Қазір экологиялық таза өнімге деген сұраныс басым. Бізде бұл бағыттағы әлеует үлкен. Оған «Мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми зерттеу институты» ғалымдарының еңбегі нақты дәлел.
Елімізде табиғи жайылым мен шабындықтар, мал азығы дақылдарын өсіретін алқап жеткілікті. Экологиялық таза өнім өндірісін қалыптастыру тұрғысынан жылқы мен қой және сиыр етінің мүмкіндігі мол. Жылқы еті дәмді әрі сіңімді, қорытылуы да жеңіл. Адам ағзасынан радиациялық қалдықты шығаруға ықпал ететін қасиеті де бар. Сондай-ақ қазақ жылқылары сүтті, тәулігіне 17-21 литр сүт береді. Жабағы құлындар күзде 240 кило тірілей салмаққа жетеді. Жайлымдағы табиғи шөптердің қуатымен түзілген сүттен ашытылған қымыздың тағамдық қасиеті жоғары болады.
Бие сүтін леофилді әдіспен құрғақ ұнтаққа айналдыру және өнімдердің экспортқа шыға бастауы жылқы сүтін әлемдік нарықта танымал ете түсті. Ендігі мақсат – жылқы етін экспортқа шығару. Қазір Жапониямен жылқы етін экспорттауға байланысты құжаттар келісіліп жатыр. Ал институт ғалымдары жылқы етінің стандартын қалыптастыру бағытында ізденіске кіріскен. Көшім мен Мұғалжар тұқымдары «жабы» жылқысы тұқымнан өрбіген. Бұлардың негізгі қасиеті – азық талғамайды, ауа райының құбылмалы өзгерістеріне көнбіс, шаруаға қолайлы. Институт ғалымдары Кембридж университетімен бірге жүргізген зерттеулерде қазақ жылқысында жабайы жылқы тұқымының бірінші гені бары анықталды. Бұған қарап қазақы жылқының тектілік қасиеті тереңде деген байлам жасауға болады.
Алуан түрлі шөп жеген қой етінің құрамы бөлек. Институт жүргізген ғылыми зерттеулерде қой етінің құрамындағы амин қышқылы арақатынасының өте оңтайлы қалыптасқаны анықталып, қой етінің ағзаға пайдасы зор екені айқындалды. Әлемдік нарықта қозы етіне сұраныс артуына орай қой шаруашылығы институты ғалымдары шетелдік селекцияның үздік жетістігін, мысалы, дойчемеринофлейшшаф, аустралия етті мериносы, суффольк, гемпшир, дорпер аталық қошқарларын пайдалана отырып, будандастыру әдісімен өнімділігі жоғары қой топтарын өсіріп, селекция есебінен қозы етін өндіруді 15%-ға арттыруға қол жеткізді. Бұл қой етінің сапасы нарықтағы сұранысқа сай келетіні, ұшадағы ет-май үлесі 83% екені анықталды. Шаруаның қисынын тапқан қожалықтар еті мол, қозысы ерте жетілетін, жайылымда тез қоң жинайтын, бордақыласа тез семіретін қой өсіріп, табысын арттырып жатыр.
Нарықта сиыр етіне деген сұраныс та ерекше. Әлеуетімізді сараласақ, республикада ірі қара малын «көктем-жаз-күз» тізбегінде жаюға жарамды маусымдық жайылымдар 68 млн гектар көлемінде екен. Бұл – көпжылғы ғылыми ізденіс нәтижесінде дәлелденген мәлімет. Өсіріліп жатқан сиыр малы 30 млн гектар жайылымды ғана пайдаланады. Яғни сиыр өсіруге резерв жеткілікті. Қысқы азығын табиғи шабындықтан дайындаса, экологиялық таза өнім өндіруге бейім мамандандырылған шаруашылық қалыптасар еді.
Жайылым демекші, институттың нәтижелі әзірлемелерінің бірі – ауыспалы жайылым жасақтау тәсілі. Технология бойынша жайылым тізбегінде үш түрлі шөпті өсіру шендестірілген: еркекшөп, тарлау және жаздық сұлы. Тарлау таптауға төзімді, құнарлы әрі малға жұғымды. Азықтық қоректілігі жыл бойына сақталады. Көктем шығысымен мамыр айының соңына дейін мал тарлау егілген телімде жайылады, содан соң маусымның соңына дейін еркекшөп өскен телімге ауыстырылады. Келесі телімге ауысқан аралықта жайылымда желінбей қалған тарлау мен еркекшөп шалғыны шауып алынады. Осындай шаралар нәтижесінде шілде айында тарлау егілген телім қайтадан мал жаюға дайын тұрады. Тамыз бен қыркүйекте мал жаздық сұлы егілген телімде жайылады. Қазанда еркекшөп пен тарлау егілген телімдерге қайта оралады. Осындай жүйемен түзілген ауыспалы жайылым малдың азықтық қажеттілігін толығымен өтеп, малдың күйін қоңды сақтайды. 100 бас сиырды азықпен толық қамту үшін көлемі 120 гектарлық жайылым жері жеткілікті, яғни 1 бас сиырға 1,2 гектар жеткілікті.
Жайылымдарды тиімді пайдалану үшін, әрине, бірінші кезекте қой мен жылқы шаруашылығын барынша дамыту қажет. Қуаң жерде өсетін аласа келген жатаған шөп қауымдастығын тек қой мен жылқы толық жей алады. Әрине, қуаң аймақтарда жиі кездесетін күйреуік, қоңырбас, бүйіргін, көкпек, мия, шоған, мортық, алабұта, түйетікен, жантақ өсімдіктерін тек түйе малы ғана сүйсініп жейтінін ескерсек, түйе саласы да назарға алынғаны абзал.
Тағы бір мәселе – малды асылдандыру жайы. Кеңес кезінде нәсілі мен өнімділігіне қарай «өндірістік мал», «тұқым мал», «асыл тұқымды мал» және «аталық мал» деп топтастырып, оларды бағалаудың арнайы жеке жүйелері қалыптасқан-ды. Бүгінде бұл жүйе тоқырады. Асыл тұқымды малды іріктеу, бағалау және аталық малды ұрпағының сапасы бойынша сынау үрдісі дәрменсіз күйде. Елде асыл тұқымды мал орны ойсырап тұр. Қойда асыл тұқымды мал үлесі 16%, сиырда 13%-дан аспайды. Мал өсірудің заманауи ағымына қарасақ, қажетті үрдістерді цифрландыру шаруашылықты тиімді жүргізуде ең басты тетік екенін байқаймыз. Бұл бағытта институт тарапынан тиісті жұмыс қолға алынып, ғылыми әзірлеме жүзеге асырылады.
Қазір ғалымдар тобы малдың асыл тұқымдық құндылығын бағалаудың заманауи BLUP әдісін өндіріске енгізгелі жатыр. Сондай-ақ жайылымдық қорды тиімді игерудің барлық жолын қамтыған 5 интерактивті картадан тұратын WEB-портал өндіріске енді. WEB-порталдың электрондық карта қосымшасы жайылымдағы су көздерінің жағдайы, мөлшері, минералдану деңгейі және оларды қолдану мүмкіндіктері туралы толық ақпарат береді. Ғалымдар дайындаған осы бағдарлама мемлекеттік цифрландыру бағдарламасы легіне кірсе, елде мал шаруашылығын өркендетудің берік іргетасы қалыптасар еді.
Мал шаруашылығын өркендету – елдегі шаруаның тіршілік тынысын кеңейтудің бірден-бір дара жолы. Мал шаруашылығы қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында барша қауымға жайылым шүйгін, мал күйлі болсын деген тілек айтамын.
Айбын Төреханов,
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор