• RUB:
    6.51
  • USD:
    510.81
  • EUR:
    578.59
Басты сайтқа өту
Тұлға Кеше

Ұмытылған Үмбет Жаманов

430 рет
көрсетілді

Сталиндік репрессияның мыңдаған құрбанының бірі – Үмбет Жаманов. Бүгінде аты-жөні мүлдем айтылмай, ұмытылған тұлға. 1938 жылы «халық жауы» деген айыппен ату жазасына кесілген, әйел, баласы қуғында жүріп аштан өлген, қызы Балалар үйінде тәрбиеленіп, кейін КСРО Халық әртісі атанса да, әкесі туралы жақ ашуға қорыққан Үмбет Жаманов кім еді?

Үмбет Жамановтың өзіне қатысты арнайы жазылған мақала көзімізге түс­­педі. 2009 жылы «Арыс» баспасынан жа­рық көрген «Алаш. Алашорда» эн­цик­­лопедиясында белгілі зерттеуші Мақ­­сат Тәжімұрат Ақпан төңкерісінен кейін Бисенғали Әбдірахманов, Молда­ғали Жолдыбаев, Жәку Нияров, Үм­бет Жа­манов, Ораз Исаев, Хален Сағын­дықовтар Алаш қозғалысына қатысқа­нын, бірақ Досмұхамедовтер мен Әлібе­ковтер тобынан бейтарап ауыл интеллигенциясы құрамында болғанын айтып өтеді.

Бүгінгі Батыс Қазақстан облысына қарасты Теректі ауданы аумағында Шалқар атты әйгілі көл бар. Хамза Есен­жановтың «Ақ Жайық» трилогиясына өзек болған оқиғаның біразы осы өңірде өткен. Осы Шалқарға таяу жатқан бұрынғы Дуана болысы, Әлжан сор айналасы байбақты Ақберлі руынан шыққан белді тұқымның ен жайлаған жері еді. Бұл әулеттен ХVIII ғасырда ел билеп, сардар атанған Әлжан Есіргемесұлы шыққан. Қазір шипалы қара балшығы талай жерге әйгілі болған сордың аты содан қалған. Әлжанның немере туысы Қабылұлы Жаманнан Үмбет туады. Осы өңірде «Жаман құдығы» деп аталатын жер атауы әлі күнге дейін сақталған. Соған қарағанда бұл кісі де ауқатты, малды болған сияқты.

«Мен Жаманов Үмбет Жаманұлы, Орал губернасы Жымпиты уезі Дуана болысының бұрынғы №6, қазіргі №3 ауылында Бұлдықсай деген жерде 1890 жылы қазанның соңы, қарашаның басында дүниеге келіппін» деп жазады өзі 1923 жылы толтырған өмірбаянында.

«Әкем кедей еді, шағын рудан шық­қанбыз. Әкем патша заманында ешқа­шан лауазымда болған емес, өмір бойы мал бағып, жер тырнап, шағын ғана шаруасын жасап, адал еңбегімен күн көрген кісі еді. Ол қорғансыз кедей болатын, ол заманның бай-бағланы, атқамінерлері әкемнің малы мен жерін тартып алған, мұны маған анам айтты. Мен өз әкемнен өте кішкентай, бір жасымда қалдым, анамның қолында өстім. Анам да әлсіз рудан шыққан, ата-анасы мен ағайындары өмір бойы елеусіз қызметте болған, қазір олардың қу жанынан басқа ештеңесі жоқ...»

Әрине, өзі кеңес қызметінде жүрген, өкімет саясатынан хабары бар адам өзінің ата-тегі бай болғанын айта алмағаны анық. Үмбет Жаманов та өзінің қалай білім алғанын әдемі аңыз етіп суреттеген:

«15 жасыма дейін анаммен бірге жалданып байдың қойын бақтым. 15 жасымда сол кездегі Қарасу-Шалқар қосбасқышты орыс-қазақ училищесінің мұғалімі көмектесіп, сол училищеге түстім. Оның жанында интернаты бар еді. Осы мектепте 7 жыл оқыдым. Жазғы каникул кезінде жұмыс істеп, қыс бойы оқитынмын. Сөйтіп, қосбасқышты, алтыжылдық орыс-қазақ мектебін бітірдім. Оны бітірген соң, жұмыс істеп, өз еңбегіммен 7 сом таптым.

Бұл қаражатты былай таптым: мен тұратын жертөледен екі шақырымдай жерде шағын тұзды көл болатын. Жұрт жаздың ең ыстық маусым-шілде айларында осы көлден тұз алатын. Мен де сол жер­ден төрт арба тұз жинадым. Оның жар­тысын көршіме беріп, одан жалға қо­сөгізді екі арба алдым. Сол арбаға қал­ған тұзымды тиеп, Ілбішін қала­сын­дағы Қожахар станицасына апарып саттым. Осылайша, қалтама 7 сом түсті. Сөйтіп, Орал губернасына қарас­ты Елек қаласындағы педагогикалық курсқа тап­сырып, емтиханнан өтіп, оқуға түсіп кет­тім. Бұл жерде екі жыл оқып бітіріп, 1915 жылы «қазақ мектебінде бас­тауыш сынып мұғалімі» мамандығын алып шықтым», дейді кейіпкеріміз (БҚОМА, Қор № П-1, Тізімдеме № 2л, Ic № 1181а, Личное дело: Джаманов Умбет Джаманович).

Үмбет Жаманов сол 1915 жылдан бас­тап ауыл мектептерінде мұғалім болып еңбек еткен. Әуелі Қарақобда, Ойыл-Қиыл бірбасқышты мектептерінде сабақ берген. Ақпан төңкерісінен кейін туған жеріне, Дуана болысына ауысқан. 1918–1919 жылдары Ойыл уәлаяты, Күн­батыс Алашорда құрылып, ел дүрлі­гіп жатқанда сауатты азамат саяси оқи­ға­лардан да сырт қала алмаған сияқ­­ты. Оның Жымпиты, Қаратөбе, Ойыл­­да өткен Алаш сиездеріне қатыс­қаны жө­нінде бізде нақты дерек жоқ. Анкета­ларының бірінде «Алашорда уақытында Ойыл уезінде мұғалім болдым», «Жымпиты уезінде бандитизм­ді жоюға қатыстым» деп көрсетеді. «1919 жылы Жымпиты ревкомының нұсқаушысы болдым» деп жазғаны да бар. Бірақ Күнбатыс Алашорда 1920 жылдың басында таратылғаны белгілі. Үмбет Жаманов та 1920 жылдың қараша айында боль­шевиктер партиясына өткен, 1922 жылдың қаңтарынан бастап уездік комитет мүшесі болған.

«1920 жылы қызыл армия Жымпи­тыны алғанда бірден, яғни қаңтар айында қалаға келдім. Сол жерде қызыл әскер қатарында бірге болған жолдастарым­мен кездестім, олардың бірі Жымпиты ревкомының төрағасы болды. Ол мені бала күнімнен білетін, мектеп қабыр­ғасында-ақ менің өмірбаяным мен шығу тегім оған белгілі еді. Ол мені Жым­пит­ы уезі бойынша кеңес сайлауына нұс­қаушы және тексеруші (ревизор) етіп та­ғайындады», деп жазады Жаманов. Бұл жер­де «жолдасым» деп отырғаны ең ал­­дымен Молдағали Жолдыбаев екені анық.

Міне, осы 1921–1923 жылдары Жама­нов Жымпиты уездік мекемелерінде стат­бюро меңгерушісі, уездік партия комитеті ұйым­дастыру бөлімінің мең­герушісі, саяси бөлім бастығы, т.б. қызметтер атқарады.

1923 жылы Совнарком төрағасы Сәкен Сейфуллин Орынбордан Оралға, сосын Жымпитыға барған сапары туралы деректерде Үмбет Жамановтың есімі ұшырасады. «Не керек, əйтеуір Сəкен сол үш күн бойы (22–24 қазан, 1923 жыл – Қ.Қ.) делегаттармен ойнап-күліп жүрді, жұмысты қалай істеу, қай мəселеге баса назар қою керектігінен ақыл айтты. Сол бойда 12 адамның уездік атқару коми­тетінің жаңа құрамы бекітілді. Пред­се­да­теліне Мəдияр Үмбеталин сайланды. Мүшелігіне Қалиолла Ізбасов, Үмбет Жаманов, Темір Бекмəмбетов, Сермұқан Бекбатыров жəне мен ендім...» деп жазады қарт мұғалім Ғұсман Ахметов «Орал өңірі» газетінің 1964 жылғы 29 нау­рыз күнгі №64 санындағы «Мен Сәкенді көрдім» деген естелігінде.

1922 жылы Жымпиты ревкомының хатшысы Өтетілеуов Үмбет Жамановқа «саяси сауаты төмендеу, бірақ партия мен совет үкіметіне адал берілген» деп мінездеме беріпті.

Жамановтың жеке ісінде Ғабдолла Тұрымтаев дегеннің Шайхы деген (Жанті­леуов па? – Қ.Қ.) досына жазған хаты да тіркеліпті. Онда «Үмбет Жаманов жақында Айтжан Ділмұқашевтың қарын­дасын екінші әйел етіп алды, қалың­малына бір бұзаулы сиыр, бір бие және бір миллиард (?!) сом берді (қалыңның жартысын жылудан жинады). Бұл қыз РСФСР-дағы айтулы сұлудың бірі еді, шұбар Үмбетке қиюдың өзі қиын. Қазір оның жалғыз атынан басқа малы қал­мады, қос қатынын қалай асырайтыны бел­гісіз...» деп жазады хат иесі. Бір қызы­ғы, 1923 жылдың 3 қаңтарында жазылған бұл хаттың авторы – Үмбет Жамановпен аталас ағайын болып шықты...

Кейіпкеріміздің бұдан арғы өмірін­де ақтаңдақ тұстар көп. 1920 жылдардың аяғында Ақтөбеден Орын­борға қызмет ауыстырғаны қызы Роза Жама­нованың естеліктерінде айтылады. Роза Үмбетқызы 1928 жылы Ақтөбе қала­сында дүниеге келген.Алматы облы­сының мемлекеттік архиві 2018 жылы шығарған «Өмірдегі, өнердегі қос жұл­дыз» атты құжаттар жинағында КСРО Халық әртісі Роза Үмбетқызы Жаманова өзінің ата-анасы жайында тұңғыш рет ше­ші­ліп айтып, барын­ша толық естелігін жазып кетіпті. Естеліктің тақырыбы да – «Біз ата-анамыз туралы айтуға қорқатынбыз».

«Әкем жұмыстан келгенде бәріміз мойнына асылатынбыз. Ол өте мейірімді болды. Менің алдымда екі қыз болған екен. Үшінші болып мен дүниеге келгенде біреулер қателесіп, әкемнен «ұлды болдың!» деп сүйінші сұрапты. Қатты қуанған әкем кейін менің қыз екенімді естіген сәтте көңілі түсіп, қолын бір сілтепті. Көп кешікпей екі апам бірінен соң бірі қайтыс болып, мен жалғыз қалыппын. Содан кейін мені ерекше әлпештеп өсірді», дейді Роза апай.

Қызының айтуынша, анасы Зібирә аурушаң болған. Бірде Сочи, бірде Ялта, шипажайға жиі барған. «Тұрған үйіміз үлкен еді, 5-6 бөлме болды. Үй жұмысына көмекші Поля тәтей деген әйел болатын, тәтті бәліш пісіретін еді. Мен Поля тәтейді де анамдай көрдім», деп еске алады Роза Жаманова бақытты шақтары туралы.

Үмбет Жаманов 1934 жылы 26 қаң­тар – 10 ақпан аралығында Мәскеуде өткен компартияның XVII сиезіне 2 мыңдай делегаттың бірі болып қатысқан.

Тергеу құжаттарында Үмбет Жама­нов­тың тұтқындалар алдындағы соңғы қызметі – Орынбор қаласында облыс­тық атқару комитетінің бөлім меңгеру­шісі деп көрсетілген. 1938 жылы 12 ақпанда ату жазасына кесіліпті. Роза апай әкесінің «Қазақ педагогикалық институтының жұмысшы факультетін ұйымдастырғанын» қарттардан естігенін, Президент архивінде сақталған құжаттар арасынан «150 студентті екі апта ішінде жатақ­ханаға орналастырып, асханамен, дәрігер қызметімен қамтығаны, оқу жұ­мысын жолға қойғаны үшін» алғыс жа­рияланғанын көргенін айтады. Соған қа­рағанда Үмбет Жамановтың ұйымдас­тырушылық қабілеті жоғары болған.

«Әкемді тұтқындар алдында анам түсінде қос бұрымының бірі кесілгенін көріпті. Олар түнде келді. Мен шырт ұйқыда жатыр едім, біреу төсектен жұлып алып, аяғыма тұрғызды. Таны­май­тын адамдар менің бөлмемді тіміскі­леп жатты. Бұл тінту екен. Мамам да, Поля тәтей де жылаған жоқ. Анамның аяғы ауыр еді, мен және кіші інім бармыз. Сол күйі әкемді не үшін қамағанын білмей кеттік қой. «Туған ағасы «Алаш» қатарында болыпты, ол да ұсталыпты» деп есіттік. Әкем ұсталған соң, анам артынан түрмеге барып тұрды. Әкем мені «орыс мектебіне бер» деп аманат етіпті. Балаларын соңғы мәрте көргісі келген екен. Бірақ анам аласапыран күндері төлқұжатын жоғалтып, содан кейін түрмеге жібермей қойған».

Орынборда шиеттей баламен қалған Зібирә амалсыз Үмбеттің ағайындарын сағалап сол кездегі Орал облысы, Чапаев ауданы Жаман ауылына келеді. «Біздің келгенімізге қуанған туыс болмады. Анам бізді осында қалдырып, Орынборға қайта кетті. Сол күндердің бірінде «Зібирә да ұста­лыпты» деген хабар жетті. Бүкіл ағайын бізден бет бұрды. Мен 9 жастамын, екі інім тіпті кішкентай. Әлі есімде, бір сарайдың бұрышында үшеуміз бүрісіп отырдық. Біздің бұл хабарымызды естіп, анамыз құстай ұшып жетіпті. Біздің жүрегіміз жарыла жаздады! «Әкем қайда?» деген сауалыма анам көре алма­ғанын айтты. Ол кезде әкем атылып кеткен болса керек», деп жазады Роза апай.

Әрине, аурушаң әйелге үш баланы асырау оңай болмайтын. Бұрынғы салтанатты тұрмыстан қалған киім-кешек, төсек-орын сатылған, айырбасқа кеткен. Үмбеттің қасқыр ішігі сиырға, бірнеше төсекқап бір қапшық ұнға айырбасталған. Сол күндері Зібирә «талантты балаларды музыка мектебіне қабылдап жатыр» дегенді естіп, Розаны Орал қаласына алып келеді. Сөйтіп, қабылдау емтиханынан өткен Роза мектеп жанындағы интернатқа қабылданады. Бұл сол кездегі Орал қаласындағы жалғыз қазақ мектебі – қазіргі №11 дарынды балаларға арналған мектеп-интернат болатын.

«Анам мектепке ара-тұра келіп тұрды, қызанақ, нан әкеліп бергені есім­де. Соңғы көргенімде інілерімді алып Қызылордаға, өз ағайындарына баратынын айтты», дейді Роза апай. Бұл оның анасын соңғы көргені екен. Зібирә сол Қызылорда жағында бір баласымен аш­тан өлсе керек, бір інісі Болат Балалар үйі­не қабылданып, аман қалған. Ағайын­ды­лар көп жылдан соң ғана кездескен...

КСРО Халық әртісі, мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты, консерватория профес­со­ры атанған Роза Жаманованы жақын білетіндердің бәрі «өте қара­пайым, тұйықтау адам еді, әсіресе бала­лық шағы туралы мүлдем айтқысы келмей­тін» деп сурет­тейді. Шынында да, бала ке­зін­дегі оқиғалар, ата-анасының жазық­сыз қуғын­­ға ұшы­рауы Роза Үмбет­қы­зының да жанына өшпес жара салған.

«Мен әкемнің кім екенін көп уақыт жасырып жүрдім. Орал қаласындағы №3 балалар үйінде Каменевтің қызы болды. Жирен сары қыз еді. Өзге балалар оны «халық жауының қызы» деп қат­ты сабайтын, күн көрсетпейтін. «Менің де әкемнің халық жауы екенін білсе, көргенім осындай болады-ау» деген ойдан қатты қорқушы едім» депті Роза апай. Осы қорқыныш халық әртісін өмірінің соңына дейін мазаласа керек. Тәуелсіздік әбден орнап, халық жаулары анық ақталып, олар туралы жаппай жазылып жатқан кезде ғана жоғарыдағы естеліктерді айтып, ағынан ақтарылған екен жарықтық.

«Театрда солиспін, КСРО Халық әртісі атанған кезім. Үлкен театрдың әртістерімен бірге Польшаға баратын болдық. Мені Мәскеуге, КСРО Мәдениет министрлігіне шақырды. Мені жылы қабылдап, бір ер адам оңаша сөйлесті. Орындыққа отырғызып, туған жылым­ды, қайда қызмет ететінімді сұрап жатты. Жауаптарымды қағазға түсіріп отырды. Бір кезде төтеннен: «Сіздің әкеңіз кім болған?» деп сұрады. Мен «білмеймін» дедім. Сол әңгімеден кейін мені Польшаға баратын делегация құра­мынан алып тас­тады. Әлгі адам Мемле­кеттік қауіпсіздік комитетінен болса керек», деп еске алыпты Роза Жаманова.

«Мені көп адам «тұйық» деп жатады. Мен кішкентайымнан әр сөзіме абай болуға, өзімді қатаң қадағалауға мәжбүр болдым. Ешбір қағазға қол қоймай­­тын­мын. «Қолыңды қой» деген дауысты есті­сем, денем түршігіп кететін. Қол қой­сам да, әбден оқып алып қоямын», дейді есте­лі­гінде.

Үмбет Жаманов 1957 жылы мамыр айында ақталған. Бірақ «ақталды» деген бір жапырақ қағаз болғанымен, шын мәнінде ақиқаттың ауылы әлі алыс болатын. Шындық айтылған жоқ. Көңіл сайрап тұрғанымен, тіл байлаулы болды...

Дегенмен Роза Жаманова 1963 жылы атажұртына – қазіргі Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданына қарасты Дуана ауылына арнайы келіпті.

«Ғибатолла, Алматыда сенің атақты қарындасың бар екен ғой. Сол елге келе жатыр. Қарсы алуымыз керек» депті кеңшар директоры менің әкеме. Ол Роза апамыз болып шықты. Орта бойлы, дөңгелек жүзді адам екен. Көп шешіліп әңгімелескен жоқ. Жат адам құсап то­сырқап тұрды. Орысша сөйлейді. Оны ауыл адамдары түсінбей жатты. Ертеңіне әкем Жаман қыстауының орнына апарды. Біздің шешелеріміз «Жаман» деген сөзді айтпайтын, «Жақсы емес» дейтін. Осы араға келіп, атасының тірлік еткен жерін көріп кетті. Бірақ аталарының нақты қай жерде жатқанын таба алмады. Көне зират орындары кеңшар кезінде мал тапап, жермен-жексен болып қалған екен. Роза апай «қайтадан келемін, белгі қоямын» деп еді. Келмеді», деп еске алады бүгінде Сарыөмір ауылында тұратын туы­сы Нұрлықыз Нұрмұқанова.

1969 жылы театр ұжымымен бірге Орынбор қаласына барған кезінде де Роза апай балалық шағы өткен үйді іздеп, таба ал­мапты. «Көшенің аты да, тұрған үйіміз де есімде қалмапты», деп жазады кейінгі естелігінде.

Осы оқиғалардың бәрінің астарында Кеңес одағына әйгілі сахна шеберінің жан түк­пірінде сақталған, ешкімге айта алмаған, мәңгі жұмбақ тебіренісі, сағы­ныш­ты сезімі жатқаны анық...

Біз осы мақаланы жазуымызға Роза Жаманова туралы «Абай» телеарнасынан «Бірегей» айдарымен берілген «Тасты жарып шыққан гүл» деректі фильмі түрткі болғанын айта кетейік. Осы фильмді түсіру кезінде Айнұр Ералы қарындасымыз хабарласып, Үмбет Жаманов туралы айтып беруімізді сұраған еді. Өзі қолындағы мәліметтерін де бізбен бөлісті. Алматы облысының мемлекеттік архиві дайындаған құжаттар жинағы әріптесіміз Айдар Жорановтың көмегімен қолға тиді. Жалпы, Айдар қазақ өнері мен мәдениетінде өшпес із қалдырған тұлғаларды насихаттау ісімен жүйелі айналысып жүрген азамат екен. Айтпақшы, Үмбет Жамановтың қазір белгілі жалғыз фотосуреті Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінде сақталған. 1934 жылы Орынбор қаласында түскен фотода 12 ересек адам, 1 сәби (Роза Жаманова) бар, Үмбет пен Зібирә Жаманованың айналасындағылар – туыстары мен достары деп көрсетіліпті. Біз суретші-дизайнер Арман Дауылбайға өңдетіп, өзімізге керек үш адамды бөліп алып ұсынып отырмыз. Орталық мемлекеттік архивінің басшысы Сәбит Шілдебайға, Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архив басшысы Айжан Сауғабаеваға, қарапайым мұрағат қызметкерлеріне де мың алғыс айтамыз.

Әрине, Үмбет Жаманов тұлғасына қатысты ақтаңдақ әлі де көп. Қазір Ресей мұрағаттарында сақтаулы тұрған қыл­мыстық іспен танысу, жарияға шығару ісі болашақ зерттеушілердің үлесінде. Сондай-ақ Зібирә Жамановаға қатысты да беймәлім дерек көп. Қызының әңгіме­сінде оның Тайпақ өңірінен екені, байдың қызы болғаны айтылады.

Елімізде Президент Жарлығымен құрылған саяси репрессия құрбандарын толық ақтау бойынша комиссия 2021–2023 жылдары өнімді жұмыс істеп, көп­те­ген тарихи тұлға ақталған еді. Құпия құ­жаттарға жариялылықтың жа­ры­­ғы тү­сіп, көпшілікке ұсыныла бас­та­ға­ны қуан­­тады. «Соңғы солдат жерлен­бей, соғыс аяқталмайды» дегендей, жазықсыз жаза­­ланған тұлғалар туралы да үздіксіз айтылуға тиіс.

 

Батыс Қазақстан облысы