• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Абай Кеше

Абай тойына дайындық қалай?

40 рет
көрсетілді

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, күллі Алаштың көз тіккені – биылғы Абай тойы. Бұл көп тойдың бірі емес екені белгілі. Ұлы ақынның атын ардақтап, рухани мұрасын халқына дәріптеумен қатар хакімнің туған өңіріне тигізетін игі әсері көзделіп отыр. Сонымен, Абай елі той қамына қызу кірісіп кетті.

Бұл – тек Абай облысының ғана емес, еліміздің рухани өмірін­дегі маңызды оқиға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, Абайдың 180 жылдығы – халқымыздың рухани дамуы үшін аса маңызды мерейтой. Осыған орай, Абай ауданында бірқатар жаңа жоба іске асырылмақ. Қарауыл­дағы тарихи-мәдени нысандарды абаттандыру, жолдарды жөндеу, туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында біраз жұмыс қолға алынды. Тойға келетін турис­терге арналған қызмет сапасын жақсарту және Абай мұрасына негізделген жаңа экс­курсиялық бағыттар әзірлеу жоспарланып отыр. Аталған ауқымды істердің барысын пысықтау үшін облыс әкімі Берік Уәли Абай ауданында болып, атқарылып жатқан жұмыстармен таныс­ты. Әуелі Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» кесенелерінде болды.

«Абайдың «Жидебай-Бөрілі» музей қорығы Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарайды. Кешеннің өзі мен аумағына 2020 жылы ақынның 175 жылдығына орай ғылыми-рес­таврациялық және абаттандыру жұ­мыстары жүргізілген.

Қазір мұндағы амфитеатр мен кесененің төменгі бөлмелері жөндеуді қажет етеді. Облыс әкімі осы жерде министрлік өкілдерімен кездесіп, кесенеде жүргізілетін реставрациялық жұмыстардың уақтылы бітуін талқы­лады», дейді облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Тойдың негізгі қорытынды іс-ша­ралары Абай ауданындағы Қарауыл­төбеде өтетін болып отыр. Мерейтой ая­сында «Жеті қазына» ұлттық мәде­ниет, спорт және туризм фестивалі ұйым­дастырылмақ. Қарауылтөбе – үлкен дала сахнасы, ат жарысқа арналған шеңбер, 400-ге жуық адамға арналған көрермен орны дайындалу үстінде.

Аудан әкімі Мейіржан Смағұлов пен барлық басқарма басшылары, құқық қорғау органдары және ТЖД өкілдері өңір басшысына мерейтойға байланысты атқарылып жатқан жұмыстар тура­лы баяндады. Олардың айтуынша, Қарауылтөбеде киіз үйлер қалашығына су мен жарық тартылған. Кәсіпкерлерге арналған аумағы 2 500 шаршы метрлік сауда орыны дайындалып жатыр. Жаяу жүргіншілер жолы жөнделіп, қосымша жолдар салынады.

«Осыдан үш ай бұрын, 22 ақпан­да осында арнайы келіп, Абай Құнан­байұлының 180 жылдығына қандай іс-ша­ралар атқару керек, қандай қажет­тіліктер бар екенін біліп кеткен едім. Облыстың бюджетін қайта қарап, оң­тайландырып, тиісті қаражат бөлінді. Ауданға қажетті дүниелердің барлығын енгіздік. Қазір жол жөндеу, Жидебайға антенналық құрылғы орнату секілді жұмыс жүріп жатыр. Мерейтой қарсаңында пайдалануға беріледі. 180 жылдыққа орай елімізден, тіпті шетелдерден де келеміз деп отырған қонақ көп. Сондықтан мерейтойды жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Бүгін үш ай бұрынғы қажеттіліктерге бөлінген қаражат қалай игеріліп жатқандығын көріп, танысуға келдім. Жоспарға сай жұмыс жалғаса береді», деді өңір басшысы.

Биыл ауданда бірқатар инфра­құ­рылымдық жобалар қолға алынған. Облыстық маңызы бар «Аягөз-Қарауыл-Семей-Қайнар» автомобиль жолының 84-99 шақырымы мен «Семей-Қарауыл» жолының 97-117 шақырымы аралығына орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Ал Қарауыл ауылында ұзындығы 3 ша­қы­рымға жуық екі көшеге асфальт төсел­се, Тоқтамыс ауылына кіреберіс 5 ша­қырым жол мен елді мекеннің бір көшесіне асфальт салынып жатыр. Өңір басшысы жол жөндеу жұмыстарының барысын көріп, мердігерлерге уақтылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

Семейден 200 шақырым шалғайдағы Тоқтамыс ауылында қазір 600-ге жуық тұрғын бар. Өңір басшысы мектеп мұ­ғалімдерімен, ауыл ақсақалдарымен кездесіп, пікір алмасты.

«Тоқтамыс – Абай ауданының ең шеткі ауылдарының бірі. Осындағы ха­лықтың ахуалымен танысайын, өздеріңізбен жүздесейін деп арнайы келіп отырмын. Былтыр ауылдарыңызға интернет қосылды. Биыл ауылдың жолын жасауға ақша бөлдік. Абай көшесінде бір шақырымға жуық жолға алғаш рет асфальт төселіп жатыр. Осы бағыттағы жұмысты жалғастырамыз. Өңірдегі ауылдардың ешқайсысы назардан тыс қалмайды», деді облыс әкімі.

Абай еліндегі ерекше тарихи әрі емдік орындардың бірі Қоңыр әулие үңгірі де назардан тыс қалған жоқ. Абай ауданының Тоқтамыс ауылы аумағындағы Ақтас тауындағы Қоңыр әулие үңгірінің тереңінде орналасқан жер асты көлі өзінің емдік қасиеттерімен танымал. Көлдің температурасы жыл он екі ай 5-7 градустан аспайды. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелдерден туристер келеді. Қоңыр әулие үңгірі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның 100 киелі нысанының» қатарына енген. Туристік маусымда тарихи орынды шамамен 9 мыңға жуық адам тамашалайды екен.

«Қоңыр әулие – Абай облысындағы туристер ең көп келетін ерекше орын­дардың бірі. Осындай табиғи-мә­дени нысандарды жаңғырту арқылы ішкі туризмді жандандыруға толық мүмкіндік бар. Хакім Абайдың 180 жыл­дық мерейтойына еліміздің әр айма­ғынан, шетелден де қонақтар келеді. Сондықтан бұл жер заман талабына сай болуы керек. Туризм басқармасына Абай ауда­­­­ны әкімдігімен бірлесіп жаңарту жұмыстарын жүргізуді тапсырамын», деді Б.Уәли.

Ал біз де реті келгенде Абай саяба­ғында болып, «Ауылына қарап – азаматын таны» жобасы аясында жүзеге асып жатқан әлеуметтік нысанның құрылысына және аудандық мәдениет үйінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыс­тарына куә болып қайттық.

 

Абай облысы 

Соңғы жаңалықтар