Қазақ дүниетанымында қағаберіс қалған ештеңе жоқ шығар. Ұшқан құс, жүгірген аң, жорғалаған жәндікке дейін бәрі қамтылған. Соның бірі – дуадақ.
Дуадақты орыстар дрофа дейді. Шығу тегі тырналарға жақын болғандықтан, тырнатектестер отрядының дуадақтар тұқымдасына жататын жыл құсы деп аталады. Бұл құсты Шымкентте оқып жүргенімде, Бәйдібек ауданынан көргенім бар. Құстың алғаш атауын естігенде «Топ дуадақ, дегенде топ дуадақ, топ дуадақ жайылар көк қуалап» деген қара өлең жолдары есіме түсті. Қызығы, бала кезімізде шай ішпей қойсақ, шешеміз: «Әй, тоқтыбалақ боп қалғансың ба, шай ішсеңші» дейтін. Оңтүстікте дуадақтардың үлкен түрін «Тоқтыбалақ» деп атайды екен. Ол орнитологияда жек дуадақ деп аталады.
Дуадақ (Otis tarda) – елімізде сирек кездесетін, құрып кету қаупі төніп тұрған құстардың бірі. Қызыл кітапқа енгізілген, Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізімінде (жойылып бара жатқан түр ретінде) тіркелген. Негізгі жауы – ауылшаруашылық техникалары, бұралқы иттердің жұмыртқалар мен балапандарды жоюы, браконьерлік, электр беру желілерінің сымдарымен соқтығысуы. Осы қауіптерді азайту, дуадақтың санын көбейту мақсатында жергілікті халықпен, энергетиктермен жұмыс жүргізіліп жатыр. Жұмыс Биоалуантүрліліктің негізгі аумақтарын сақтау жөніндегі серіктестік қорының (CEPF) қолдауымен «Өзбекстан және Қазақстандағы дуадақтарды трансшекаралық сақтау» жобасы аясында жүзеге асырылып келеді. Бұған Германияның табиғатты қорғау одағы да (NABU) ерекше көңіл бөліп отыр.
Үржар ауданында «Тарбағатай» мемлекеттік табиғи паркін көрудің сәті түсті. Ұлттық саябақтан арнайы іздегенім де осы дуадақ еді. «Іздеген табады, тапқан қуанадының» дәл өзі болды.
«Дуадақтар – ұлттық парк аумағына көктемде наурыз-сәуір айларында ұшып келіп, күзде қазан-қараша айларында жылы жаққа ұшып кетеді. Бірақ кейінгі жылдары, табиғаттың өзгерісі ме, тіпті қыстап қалатындары да бар. Өткен жылғы көктемгі санақтың қорытындысына сәйкес, ұлттық парк аумағында 84 дуадақ кездесті», дейді ұлттық парктің ғылым, ақпарат және экологиялық мониторинг бөлім басшысы Баян Садақова.
Ғалым Төлеужан Әбішеваның зерттеуінше, қазіргі кезде дуадақтардың 11 туысқа жататын 24 түрі дүние жүзінде түрлі аймақта таралған. «Дуадақтардың елімізде 3 түрі кездеседі: 1. Дуадақ (Оtis tarda); 2. Жорға дуадақ (Chlamydotis undulate); 3. Безелдек – (Otis tetrax). «Дуадақ құсын еліміздің кейбір өңірлерінде үлкендігіне байланысты «тоқтыбалақ» деп те атаған. Дуадақтың «тоқтыбалақ» деп аталуына оның денесінің ірілігі басты себеп болса керек. Өйткені дуадақ елімізде кездесетін жыл құстарының ең ірісі», дейді маман.
«Әлемде дуадақтың мыңға жуық ғана саны қалған. Оның 700-ге жуығы Түркістан облысында мекендейді», дейді табиғат жанашыры Ғани Назарбек. Оның айтуынша, жер бетінен жойылып бара жатқан құстың 70%-ы біздің елде екен.
«Дуадақтар көбіне Түрікменстан, Тәжікстан аумағында қыстап шығады. Өсімдіктердің тұқымдарымен, тамырсабақтарымен, кейде құрттармен, жәндіктермен, тіпті ұсақ омыртқалы жануарлармен де қоректенеді. Дуадақтар еліміздегі Наурызым, Қорғалжын, Үстірт мемлекеттік табиғи қорықтарында қорғауға алынған. Еліміздегі дуадақтар санының азаюына заңсыз аулау, олар тіршілік ететін табиғи ортаның тарылуы, әсіресе тың, тыңайған жерлерді бейберекет жырту әсер еткендігі белгілі», дейді профессор Рысбай Сәтімбеков.
Бұл құс әуелде араб жазирасында көп болған деседі. Бірақ араб жұрты ақыры құртып тынды да, енді байшыкеш бәдәуилер бізге ауыз салып отыр. Бір кезде Үкімет Біріккен Араб Әмірліктері мен Қатар елінің шейхтарына еліміздегі қорықтарда Қызыл кітапқа енгізілген дуадақты аулауға рұқсат берген еді. Бұл шешім қоғамда біраз пікір туғызды. Бұған әсіресе табиғат жанашырлары үзілді-кесілді қарсы.
Орнитологтердің пікірінше, дуадақтарды қорғауға әлі де мүмкіндік бар. Ол үшін жергілікті тұрғындар мен ауылшаруашылық қызметкерлерін дуадақтың экожүйедегі рөлі мен оны қорғаудың маңыздылығы туралы жан-жақты ақпараттандыру керек. Екінші – браконьерлікпен күресті күшейту, заңсыз аулауға қарсы қатаң шара қолдану. Сонымен қатар дуадақтарды сақтау, олардың популяциясын қалпына келтіруде мемлекеттік органдар мен экологиялық ұйымдардың бірлескен күш-жігері қажет.
Абай облысы