• RUB:
    6.51
  • USD:
    510.81
  • EUR:
    578.59
Басты сайтқа өту
Басылым 28 Мамыр, 2025

Қазақстан – Италияның Орталық Азияға ашылған қақпасы

20 рет
көрсетілді

Осы жылдың наурыз айында Италия президенті Серджо Маттарелла Қазақстанға ресми сапармен келген еді. Сапар Италия мен Орталық Азия арасындағы дамып келе жатқан қарым-қатынасты одан әрі нығайтты. Әсіресе бұл Еуроодақтың, соның ішінде Италияның аймаққа деген стратегиялық қызығушылығын арттыра түсті.

Авторы: Маттео Мелони,

SpecialEurasia ақпараттық сайты­ның бас редакторы 

Кейінгі онжылдықта Италия аймақтың энергия жеткізушісі, ита­лиялық экспорт нарығы және Еура­зиядағы негізгі транзиттік хаб ретінде Қазақстан мен Орталық Азияның басқа елдерімен қарым-қатынасын тұрақты түрде арттырды.

Кәрі құрлықтағы бұл мемлекет Қазақстанның негізгі еуро­палық сауда серіктесі болды, 2024 жылы жалпы сауда көлемі бойынша Ресей мен Қытайдан кейінгі үшінші орынды иеленді. Екі ел арасындағы сауда тұрақты, бұл негізінен Италияның қазақ­стан­дық мұнай мен газ импортына тәуелділігіне байланысты. Италиялық, әсіресе энергетика саласындағы компаниялар елдің стратегиялық позициясын және мол табиғи ресурстарды пайдалана отырып, Орталық Азия­­дағы мүмкіндіктерін кеңей­­тіп келе­ді. Мәселен, 2022 жылы Италия Өзбекстанмен инфрақұрылымды дамыту, технологиялар транс­ферті және мәдени алмасулардағы өзара мүдделерді атап көрсете отырып, жаңа сауда-экономи­ка­лық ынтымақтастық туралы келісім­дерге қол қойды. Сол сияқты Ита­лия Қырғызстанның, әсіре­се тоқыма өнеркәсібінің инвес­ти­циялық мүмкіндіктерін зерт­теп, аймақтық нарыққа, со­­ның ішінде Қазақстан мен Ре­сей­­ге шыға алатын бірлескен кәсіп­орын құруды мақсат етіп отыр.

Біз жалпы Еуропа Одағының аймақтағы белсенділігін арттыруда Италияның Орталық Азия­дағы өсіп келе жатқан қа­рым-қатынасының геосаяси маңыз­дылығын түсінуіміз керек. Осы жылдың сәуірінде Са­мар­қандта Еуропалық кеңес төр­ағасы Антонио Коста және Еуро­палық комиссия төрағасы Урсу­ла фон дер Ляйенмен бір­ге Қа­зақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан басшыларының басын қосқан тұңғыш ЕО-Орталық Азия сам­миті өтті. Бұл саммит ЕО-ның Орталық Азия елдерімен сая­си және экономикалық серік­тес­тік­терін нығайтуға ұмтылы­сын көрсететін тарихи сәт болды. Ор­та­лық Азияның табиғи ре­сурс­тарының мол қорын ескере отырып, Брюссель ресейлік энергетикаға тәуелділігін азайту үшін баламалы энергиямен қамтамасыз ету жолдарын да­мы­туға ынталы. Қазақстан – бұл тұрғыда маңызды серіктес. Өйт­кені ол әлемдегі ең ірі уран өнді­рушілердің бірі және эфирлік мұ­най мен газ жеткізетін бас­ты мемлекет. ЕО сондай-ақ инфра­құ­ры­лымды дамытуға және цифр­­лық трансформацияға баса назар аудара отырып, аймақ­пен сауда байланыстарын артты­руға ұмтылады. Бұған қоса аймақ­тық қауіпсіздікке, әсіресе Ауған­стандағы Талибанның қайта жандануына байланыс­ты Брюссель терроризмге қар­сы және шекара қауіпсіздігі сала­сындағы ын­тымақтастық арқылы тұрақ­тылықты нығайтуды көздейді.

Негізі Орталық Азия Ресейді айналып өтіп, Каспий теңізі арқылы Еуропаны Қытаймен байланыстыратын маңызды сауда жолы – Орта дәлізде шешуші рөл атқарады. ЕО-ның бұл бастамаға қатысуы оның аймақтағы эконо­микалық ықпалын күшейте алады. Орталық Азия ондаған жылдар бойы Ресей, Қытай және АҚШ арасындағы текетірестің куәсі болды. Кейінгі жылдары көпполярлы дәуірде Орталық Азияның геосаяси шахмат тақта­сында Түркия, Парсы шыға­на­ғындағы араб монархия­ла­ры, Үндістан және Иран сияқ­ты аймақтық ойыншылар пайда болды. Осы тұрғыда ЕО-ның аймақтағы рөлі ОА елдеріне дәстүрлі серіктестікке балама ұсына отырып, геосаяси тепе-теңдіктің өзгеруін көрсетеді.

Президент Серджо Мат­та­рел­ланың Қазақстанға сапа­ры және жуырда жасалған екі­жақты келісімдер мысалында келтірілген Италияның Қазақ­станмен дамып келе жатқан серіктестігі Еуропаның Орталық Азиядағы белсенділігін арт­ты­рудың кең үрдісін көрсе­те­ді. Бұл ЕО-ның басты стра­те­гиялық мақсаттарына, әсіре­се энергетикалық ресурстар­ды қам­тамасыз ету, сауда қаты­нас­­та­рын арттыру және аймақтық тұ­рақ­тылықты ілгерілетуге сәй­кес келеді.

 

Дайындаған –

Гүлнар ЖОЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan»