• RUB:
    6.51
  • USD:
    510.81
  • EUR:
    578.59
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп Кеше

Мәжіліс депутаты ақылы тонировкаға рұқсат беруді ұсынды

60 рет
көрсетілді

Қазақстанда көліктердің алдыңғы бүйірлік әйнектерін қараңғылауға тыйым салынғанына он жылдан асты. Алайда бұл мәселе қайта күн тәртібіне шықты. Мәжіліс депутаты Олжас Құсбеков бұл тыйымды ақылы негізде заңдастыруды ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оның айтуынша, алдыңғы бүйірлік терезелерге тонировка жасау құқығын ақшаға сату – бюджетке тұрақты табыс көзіне айналуы мүмкін. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенген депутат 2024 жылдың 1 мамырына дейін елде 6,1 миллион көлік тіркелгенін, оның 86,5 пайызы жеңіл көліктер екенін айтты.

 «Автопарктің тек 5 пайызы ғана бұл рұқсатты сатып алған күннің өзінде, орташа баға 50 АЕК (196 600 теңге) болса, жыл сайын бюджетке 50 миллиард теңгеден астам қаражат түседі. Бұл қаражатты жол инфрақұрылымын дамыту мен жөндеуге бағыттауға болады», деді Құсбеков.

Сондай-ақ депутат бұл бастамада міндетті талап ретінде жарық өткізуі кемінде 70 пайыз болу керек екенін баса айтты. Ол Қырғызстан мен Өзбекстанда мұндай бастама сәтті жүзеге асқанын мысалға келтірді. Сонымен қатар, Құсбеков көлік санатына қарай (эконом, бизнес, премиум) дифференциалды тарифтер енгізуді де ұсынды.

Мәжіліс депутаттарының ұсынысынан кейін бұл мәселе Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте көтерілді. Онда Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк пікір білдірді:

«Бұл мәселе шынымен көтерілді. Әлі де ауқымды талқылау өтеді. Депутаттардың бұл бастамасын жалпы қолдаймыз ба, жоқ па – соны шешуіміз керек», деді ол.

Айта кетейік, Қазақстанда алдыңғы терезелерді қараңғылауға тыйым 2010 жылы енгізілген. Ол кезде бұл шешім жол ережелерін бұзған жүргізушілерді және жолаушыларды анықтау қиынға соққанына байланысты қабылданған еді.

Өткен жылы ІІМ вице-министрі Марат Қожаев бұл мәселе қайта қаралып жатқанын айтқан. Ол Кеден одағының техникалық регламентінде алдыңғы әйнектерге белгілі бір мөлшерде тонировка жасауға рұқсат бар екенін атап өткен болатын.

Мәжіліс депутаттарының бастамасы қоғамда қызу талқылау тудырып отыр. Егер ұсыныс қабылданса, бұл бюджетке қосымша табыс әкелуімен қатар, көлік жүргізушілеріне белгілі бір еркіндік бермек. Алайда ІІМ бұл шешімнің қауіпсіздікпен тікелей байланысты екенін ескертіп отыр. Алдағы уақытта бұл мәселе ашық қоғамдық және мемлекеттік талқылаудан кейін ғана нақты шешімін таппақ.

Арайлым МЫРЗАХАН,

ЕҰУ 2 курс студенті