Түркістан облысы шаруаларын алаңдатып отырған ең өзекті дерлік екі мәселе бар. Биыл ауа райының қолайсыздығы салдарынан егін алқаптарының біраз бөлігі күйіп кеткен. Жалпы, егілген 389,3 мың гектар алқаптың 10%-ы жарамсыз күйге түскен. Бұл жоспарланған өнім көлемінің айтарлықтай төмендеуіне әкелуі мүмкін. Сондай-ақ өңірде зиянкестермен күрес мәселесі де өзекті болып тұр.
Облыс тұрғындарының тұрмысына ғана емес, бүкіл елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіріп отырған өзекті мәселелер Мәжілісте де көтерілді. Премьер-министрге сауал жолдаған депутат Ұласбек Сәдібеков жайылымдардың қурауы мен мал азығының тапшылығы ауыл тұрғындарының тұрмысын одан сайын ауырлатып отырғанын жеткізді.
Мал басының азаюы да тіршілігі төрт түлікке тәуелді өңірде үлкен проблемаға айналды. Осындай мәселелерге Үкіметтің назарын аударған депутат зардап шеккен аудандарда төтенше жағдай режімін жариялау мүмкіндігін қарастыруды, қуаңшылық зардаптарын еңсеруге бағытталған арнайы өңірлік бағдарлама қабылдап, оның аясында ғылыми негізделген агроэкологиялық шешімдерді жүзеге асыру керек екенін атап өтті. Депутат «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы көктемгі дала жұмыстарына берілген несие қаражаттары мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 2023 жылдан бері лизингке алынған техникалар жөніндегі несиелердің қайтару мерзімін 1 жылға шегеруді ұсынды. Оңтүстіктегі шаруалар «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан аудандардағы несие серіктестіктеріне қойылатын талаптарды оңтайландыруға, жауып тастаған несие желісін қайта ашуға ықпал етуді сұрайды.
«Аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы күрес шараларын жедел әрі тиімді жүзеге асыру үшін өңдеуге жататын барлық жер көлемін республикалық бюджеттен 100% қаржыландыру керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы күрес жүргізу құзыретін, тиісті қаржы көлемімен бірге өңір әкімдіктеріне беруді ұсынамын», деді Мәжіліс депутаты.
Қозғалған қос мәселеден туындаған қиындықтарды жеңілдету бағытында облыстық деңгейде қолға алынған жұмыстар баршылық. Халық қалаулысы ұсыныстары қолдау табады деген үміттегі шаруалар су үнемдеудің барлық мүмкіндігін қолданып келеді. Яғни су үнемдеу технологияларын енгізе отырып шығынды азайтып, суармалы жерлерді ұтымды пайдалануға тырысып жатыр. Облыста 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын 216,3 мың гектарға енгізу жоспарланған. Биыл 27 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу жоспары бекітілді. Дегенмен барлық мүмкіндік ескеріле отырып, жоспар көлемі екі есе артты.
Облыс көлемінде шетелдік инвестордың атсалысуымен жаңа технология 32 мың гектарға енгізілген. Трансшекаралық суға тәуелділікті төмендету мақсатында жаңа технологияларды оңтүстік аудандарда 24 мың гектарға енгізу жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін заманауи ылғал үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру мақсатында жабдықтар сатып алуға, сондай-ақ барлық қажетті инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалған шығындардың 50%-ын өтеуді көздейтін инвестициялық субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау жүзеге асырылады. Оған қоса шығынның тағы 30%-ы облыс бюджеті арқылы өтеледі.
Түркістан өңіріндегі аймақтарда Бәйдібек ата, Қарақуыс суқоймалары салынып жатыр. Сондай-ақ «Боралдай», «Иқан су» суқоймаларын салу жобалары әзірленген. Жобалар толық іске асқан жағдайда «Бөген» суқоймасына қосымша 120,3 млн текше метр ағын су жеткізіліп, Түркістан қаласы аумағындағы өңірлерде мәселе шешімін табады. «Боралдай» суқоймасы Түркістан қаласы мен Ордабасы, Бәйдібек, Отырар, Сауран аудандарындағы 67 мың га жерді кепілді ағын сумен қамтамасыз етеді. Оның ішінде Отырар, Сауран аудандарында жаңадан 6000 га, Ордабасы ауданы Қажымұқан ауылдық округінде 630 га суармалы егістік алқаптары қосылады. Мамандардың мәлімдеуінше, жауын-шашынның аз түсуінен биыл арналарда су көлемі едәуір кеміген. Мәселен, өткен жылы Арыс өзені арқылы келетін су секундына 55 текше метрді құраса, биыл бұл көрсеткіш 13 текше метрден аспай тұр. Бөген суқоймасына жиналған су мөлшері былтыр 339 млн текше метрге жетсе, қазіргі таңда нақты бар су – 230 млн текше метр. Бұл орайда облыс әкімдігі жауаптылардан ағын судың бейберекет босатылуына жол бермеуді, бақша түрлерінің өну кезеңдерін ескеріп, кезектің сақталуын қадағалауды талап етіп отыр.
Кейінгі жылдары бірқатар аудан тұрғындарын шіркейлер шаршатып келеді. Ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанына қарамастан, шіркейлерді түбегейлі жою әзірге мүмкін болмай тұр. Зиянкестердің көбеюіне қарсы кешенді іс-шаралар қолға алынған. Айталық, Сырдария өзенінің бойындағы елді мекендерде химиялық, биологиялық препараттар қолданылып жатыр. Іс-шаралар экологияға зиян келтірмей, зиянкестердің санын азайтуға бағытталған. Жуырда «Бактицид» биопрепаратының 111 тоннадай суспензиясы құйылды. Бұл жұмыстарға 12 арнайы техника, 6 қайық, 28 адам жұмылдырылды. Жіберілетін дәрінің мөлшері Сырдария өзеніндегі, Көксарай қоймасынан шығып жатқан судың көлеміне қарай есептеледі. Биыл өзенді дәрілеудің арақашықтығы жиілеген. Шіркей дернәсілдері шоғырланған аумақта дәрінің мөлшері көбейтілген. Жауаптылар жұмыс нәтижесінде Сырдария өзенін жағалай орналасқан ауылдарда шіркей азайды дейді. Мұны жергілікті тұрғындар да растайды.
Облыс аумағында барьерлік химиялық өңдеу жұмысы жүргізіліп келеді. Бұл жұмысқа 38 толық жетекті жеңіл автокөлік, 36 арқаға асылатын бүріккіш, 4 термоөңдеу, әуе дрондары жұмылдырылған. Көлік жетпейтін аймақтарға арнайы дрондар қолданылады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың мәлімдеуінше, облыстағы 52 елді мекенді 15 секторға бөліп, 600-ге жуық көшеде заласыздандыру тұрақты жүргізіліп келеді.
Биыл шіркейге қарсы дезинсекция шаралары Сырдария өзенінде, сондай-ақ Түркістан, Кентау, Арыс қалаларында, Отырар, Шардара, Келес, Ордабасы, Сауран аудандарында атқарылып жатыр. Ғылыми сүйемелдеу жұмыстарын «Защита-растений-К» ЖШС жүргізеді. Сырдария өзеніне 9 рет биологиялық өңдеу жүргізіліп, 95 120 килограмм препарат құйылды. Аса қауіпті зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу 450 мың гектарға жүргізілген. Отырар мен Арыс, Ордабасы шекаралас аумағында кейінгі күндері анықталған 850 га аумақ өңделіп, зиянкестен тазаланған.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, бүгінде өңірде шегіртке зиянкесіне қарсы жалпы 368,6 мың га жер дәріленген. Оның ішінде Арыста – 132,9 мың, Келесте – 108,8 мың, Сарыағашта – 97 мың, Шардарада – 5724, Ордабасыда – 11,5 мың, Бәйдібекте – 5750, Қазығұртта 4954 га жер химиялық өңдеуден өтті.
Түркістан облысы