Ұлттық музейде Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің ұйытқы болуымен мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, жазушы-публицист, рәмізтанушы Ербол Шаймерденұлын еске алуға арналған «Мемлекеттік рәміздер – елтаным негізі» атты конференция өтті.
Сенат депутаты Нұртөре Жүсіптің модераторлығымен өткен кездесуге сенатор Бибігүл Жексенбай, Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Айбек Сыдықов, Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов, экс-сенатор Ләззат Сүлеймен және бірқатар зиялы қауым өкілдері, рәмізтанушының көзін көріп, шапағатын сезінген жандар жиналды.
Жиынды ашқан Н.Жүсіп бүгінгі рәміздеріміздің дайындық жұмыстарының отымен кіріп, күлімен шыққан Ербол Шаймерденұлын ұлттық геральдиканы қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті.
Конференция барысында ақын Қалқаман Сарин Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқып беріп, оны жұбайы К.Шаймерденоваға тапсырды. Құттықтауда Ербол Шаймерденұлының саналы ғұмырын еліміздің мәдениеті мен баспасөздің, тіл саласының өркен жаюына, мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арнаған тағылымы зор тұлға, біртуар азамат екені атап өтілген.
«Ол Елтаңба, ту, мемлекеттік рәміз ретінде қабылданып жатқан кезде комиссия мүшесі болып, кейін рәміздерді зерделеп, зерттеп, саланың дамуына зор үлес қосты», деген Ерлан Тынымбайұлы Күләш Қайыржанқызына алғыс-ризашылығын білдіріпті.
Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Айбек Сыдықов Ербол Шаймерденұлының мемлекеттік рәміздердің мәні мен мазмұнын ұлт болмысы мен тарихының биік өлшемінде зерделеп, сөз өнерін мемлекеттік идеологияға тоғыстырған азаматтардың бірі екеніне тоқталды. Сондай-ақ оның қазақ геральдикасын зерделеп, рәмізтануды ғылыми негізге көтеріп, бұл саланың қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосып, еңбек сіңіргенін де атап өтті.
Конференцияда сенатор Б.Жексенбай, Тіл саясаты комитетінің төрағасы Е.Тілешов, қоғам қайраткері Л.Сүлеймен, жазушы Қ.Жиенбай, К.Шаймерденова да сөз сөйлеп, естеліктерін бөлісті.
Жиын барысында «Елтаным» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылып, Е.Шаймерденұлының өмірі мен еңбек жолын баяндаған шағын деректі фильм көрсетілді.
Сондай-ақ әнші Зарина Омарова арнайы келіп, Е.Шаймерденұлының сөзіне жазылған Марат Омаровтың «Арман қала» әнін орындап берді. Зарина бұл ән өзінің бала күнінен жанына жақын, ерекше жақсы көретін әндерінің бірі екенін айтты.