• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Құқық 05 Маусым, 2025

Адалдық әрбір ұжымнан басталады

10 рет
көрсетілді

«Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және онымен күрес мәселелері талқыланған жиын өтті.

Оған Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы іс-қимыл агенттігі Пре­вен­ция қызметінің аса ма­ңыз­ды істер жөніндегі офи­цері, сыбайлас жемқорлық­қа қарсы қызмет полковнигі Жазира Жылқышиева және серіктестіктің басшы­лық құра­мы мен журналистер қатысты.

«Қазақ газеттері» серіктестігі­нің бас директоры Дихан Қамзабек­ұлы жиналысты ашып, кездесудің мақ­сат-мұра­тын айтып өтті. Сондай-ақ бұл басқосу жемқорлыққа қарсы күрес, оның алдын алу іс-шара­лары­ның жос­пары аясында ұйымдас­тырылып отырғанын жеткізді.

Полковник Жазира Жыл­қышиева журналистерге жиын­ның мақсатын түсіндіріп, қоғам­ның «жегі құрты» саналған жем­қор­лықтың мемлекетке келті­рер зияны туралы айтып өтті. Алдымен ол сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздеріне тоқталды.

– Біздегі жең ұшынан жалғас­қан сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздері ең алдымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңнан бастау алады. Бұл заң 2016 жылдың 1 қаң­тарынан бастап қолданысқа енгізілген. Сондай-ақ Мемлекет басшысының Жарлығымен қабылданған «2022–2026 жыл­дарға арналған сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл тұ­жы­рымдамасының» да 61 тар­мақтан тұратын жоспары бар. Бүгінгі таңда осы тұжырымдама жоспарының басым бөлігі орындалды. Яғни бүгінгі сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңнамалық өзгерістер мен толықтырулар сол стратегиялық құжат аясында жүзеге асырылып жатыр, – деді Ж.Жылқышиева.

Жазира Жақсылыққызы сондай-ақ сыбайлас жемқор­лық тәуекелдері үдерісін, онымен күрестің жаңашыл тәсілдерін түсіндіріп берді.

– Заңда белгіленген әкімші­лік немесе қылмыстық жауап­ты­лық, сыбайлас жемқорлық белгілері бар, құқыққа қайшы іс-әрекеттің бәрі сыбайлас жемқорлық болып саналады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру 1998 жылы ТМД елдері арасында ең алғаш біздің елде қолға алынды. 2015 жылға дейін көбіне жазалау құқықтық шараларына басымдық берілген. Ал қазіргі заңнамада алдын алу, превенция шаралары негізгі басымдыққа ие, – дейді Жазира Жақсылыққызы.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет маманы бүгінде осы бағыттағы заң нормалары одан әрі күшей­тіліп, яғни кінәлі тұлғаны бас бостандығынан айыру жазалары да қарастырылғанын атап өтті.

Жиын барысында Жазира Жақсылыққызы журналистер сұрақтарына жауап беріп, сыбайлас жемқор­лықпен күрес төңірегінде қалып­тасқан қоғам­дық пікірге дәйекті көзқарасын білдірді. 

Соңғы жаңалықтар