Қазақстанның сегіз өңірінде шағын өнеркәсіптік аймақтарды (ШӨА) дамытуға 46,6 миллиард теңге бөлінді. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрдің айтуынша, бұл бағдарлама отандық өндірісті қолдаудың және өңірлерге инвестиция тартудың маңызды құралына айналып отыр. ШӨА жобасы былтыр басталған және шағын мен орта бизнесті қолдауға бағытталған.
«Қазіргі таңда Астана, Шымкент қалалары мен Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында жалпы ауданы 200 мың шаршы метрден асатын 34 ШӨА іске асырылып жатыр», деді Ерсайын Нагаспаев.
Айта кетейік, бизнес тарапынан бағдарламаға сұраныс жоғары болғандықтан, қосымша қаржы бөлу мәселесі қарастырылып жатыр.