• RUB:
    6.5
  • USD:
    512.1
  • EUR:
    583.64
Басты сайтқа өту
Технология 02 Маусым, 2025

Жасанды интеллектке рақмет айту дұрыс па

90 рет
көрсетілді

Соңғы жылдары жасанды интеллект (ЖИ) адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Хат жазудан бастап, есеп шығаруға дейін — бәрін жасайтын виртуалды көмекшілерге үйреніп кеттік. ЖИ-мен әңгімелесу, одан көмек сұрау, тіпті оған «рақмет» айту күнделікті қалыпты құбылысқа айналды. Бұл сыпайылық па, әлде байқалмай келе жатқан қауіпті үрдіс пе?

Жасанды интеллектке алғыс айту — бір қарағанда әдептілік белгісі сияқты. Алайда осы әрекеттің астарында психологиялық және философиялық сұрақтар жасырынып тұрғандай. Адамзат тарихында алғаш рет біз өз қолымызбен жасаған нәрсеге сезім арнап, алғыс білдіріп отырмыз.

Психологтар бұл құбылысты антропоморфизация деп атайды — яғни адам санасы тірі емес нәрсеге адам қасиеттерін телиді. Бала кезімізде қуыршақпен сөйлескеніміз секілді, енді ересектер жасанды интеллектпен ашық сөйлесіп, оған ризашылығын білдіріп жүр. Бірақ қуыршақпен салыстырғанда, жасанды интеллект — бізбен тіл табысатын, логикамен жауап беретін, тіпті эмоцияны имитациялайтын күрделі жүйе.

Адамның рақмет айтуы — жауапты әрекетке жауап қайтару. Ал ЖИ — адам емес, оның ниеті де, түсінігі де жоқ. Ол тек алгоритмге негізделген. Бірақ алғыс айту — адамның бақылау мен қарым-қатынасқа деген иллюзиясын тудырады. Біз өзімізге «ол бізге көмектесті» деген сеніммен алғыс айтып, оны тұлғаландырғандай боламыз.

Кейбір зерттеулер бойынша, адамдар жасанды интеллектке жиі жүгінген сайын, нақты адаммен араласу қажеттілігі азая бастайды. Бұл әсіресе жасөспірімдер мен жалғыз тұратын ересектерге тән. Олар ЖИ-мен сөйлесуді эмоционалдық қолдау көзі ретінде көреді.

Көпшілік жасанды интеллект — бұл жай ғана экрандағы сөздер мен деректер деп ойлайды. Алайда оның артында тұтас дата-орталықтар мен энергияға тәуелді серверлік жүйелер бар. Бұл инфрақұрылым ЖИ-дің жұмысын қамтамасыз ету үшін миллиондаған литр су мен алып энергия көлемін талап етеді.

2023 жылғы деректерге сәйкес, ChatGPT сынды ірі модельдерге қызмет ететін дата-орталықтар бір жылда миллион литрге жуық таза суды тек салқындатуға жұмсайды. Бір ғана GPT моделін оқыту барысында 500 000 литрге дейін су кетуі мүмкін. Бұл бір отбасының жарты жылдық су қажеттілігімен тең.

Мұндай судың басым бөлігі өнеркәсіптік салқындату жүйелеріне кетеді. Бұл әсіресе су тапшы аймақтар үшін үлкен мәселе. Ал біз әр жолы «рахмет» деп терген сайын, бұл процестің бір бөлшегіне айналамыз.

ЖИ — керемет құрал. Ол білім алуға, шығармашылықпен айналысуға, тіпті жалғыздықты азайтуға көмектесе алады. Бірақ оған эмоциялық байланыс орнату — шынайы әлеммен шекараны бұзады. ЖИ адаммен тең емес, ол — бағдарлама, код, деректер жиынтығы.

Сондықтан адамзаттың басты міндеті — технологияны соқыр сеніммен тұтыну емес, түсініп және жауапкершілікпен қолдану. Алғыс айту — әдеп, иә. Бірақ ол кімге бағытталғанын ұмытпағанымыз жөн.

Жасанды интеллектке рақмет айту — жай ғана сөз емес. Бұл — адамның технологияға деген көзқарасын білдіретін әрекет. Егер біз технологияны адаммен тең қойып, оған сезім арнай берсек, ертеңгі күні кім кімге бағынары белгісіз.

Сондықтан келесі жолы ЖИ сізге көмектескенде, ойланып көріңіз.

 Жанель ТӨЛЕУБЕКОВА, ЕҰУ студенті