Жаһандық климаттың өзгеруі жер бетіндегі ауа температурасының күрт көтерілуіне әкеп соғады. Әсіресе жаз мезгіліндегі аптап ыстық адам денсаулығына кері әсерін тигізеді. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның мәліметінше, соңғы онжылдық жер тарихындағы ең ыстық кезең болған. Қазақстан да бұл климаттық өзгерістен тыс қалмады — әсіресе оңтүстік, батыс және орталық аймақтарда ауа температурасы +40°C-тан асып, бұрын-соңды болмаған аптап күндер жиілеп барады.
Мысалы, 2024 жылы Қызылорда облысында температура 45°C-қа жетіп, бұл өңірдегі соңғы отыз жылдағы ең жоғары көрсеткіш ретінде тіркелді.
Мұндай күндері жылу соққысы, сусыздану, жүрек-қан тамыр жүйесі аурулары сынды дерттер жиі кездеседі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, аптап күндері әсіресе қарттар, балалар, жүкті әйелдер мен созылмалы аурулары бар адамдарға ерекше қауіп төнеді. Қазақстанда да ауруханаға жатқызылатындар саны жылдан жылға артып келеді. Мысалы, Түркістан облысында 2023 жылғы жаз мезгілінде 60-тан астам адам күн өтудің және жылу соққысының белгілерімен емханаға жеткізілген.
Адам ағзасы шамадан тыс ыстықты көтере алмайды. Температура +35°C-тан асқанда тері арқылы жылу беру процесі баяулап, ішкі температураны тұрақты ұстау үшін ағза тер бөлуді күшейтеді. Алайда термен бірге жоғалатын сұйықтықтың орны толтырылмаса, бұл жағдай сусыздануға әкеледі. Сонымен қатар жүрек соғысы жиілеп, қан қысымы ауытқуы мүмкін. Аптап күндері тыныс алу қиындап, әсіресе демікпе мен жүрек жетіспеушілігімен ауыратындар үшін ауадағы озон мен шаң бөлшектерінің артуы қосымша қауіп тудырады.
Жылу соққысы кезінде дене қызуы кенеттен 40°C-қа дейін көтерілуі мүмкін. Бұл жағдайда адам естен танып, жүрек тоқтауы немесе мидың зақымдануы секілді ауыр асқынулар болуы ықтимал. Мұндай жағдайда жедел медициналық көмек қажет.
Аптаптан қорғанудың тиімді жолдары:
Ағза температурасын тұрақты ұстауға тырысыңыз. Сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін ашық күн астында ұзақ жүрмеуге, мүмкін болса, далаға шықпауға тырысыңыз. Киім таңдауға мән беріңіз. Ашық түсті, жеңіл, табиғи маталардан тігілген киімдерге басымдық беріңіз. Күннен қорғайтын бас киім мен көзілдірік кию пайдалы. Су ішуді ұмытпаңыз. Күніне кемінде 2,5–3 литр таза су ішкен жөн. Кофеин, тәтті газдалған сусындар мен алкоголь ағзадан суды одан әрі шығаратындықтан, олардан бас тартқан дұрыс. Тағам рационын жеңілдетіңіз. Ауыр, майлы, қуырылған тағамдардың орнына көкөніс, жеміс-жидек, сорпа, айран, минералды су сияқты өнімдерді тұтыну ұсынылады. Бұл тағамдар денені салқындатып, асқорытуға жүктемені азайтады. Үй жағдайында жылуды шектеңіз. Күндіз терезелерді жауып, жарық өткізбейтін перде қолданыңыз. Егер кондиционер болмаса, желдеткішті тиімді орналастырып, түнде ауа салқындағанда терезе ашып желдетуді қамтамасыз етіңіз. Электр қуатын үнемдеңіз. Салқындатқыш құрылғыларды тиімді пайдалану арқылы электр жүйесіне түсетін жүктемені азайтуға болады.Қарттар, балалар, жүрек немесе бүйрек ауруларымен ауыратын адамдар жаз айларында алдын ала дәрігерден кеңес алып, емдік шараларды бақылауда ұстауы қажет.
Егер бас айналу, қатты шөлдеу, әлсіздік, жүрек соғысының жиілеуі сияқты белгілер байқалса, бұл – жылу соққысының нышаны болуы мүмкін. Мұндай жағдайда дереу көлеңкеге немесе салқын жерге барып, су ішіп, дәрігер шақыру қажет.
Аптап ыстық – жай ғана табиғи құбылыс емес, бұл – қоғамдық денсаулық сақтау мәселесі. Ауа райының жыл сайын ысып келе жатқанын ескерсек, бұған дайын болу – әр адамның, әр отбасының, әр мекеменің жауапкершілігі. Сақтық шараларын біліп, денсаулықты бірінші орынға қойған жағдайда, жаз мезгілін қауіпсіз әрі жайлы өткізуге болады.
Жанель ТӨЛЕУБЕКОВА, ЕҰУ студенті