылып кеткен буындық беткейдегі тізе сіңірін тігіп береміз, – дейді травматолог-ортопед.

Дәрігерлер шеміршектердегі қажалу пайда болып, артрозға алып келмеуі үшін эндоскипиялық түрде пластикалық байламдар да жасайды. Оның да нәтижесі жаман емес. Енді иық буыны потология­сын емдеу қолға алынса, нұр үстіне нұр болмақшы.

 

ӨСКЕМЕН 

Соңғы жаңалықтар