• RUB:
    6.51
  • USD:
    510.81
  • EUR:
    578.59
Басты сайтқа өту
Жұмысшы мамандықтар жылы 30 Мамыр, 2025

2 мыңнан астам жұмыс орнын ұсынады

60 рет
көрсетілді

Өскемен қаласының орталық алаңында өткен «Шығыс маманы» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде мемлекеттік мекемелер мен жекелеген компаниялар оқу орнын тәмамдап жатқан түлектерге, жұмыссыз азаматтарға жұмыс орындарын ұсынды.

Ұлттық статистика бюросының мә­лі­метінше, былтыр елі­­мізде жұмыссыздар саны 448,2 адам болған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 0,5%-ға көп. Сол тұрғыда мұндай жәрмеңке түлектерге таптырмас мүмкіндік.

– Жәрмеңкеде аудандар мен қалалардан 113 жұмыс беруші 2 мыңнан астам бос жұ­мыс орнын ұсынды. Жергілікті оқу орын­дарынан 2 300-ге жуық студент келіп қатыс­ты. Қазірде облыста мұғалім, дәрігер, мед­­би­ке, құрылысшы мамандықтарына сұ­ра­­ныс артқаны байқалады, – деді Ман­сап ор­талығының директоры Арайлым Есімбекова.

Шекара шебіндегі Марқа­көл ауданы әкімдігінің өкіл­­дері іс-шараға арнайы ке­ліп, мемлекеттік қызметке қызығушылық білдірген жас мамандарды жаңа ауданға жұмысқа шақырды.

– Қазір жекелеген бөлімдерде, әкім аппа­ратында, әлеуметтік жұмыспен айна­лы­сатын 28 бос жұмыс орны бар. Қызығу­шылық білдіргендер айтарлықтай көп деп айта алмаймыз, бірақ келіп жатыр. Ауыл­да жұмыс істеуге ниетті жастарға мүм­­кін­дік көп. «Дипломмен – ауылға!» бағ­дар­ламасы арқылы баспана сатып алуға немесе салуға несие, көтерме жәрдемақы беріледі, – деді Марқакөл ауданы әкімі аппараты жалпы бөлімінің басшысы Әсем Болысова.

Сондай-ақ Катонқарағай ауданында салынып жатқан әуежайға да мамандар, атап айтқанда, әуе қозғалысы қыз­­ме­тіне диспетчер, метеоро­­логиялық қызметке синоптиктер, радиотехникалық жаб­дық­тарға қызмет көрсету инже­нерлері қажет.

– Жұмысқа 21-27 жас ара­лы­ғындағы жас­тарды қабыл­­дай­мыз. Сондай-ақ тағы бір бас­ты талап – ағылшын тілін білуге тиіс. Егер қызығушылық білдіріп жатқандар болса, «Қаз­аэронавигация» РМК-ға хабар­ласуға болады, – дейді қыз­меткерлермен жұмыс жө­ніндегі бөлім бастығы Гүлжан Ғадылбекқызы. 

Одан бөлек, полиция қыз­метіне, төтенше жағдайлар депар­­таментіне де мамандар керек. Алыс ауылдарда дәрігерлер, фельдшер­­­­­лер жетіспейді. Жұ­­­­мыс­шы мамандарына да сұраныс жоғары. Әсіресе трактор сынды ауыр техникаларды тізгіндеуге жастар құлықсыз. Жәрмеңке көпшілікке мүмкіндік сыйлап, үміт отын жақты. Жұмыс беру­шілер мен жұмыс іздегендер нөмір алмасып, тізімделіп, көп­теп тіркеліп жатты.

 

Шығыс Қазақстан облысы