Алматыдағы Сәтбаев көшесіндегі құрылыс алаңында 2025 жылғы маусым айының басында болған төтенше жағдай салдарынан 61 жастағы краншы Жұмабек Қалдыбаев қаза тапты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жұмабек Қалдыбаев 15 жыл тәжірибесі бар краншы маман. Марқұмның жиені Мақсат Жиенбековтің айтуынша, оның артында әйелі мен екі баласы қалған. Туыстары оқиғаға қатысты толық ақпарат алуға тырысқанымен құрылыс компаниясының басшылығы олардың сұрақтарына жауап бермей отыр.
«Кеше кешкі сағат 18:30-да Бостандық ауданының ІІБ бізге ағамның құрылыс алаңында қайтыс болғанын хабарлады. Кран құлады, бірақ ешкім нақты не болғанын айтпайды. Біз бүгін құрылыс алаңына бармақшы болдық, бірақ кіргізбеді. Басқарушы директорға қоңырау шалдым, ол да ештеңе айтпады. Ұйым басшылығы байланысқа шықпады. Біз тергеудің ашықтығын талап етеміз», дейді Мақсат Жиенбеков.
Қазір құрылыс алаңы арнайы мөрмен жабылған. Туыстарының мәліметінше, қайтыс болған адамның денесі әлі күнге отбасы мен жақындарына берілмеген. Кейбір ақпарат көздері бойынша, бұл жерде тұрғын үй кешенінің құрылысы жүріп жатқан болатын.
Алматы полиция департаментінің хабарлауынша, төтенше жағдай сағат 16:00-де болған. Оқиға бойынша Бостандық ауданы Полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Қазіргі кезде оқиғаның себебі мен мән-жайлары толық зерттеліп жатыр.
Жанель ТӨЛЕУБЕКОВА, ЕҰУ студенті