Бүгін Алматы билігі мемлекеттік сатып алуларға қатысатын мердігер ұйымдарға қойылатын талаптарды қатаңдата түсетіні туралы хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Қала билігі мерзімінде орындалмаған, яки стандарттарды сақтамайтын, өз міндетін орындамайтын компанияларды жұмысқа араластырмауды көздеп отыр. Бақылауды күшейтумен қатар, республика деңгейінде сатып алу ережелеріне өзгерістер енгізілді, бұл кездейсоқ компанияларды тендерге жолатпауға септігін тигізбек. Сонымен қатар, сенімсіз жеткізушілерге айыппұл салып, шектеуді қатаңдатуды көздейтін ұсыныс жасап жатыр. Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында осындай ой айтылды.
«Біз адал бизнеске барынша жағдайды жасаймыз. Алматыда адал мердігерлер жұмыс істеуі керек. Міндеттемесін мерзімі, сапасы жағынан болсын, межелі уақытында орындамайтын кез келген компанияны қоштамаймыз. Ақша тауып, жұмысына жүрдім-бардым қарайтын мердігерлер бұл жерде табыс таба алмайды. Оларға талап күшейеді. Бірақ адал бизнесті біз әрдайым қолдаймыз», — деді қала әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов.
Биылғы 9 айда Алматыда Бірыңғай сатып алуларды ұйымдастырушы жалпы сомасы 752,6 миллиард теңгеге 1 274 байқау өткізген. Оның 491 миллиард теңгесі құрылыс пен инфрақұрылымдық жұмыстарға тиесілі. Бірақ мердігердің кейбірі істі игере алмай, тапсырысты үшінші біреуге өткізіп, жұмысқа кесірін тигізген. Билік мұндай компаниялардың болашақтағы байқауға қатысуына шектеу қойып, бақылауды күшейте түспек.
«Биыл бізді міндетін дұрыс орындамаған мердігерлер біраз әуреледі. Бұған тендерде компаниялардың жалпы тәжірибесі ескеріліп, нысанның күрделілігін сараламағаны себеп болған. Бұрын шағын жұмыс істеген компаниялар үлкен жобаларды жеңіп алды. Министрлік кейін ережеге өзгеріс енгізді: енді тәжірибеге сараланған тәсіл қолданылып, мемлекеттік сатып алуға қатысуы нақты ескерілетін болады», — деді Мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Еркінбек Әмірғалиев.
Осы орайда Алматы қаласы Қаржы министрлігіне төмендегідей ұсыныстарын білдірді.
Құрылыс жұмысы бойынша аванстық төлемді тапсырыс берушінің құқығы ретінде қарастыру (қазіргі кезде бұл міндетті шарт),Сенімсіз жеткізушінің тізімінде болуды 2 жылдан 3 жылға дейін ұзарту.Оған қоса қазіргі кезде айыппұл көлемі тек 0,01% болғандықтан, бұл тиімсіздеу болып тұр. Сондықтан Алматы билігі оны шарт сомасының 25%-ға дейін ұлғайтуды ойластырып отыр.
«Бюджеттің әр теңгесі тиімді жұмсалуы тиіс, бұл қағида Алматыда нақты жұмыс істеп тұр», - дейді әкімдік өкілдері.