• RUB:
    6.51
  • USD:
    510.81
  • EUR:
    578.59
Басты сайтқа өту
Руханият 27 Мамыр, 2025

Көктен көк қошқар түскен күн

240 рет
көрсетілді

Жыл сайын мұсылман жұрты асыға күтетін Құрбан айт мейрамы биыл 6, 7 және 8 маусым күндеріне сәйкес келіп отыр. Үш күнге жалғасатын бұл қасиетті мейрам – Алла жолында құрбандық шалу, жақсылық жасау мен бауырмалдықты дәріптейін ең ұлық күндердің бірі. Оның бастауы Ыбырайым пайғамбар мен ұлы Ысмағұлдың Алланың сынағына адалдықпен төтеп берген оқиғасымен тығыз байланысты, деп жазады Egemen.kz.

Аңыз бойынша, Алла тағала пайғамбарға аян беріп, жалғыз ұлын құрбандыққа шалуды бұйырады екен. Ұлының жаны үшін емес, Жаратқанның разылығы үшін бұл бұйрықты орындауға бел буған пайғамбар ұлын ертіп тауға қарай бет алған. Жол-жөнекей шайтан бірнеше мәрте олардың ойын бұзуға тырысқан.

Таудың басына жеткенде, пайғамбар көз жасына ерік береді. Ұлы сабырмен жауап қатады:

«Алланың бұйрығына мен де ризамын. Тек өтінерім: анам мені жоқтап жыламасын… Бауыздар кезде менің көзіме қарамаңыз…»

Ал Ыбырайым пайғамбар үш рет пышақ тартқанымен, өткір кездік ұлының тамағын кеспеген. Сол кезде көктен Жебірейіл періште көк қошқар алып келіп, Алланың: «Ұлыңның орнына осыны шал» – деген пәрменін жеткізеді деседі. Осы сәттен бастап, Құрбан айтта құрбандық шалу мұсылмандар үшін уәжіп амалға айналған екен.

Жалпы, қазақ халқы Құрбан айтты ежелден ерекше құрметтеп келген. Айттың таңында жамағат мешітке жиналып, айт намазын оқиды. Кейін әркім жағдайына қарай құрбан шалып, мұқтаждарға ет таратады. Құрбан шалынған еттің үштен бірі – жоқ-жітікке, үштен бірі – туған-туыс, көрші-қолаңға, ал қалғаны – өз отбасына қалдырылады.

Имамдардың айтуынша, құрбандық шалудың басты мәні – малда емес, ниетте. Бұл – Аллаға деген ықыластың, жомарттықтың, бауырмалдықтың көрінісі. Бұл күні мешіттерде қайырымдылық акциялары өтіп, мыңдаған мұқтаж адамға көмек көрсетіледі. Тіпті әлеуметтік желілерде де Құрбан айт қарсаңында жақсылық жасау, мұқтажды қолдау жөніндегі бастамалар жиілей түсті.

Құрбан айт басқа елдерде қалай тойланады?

Дүние жүзінің түкпір-түкпірінде миллиондаған мұсылман бұл мейрамды атап өтеді. Бірақ әр елдің салт-дәстүрі, өмір салты мен мәдениеті Құрбан айтты өз ерекшелігімен бейнелейді.

Сауд Арабиясында Құрбан айт – қажылықпен қатар келген қасиетті құбылыс. Мекке мен Мәдинада айт таңында жиналған қажылардың тәкбірі аспанды жаңғырықтырады. Құрбан шалу рәсімі арнайы ұйымдар арқылы жүзеге асады, ал құрбан еті мұқтаж елдерге жөнелтіледі.

Ал Түркияда бұл мейрам «Курбан Байрамы» деп аталады және бұл елде үш күн тойланады. Таңмен таласа мешіттерде намаз оқылып, отбасылар бір дастарқан басына жиналады. Ет үшке бөлініп, оның бір бөлігі кедейлерге және жағдайы төмен отбасыларға таратылып беріледі.

Мұсылман әлемінің ең халқы көп елі – Индонезияда Құрбан айт «Ид әл-Адха» деп аталады. Мұнда мешіттер маңында мыңдаған мал сойылып, олардың еті арнайы жүйе арқылы үлестіріледі. Жастардан құралған ерікті топтар санитарлық тазалық пен логистикаға жауап беріп, мерекенің тәртіппен, жүйелі өтуіне үлес қосады. Бұл елде мейрамға орай  төрт күн демалыс береді. Барлық жерде отшашулар атылады.

Құрбан айттың әр елде өзіндік сипаты бар. Бірақ оның түпкі мәні – жүректегі иман, Аллаға жақындау, адамға жанашыр болу. Жер мен шекара бөлінгенімен, Құрбан айт мұсылман жұртын бір тілекке, бір тілеуге және бір сенімге тоғыстырады.