Ұрпағына барын берген ұлтымыз баланы өмірдің мәні мен сәні, жалғасы көреді. Бұл мұрат мемлекет миссиясында көрініс тауып отыр ма? Үкімет деңгейінде еліміздің ертеңі болар бүгінгі буынға қандай жағдай жасалып жатыр? Нәтижелер нені көрсетеді? Балалар күні қарсаңында шағын шолу арқылы жоғарыдағы сұрақтарға жауап табуға тырыстық.
Құқық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен үш жыл бұрын Балалар әл-ауқатының индексі енгізілді.
«Қазақстан балалары» онкүндігі аясында Оқу-ағарту министрлігі 2024 жылға арналған Балалар әл-ауқаты индексінің алдын ала қорытындыларын шығарды. Сол қорытындыларға қарасақ, биыл ерекше назар аударылған басты бағыттың бірі – балалардың құқықтық жағынан қорғалу деңгейі болды. Жинақталған деректерге сәйкес, бұл көрсеткіш 90%-ға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда тұрақты оң динамиканы көрсетіп отыр. Әлеуметтік зерттеулер нәтижесінде оқушылардың басым бөлігі өз құқықтарын біліп, олар бұзылған жағдайда қайда жүгіну керегін жақсы түсінетінін көрсеткен.
Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, көрсеткіштің өсуі алдын алу және ақпараттық түсіндіру шараларының көптеп қолға алынуымен байланысты. Атап айтқанда, осы жылдың басынан еліміздің барлық мектебінде балалардың құқықтық сауаттын арттыру, құқық қорғау жүйесіне сенімін нығайту мақсатында «Мен өз құқығымды білемін» ақпараттық айдары іске қосылды.
Биылғы оқу жылында балалардың жағдайын жақсартуға, әсіресе әлеуметтік қолдау мен қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған үш негізгі заң қабылданды. Соның нәтижесінде, Қазақстанда алғаш рет жетім және ата-анасының қарауынсыз қалған балалар үшін тәлімгерлік институты құрылды. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында заңға 94 (тоқсан төрт) өзгеріс енді. Балаға қатысты жасалған зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді. «111» байланыс орталығының қызметі бекітілді. Бала құқы бойынша өңірлік уәкілдер институты пайда болды. Сонымен қатар жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау жөнінде маңызды қадамдар жасалды. Олардың отбасында өмір сүру және тәрбие алу жағдайларын жақсарту мақсатында кәсіби қабылдаушы отбасы енгізілді. Ал қамқоршылық органдары мамандарының штат саны – 5 мың балаға кемінде бір маман болып белгіленді.
Қауіпсіздік. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған білім ошақтарында қауіпсіздік жүйесі күшейтілген. Мектептер заманауи бейнебақылау және ғимаратқа кіріп-шыққандарды қадағалау жүйелерімен қамтамасыз етілген. Бастауыш және жоғары сыныптар бөлек блоктарда оқиды.
2024–2025 оқу жылынан бастап, еліміздің барлық балабақша, мектеп және колледжінде 1 қыркүйектен бастап балаларға қорғану негіздері бойынша оқыту сабақтары ұйымдастырылады. Осыған орай Оқу-ағарту министрлігі «Жеке бас қауіпсіздігі» тақырыбында 130 сабақ әзірледі. Бұл сабақтың мақсаты – балалардың бойында жеке қауіпсіздігін қорғауға қатысты саналы және жауапты қарым-қатынас қалыптастыру, сондай-ақ төтенше жағдайларда әрекет етуге дайындау. Осы сабақтарда балаларға олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті білім мен дағдылар ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік жауапкершілік пен құзыреттілік туралы түсіндіріледі. Сабақ апта сайын сынып сағаты аясында 10 минут шамасында өткізіледі. Бір тақырып жылына үш рет қайталанады. Сабақ барысында практикалық кеңестер, ойындар, оқытудың интерактивті әдістері, демонстрациялар, бейнероликтер, материалды барлық жастағы балалар үшін қолжетімді және түсінікті етуге көмектесетін практикалық оқытудың басқа да нысандарын қолдану ұсынылады.
Осы қадамдарға қоса Оқу-ағарту министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен жұмысы нәтижесінде білім беру ұйымдарындағы балалардың тамақтану стандарттары қайта әзірленді. Бұл да балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада сапалы білім алуына бағытталған.
Жайлы жағдай. Жоғарыда аталған ұлттық жоба балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан, заман талабына сай жағдайда сапалы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл мектептердің жартысына жуығы ауылдық елді мекендерде салынып жатыр. Осылайша, 200 мыңнан астам ауыл баласын заман талабына сай жайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету жоспарланған. Мұндай білім ордасында көлемі типтік жобаларға қарағанда 15-20%-ға үлкен, ал техникалық жарақтануы жағынан 4 есеге артық. Мектептерде роботтехника кабинеттері, STEM-зертханалар, хореография залдары, коворкинг аймақтары, 4 спорт залы бар, заманауи пәндік кабинеттер, алғашқы әскери дайындық үшін арнайы ашық алаңдар қарастырылған. Ұлттық жоба шеңберінде салынған барлық мектеп заманауи жиһаздармен және оқу құрал-жабдықтарымен жабдықталып, әрбір оқу кабинеті үшін қажетті техникалық құралдар жиынтығы қамтамасыз етілген. Бұның барлығы ұстаздардың жұмысын жеңілдетіп, оқушылардың білім сапасын көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар онда интернет желісіне кемінде 100 мегабит жылдамдықпен қосылу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Мектептің әр қабатында кітап қоймасы, оқу залдары, медиатека, электронды кітапханалар және оқуға арналған коворкинг аймақтары жеке кітапханалық кеңістік орналастырылған. Оқушыларды еңбекке баулу және шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында мектептерде әмбебап шеберханалар мен студиялар, сондай-ақ бастапқы кәсіби білім беруге арналған арнайы жабдықталған кабинеттер қарастырылған. Атап айтқанда, тігін, аспаздық, ақпараттық технология (ІТ), ағаш шеберханасы және басқа да бағыттар бойынша оқу бөлмелері қажетті заманауи жабдықтармен толық қамтылған.
Сала министрлігінің дерегі бойынша, Білім саласындағы қолжетімділік пен теңдікті қамтамасыз ету Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарындағы «Сапалы білім беру» жалпыұлттық басымдығының бірінші кезектегі міндеті ретінде айқындалған. Соған сай 2021 жылы балабақша, мектеп, колледждерге педагог-ассистент қызметіне арнайы штат енгізілді. Педагог-ассистент ПМПК ұсынымдары немесе білім беру ұйымының психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметінің шешімі негізінде баланың сыныпта (топта) өз бетінше оқу қабілетін қалыптастырғанға дейін жеке сүйемелдеу бойынша қызметтер көрсетеді. 2022 жылы ерекше білім беру қажеттілігін бағалау ережесі, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу ережесі бекітілді. Елімізде мектепке дейінгі, орта, техникалық-кәсіптік білім беруді дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында даму мүмкіндіктері шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту нысаналы индикаторы көзделген. 2024 жылдың қорытындысы бойынша қамту 85% құрады. Биылдан бастап мүгедектігі бар балалар үшін колледжге түсу квотасы 1 пайыздан 10 пайызға ұлғайтылды.