Ұлт зиялыларын өнегесін ұмытпай, өскелең ұрпаққа есімін ұлықтай жүру – елге аманат дүние. Осы орайда Нұра ауданының орталығы Нұра кентінде Хайретдин Болғанбай, Рақымжан Қошқарбаев, Әмен Қайдаров секілді тұлғалардың атына көше берілді.
Алаш қайраткерлері арасынан өзінің зерделі ой-пікірімен, халық ағарту ісі мен қазақ баспасөзі саласында сіңірген еңбегімен ерекшеленген тұлғаның бірі – көрнекті қоғам қайраткері Хайретдин Болғанбай.
Халық тағдырымен тамырлас болған «Қазақ» газетінен қанаттанған Х.Болғанбай кейін 1917–1918 жылдары Ташкент қаласында «Бірлік туы» газетін шығаруға белсенді атсалысады. «Бірлік туы» газеті – алғашқы қазақ басылымдарының бірі. Негізін қалаушы әрі алғашқы редакторы – Мұстафа Шоқай. Газетті шығаруға Хайретдин Әбдірахманұлы да қатысқан. Оның 7-14 нөмірлері журналист Хайретдиннің басшылығымен шығыпты. Газет 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін қалыптасқан қоғамдық-саяси жағдай, сонымен қоса, ел ішіндегі әлеуметтік-экономикалық ахуал туралы хабарлар жариялап, елді бірлікке шақырып, азаттық үшін күрестің жаршысы бола білген.
Рақымжан Қошқарбаев Екінші дүниежүзілік соғыста Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсеткен. 30 сәуір күні ол жауынгер Григорий Булатов екеуі кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа жетіп, жеңіс туын тікті. Өкініштісі, бұл ерлігі егемендік алғаннан кейін ғана мойындалды. Халық қаһарманы атағы берілді. Оның өзінде алғашқы болып батыр Бауыржан Момышұлы жоғары жаққа хат жазып, Рақаңның ерлігі туралы мәлімет берді. «Мен де соғысқа қатыстым. Дивизияға дейін басқардым. Төрт жыл бойғы сұрапылдың небір сұмдықтары көз алдымда. Бірақ Берлинді алардағы, Рейхстагқа ту тігердегі қырғын – ол нағыз ақырзаманның өзі. Жаңағы жігіт сол тозақ отының ішінде болған. Сол алапаттан аруақ қолдап, аман шыққан. Жеңіс туын тіккен! Тағдыр оның тарихи адам ретіндегі өмірбаянын сол сәтте жазған! Сендердің міндеттерің – енді соны елге айтып, жалпақ жұртқа жеткізу» деп кейінгі ұрпаққа ұмытылмастай айтып кетуі өшпес өнеге екені айқын.
Қазақ анимациясының атасы атанған Әмен Қайдаров Нұра ауданы Жіңішке ауылында өмірге келген. Тұңғыш телевизия аниматоры, суретші, кинорежиссер, профессор. Қазақ КСР-не еңбек сіңірген өнер қайраткері.
«Қожанасыр – құрылысшы», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан», «40 өтірік», «Сиқырлы кілем», «Құйыршық», «Тағдыр», «Жанар», «Күн сәулесінен пайда болған күшік», «Аңғару», «Күн шағылысы», «Даналық пен байлық», «Лаула» секілді кәсіби шеберлікпен салынған мультипликациялық фильмдері – шебер суретші, аңыз аниматордың атап айтар еңбектері. Міне, енді осындай тұлғалардың есімі Нұра кентінде жаңғырып тұратын болады.
Жаңа атау алған көшелердің салтанатты ашылу рәсімінде аудандық мәслихат төрағасы Қуаныш Жүнісбеков, ардагер журналист Ақбекет Сағымбаев, ауданның қадірлі ақсақалы Айтбай Жүнісов және ұлт зиялыларының ұрпақтары ақжарма лебіздерін білдірді.
«Үш бірдей заңғар тұлғаға көше атауын беру – ауданымыз үшін зор мәртебе. Үшеуі де Алашқа ортақ тұлға. Ал Хайретдин Болғанбай мен Әмен Қайдаровтың осы өңірде туғаны – біз үшін мақтаныш. Міне, енді ел есіміне қанық болады. Өскелең ұрпақтың жадында қалатын осындай игі істеріміз көп болсын!», дейді мәслихат төрағасы Қуаныш Жүнісбеков.
Мәдени іс-шараға Хайретдин Әбдірахманұлының туған жиені Достық Кәмелов те қатысып, қайраткерге көше беру ұсынысын құп алған аудан басшылығына алғыс айтты.
– 2009 жылы Астанада Хайретдин Болғанбаевтың атына көше берілді. Алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы құрастырған «Хайретдин Болғанбаев. Шығармалары. Тағылымы» атты кітап жарық көрді. «Иман күші» деп аталған тағы бір кітап басылып шықты. Мен атамыз туралы 250 беттен асатын деректерді жинап, кітап етіп шығардым. Алаш арыстары туралы көптеген фильм жарыққа шығып жатыр, Хайретдин Болғанбаев та осындай құрметке әбден лайық деп санаймын. Құдайға шүкір, атамыз атаусыз қалды деп өкпелейтін жөніміз жоқ. Ең бастысы, артында ұрпағы қалды, шөберелері өсіп келеді. Хайретдин Болғанбаев туралы ең үлкен естелік – еңбегін елінің ұмытпағаны, ұрпағының өсіп жатқаны деп ойлаймын», деді Достық Кәмелов.
Салтанатты рәсімнен соң ауданның спорт алаңында күрес, қолкүрес, қошқар көтеру сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Волейбол турнирі де тартысты болды. Орталық алаңда концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, соңынан айтыс өтті. Одан соң ас беріліп, Алаш ардақтыларының рухына құран бағышталды.
Қарағанды облысы,
Нұра ауданы