Жетісу жері қашанда дарындыларын елеп-ескеріп, талантты перзенттеріне құрмет көрсетуден жалыққан емес. Исі қазақтың тұлғасына айналған Әнуар Әлімжановтың 95 жылдық торқалы тойы мұнда кең көлемде аталып өтілді. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы, мемлекет қайраткерінің мерейтойына орай республикалық ғылыми-танымдық конференция өткізілді.
Қаламгер туған өңірдегі Қабанбай ауылына арнайы ат басын бұрған облыс әкімі Бейбіт Исабаев, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет, ғалымдар, қаламгерлер, жалпы аудан жұртшылығы Әнуар Әлімжановтың рухына тағзым жасады. Берекелі ауылдың орталығында орналасқан қаламгер атындағы саябақтағы бюстіне гүл шоқтарын қойды. Бұдан әрі шара Қабанбай ауылдық Мәдениет үйінде «Әлемге әйгілі Әнуар» атты ғылыми-танымдық конференциямен жалғасты.
Мәдениет үйінің фойесінде музей экспонаттарынан, кітаптардан көрме ұйымдастырылып, Ә.Әлімжановқа арналған бейнефильм көрсетілді. Конференцияны ашқан облыс әкімі Бейбіт Исабаев Жетісу жеріне қадам басқан көпшілікке «Қош келдіңіздер» дей отырып, алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құттықтау хатын оқып берді.
Мерейтойға жолданған Президенттің осы Құттықтау хаты мен Парламент Мәжілісі төрағасының құттықтауы ауылдағы Қабанбай атындағы тарихи-өлкетану музейінің қорына тапсырылды. Конференция барысында Әнуар Әлімжановтың елдік мүдде жолындағы қарымды қайраткерлігі, жазушылық қыры, тұлғаларды танытудағы ерен еңбегі кеңінен баяндалды.
«Жазушылардың бәрі де еңбектенеді, бірақ көптің ішінен оза шауып, халықтың көңілінде, тарихтың жадында қалатын қайраткерлер көп емес. Әнуар Тұрлыбекұлы сондай айтулы азаматтардың қатарында. Ол – Әбу-Насыр әл-Фарабиді ортамызға алып келген тұлғалардың бірі. Ол кезде ғылыми, әдеби орта Ақжан әл-Машани арқылы әл-Фарабиді танығанымен, жалпы қоғам толық біле қоймаған еді. Әнуар Әлімжанов оның тегі қыпшақ екенін, Отырар қаласынан шыққанын дәлелдеп, өмір жолын баяндайтын «Отырардан жеткен сый», «Ұстаздың оралуы» сияқты шығармаларын жазды. Алматыдағы даңғылға әл-Фараби есімі берілуін көтеріп, оған көп еңбек сіңіргенін бүгінгі ұрпақтың біліп жүргені жөн», деген Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Нұрдәулет Ақыш аяулы ағамыздың өзге де қырларына кеңінен тоқталды.
Осы тақілеттес естеліктер мен жазушы тұрғысындағы соны пікірлер айтылған конференцияда филология ғылымдарының докторы, профессор, әнуартанушы Кәкен Хамзин: «Біз Әнуар Әлімжановты жекешелендіре алмаймыз, ол бүкіл қазаққа ортақ перзент, тіпті халықаралық кеңістікке аты кеткен аса көрнекті қайраткер. Келешекте бұдан да салмақты халықаралық деңгейдегі іс-шара өтеріне кәміл сенемін», деді.
Өз кезегінде ақын Ұлықбек Есдәулет жазушының халықаралық әдеби байланыстарды нығайтудағы рөліне тоқталды: Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Бірінші Петр Еуропаға терезе тескен болса, Әнуар Әлімжанов Азияға айқара жол ашты», – дейтін сөзі бар. Расында Әлімжанов КСРО-ның Азия, Африка жазушыларымен байланыс жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары, дәл осындай Еуропа жазушыларымен байланыс жөніндегі комиссияның белсенді мүшесі болды. Бұл әлем әдебиетімен тікелей байланыс жасап отырған қазақтың өкілі деген сөз», деді Ұ.Есдәулет.
Конференция барысында белгілі қаламгер, Алматы облысының құрметті азаматы Әли Ысқабай жазушы туралы толғамын жеткізсе, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуат Қайранбаев жазушы рухына арналған жырын оқыды.
«Әнуар ағамыздың рухани болмысына бойладық, асқақ тұрпатын көзге елестеттік. Енді осы мерейтой үстінде Сәкен ағамыздың Әнуар Әлімжанов қайтыс болғанда жазған өлеңін оқып беруді жөн санадым», деп қос тұлғаны тең көтере толғанған «Құрмет» орденінің иегері, ақын Жұматай Оспанұлы жырға кезек берді. «Ағам бар еді мір тілді, Жағам бар еді – жыртылды! Қан жылап тұрған жүрекпен, Жұбатам қалай жұртымды?», – деп келетін Сәкен Иманасов жырымен түйінделген конференциядан соң көпшілік жазушының рухына арналған асқа қатысты.
Жетісу облысы