• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Қоғам 04 Маусым, 2025

Жаңақала түлектерінің тартуы

120 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысына мектеп түлектерінің өзі оқыған мектебіне тарту жасауы әдемі дәстүрге айналған. Жақында жаңақалалық түлектер де ауылдастарын осындай қуанышқа бөледі.

Жаңақала ауданын­да мек­тепті тәмам­дағанына 30 және 40 жыл толған түлектер өз қара­жатына аудан орталығының кіре­бе­ріс қақпасы маңына «Киіз үй жобасы» аллеясын жасады. Ал 20 жылдық түлектері туған жерге тағзым ретінде аудан орта­лығы­ның оңтүстік бағытын­дағы кіре­беріс жол бойына сим­во­лика­лық қақпа орнатты. Жаңа­қала орта мектебінің 1985 және 1995 жылғы түлектері мектепке «Coworking» орталығын жасақтап, өздерінің ізін басқан шәкірттерге сыйлық жасады.

Осынау әдемі дәстүрге аудан орталығы ғана емес, шалғайдағы ауыл мектептерінің түлектері де үн қосып жатыр. Мысалы, Жаңажол ауылының Айдархан орта мектебін 40 жыл бұрын бітірген түлектер мектепке мем­лекеттік рәміздер сыйласа, 30 жыл бұрынғы түлектер «Coworking» орталығын, 20 жыл толған түлектер киіз үй тарту еткен. Бұлардан кейінгі буын – 15 жыл бұрынғы түлектер де қалыс қалмай, 10 оқушыға ұлттық киім сыйлапты.

Жаңақазан ауылында Кеңес Одағының батыры Мәжит Жүні­сов атындағы тарихи мектеп бар. Осы мектептің 2005 жылғы түлек­тері «Менің жүрегім Жаңақазан» атты әдемі инсталяцияны орнатты. Ал 30 жылдық түлектер мектепке LED экран алып берсе, 35 жылдық түлектер мектепке сахна киімін тарту еткен.

Пятимар ауылының 1985 жылғы мектеп түлектері – сегіз қанат киіз үй сыйласа, 1975 жылы мектеп бітіргендер мектеп ауласына терек екті. Ал 1995 жылы бітір­гендер ауыл зиратын ретке кел­тіріп, құрал-сайман қоятын ша­­ғын ғимарат салып тастады. Жақ­­­сылық жасауға жарысқан тү­лек­­тердің қиялында шек жоқ: осы­­дан ширек ғасыр бұрын мек­­теп бі­тіргендер ойласа келе ауылға Қазақ радиосын орнатып қойыпты.

Бірлік ауылында Социалистік Еңбек ері М.Мирманов атында­ғы мектептің 10 жыл бұрынғы түлек­тері өздері оқыған білім ордасы оқушыларына жазғы спорт киімі мен жабдықтарын алып берсе, бес жылдық түлектер 10 метр қызыл кілем мен мінбер сыйлады.

Көпжасар ауылындағы Дина Нүрпейісова мектебінің ғима­раты биыл күрделі жөн­деу­­ден өтіп жатыр. Осы мек­теп­тің бес жыл бұрынғы түлек­тері мектеп оқушыларына спорт формасын, 2015 жылғы түлектер үздік оқушыларға бір реттік шәкіртақы сыйлады. Ал Қызылоба ауылының 40 жылдық түлектері мектепке киіз үй тарту етті. Тұңғыш төраға Сейітқали Меңдешов ауылының 1968 жылғы түлектері мектепке татами матрасын сыйға тартса, 1983 жылғы түлектері «Менің жүрегім Қырқопа» инсталяциясын жаңартты. 40 жылғы түлектердің арқасында татами төсенішін жаңартып алған мектептердің қатарында Мәстексай ауылы да бар.

 – Бұл дәстүр жас ұрпаққа үлгі боларлықтай игі іс. Қазақта «Туған жерге туыңды тік» деген сөз бар. Кіндік қаны тамған топырағын ұмытпай, алыс-жақында жүрген азаматтардың өзі өскен ауылына, білім алған мектебіне қолдау көрсетуі – аза­мат­тық жауапкершіліктің айқын көрінісі, – дейді Жаңақала ауданы­ның әкімі Алпамыс Көшкінбаев.

 

Батыс Қазақстан облысы