Шәкәрім университетінде Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай «Абайдың толық адам ілімі: ұлттық құндылықтар мен заманауи көзқарас» атты республикалық жастар форумы өтті. Айтулы іс-шара Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылды. Оған абайтанушы ғалымдар, еліміздегі жоғары оқу орындарының басшылары мен студенттер қатысты.
Форум мақсаты – Абайдың «Толық адам» ілімін жастар арасында насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және заманауи көзқарастармен байланыстыру.
Мазмұнды жиынның ашылуында Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков іс-шараға қатысып отырған қауымға құттықтау сөзін арнап, форум жұмысының маңызына тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында Абайдың «Толық адам» ілімін жастардың зияткерлік тәрбиесінің өзегіне айналдыру керектігін баса айтқан болатын. Бұл үрдіс мәдени бастама ретінде емес, жауапты, кемел, ойлы азаматты қалыптастырудың стратегиялық моделіне айналуға тиіс. Өйткені бұл – қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуының іргетасы. Бүгінгі форум хакім Абайдың «Толық адам» ілімін ұлттық және заманауи тұрғыда тереңірек түсініп, әр қырынан талдап, маңызын зерделеуге арналып отыр», деді ол. Форумның пленарлық отырысында Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханқызы, Назарбаев университетінің профессоры Гүлтас Құрманбай, Астана қаласы бойынша Сот әкімшілігі департаменті басшысының орынбасары Қанат Оспанов және абайтанушы, әуезовтанушы Әзімхан Исабек сынды ғалымдар хакімнің «Толық адам» ілімі туралы парасатты сөз сабақтады.
Ғалым Гүлтас Құрманбай Абайдың тағылымы мол қарасөздері мен өлеңдеріндегі пәлсапалық ой-тұжырымдарды қазіргі күнмен сабақтастыра сөйлеп, дала данышпанының мұрасы бүгінде тұтас бір халықтың адастырмас темірқазығы, рухани қайнары, сарқылмас қазынасы болып отырғанын жеткізді. Ол Абай ілімін зерделеуді жаңа белеске көтеру үшін жаңа технологияға бейімдеуіміз керек дейді.
Жиын аясында «Абай жастары» жастар орталығы семинар-тренинг өткізіп, «TED talks» форматында өз ойларымен бөлісті. Сондай-ақ ең белсенді қатысушыларға Ғылым және жоғары білім министрлігінің алғыс хаты мен сертификаты табыс етілді.
Іс-шара соңында форумға келген делегация өкілдері Абай облысының киелі орындары – Күшікбай мемориалы, Бөрілі, Сырт Қасқабұлақ, Жидебай, Абай-Шәкәрім кешенін аралап, рухани әсер алды.