• RUB:
    6.51
  • USD:
    510.81
  • EUR:
    578.59
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Мамыр, 2025

Жезқазғанда ас беру кезіндегі ысырапшылдық мәселесі талқыланды

1100 рет
көрсетілді

«Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» деп Абай айтқандай тас түскен жеріне ауыр. Осы күні адамы қайтыс болып, қайғыдан қан жұтып отырған отбасы көңіл айтқан адамдарға алдымен қонақасы беруді әдетке айналдырған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәйіттің денесі жер бесікке түспей жатып, дәм берудің қамымен жүргенде әкесіне топырақ сала алмай қалған жағдай да болған екен. Қымбат мейрамхананы алып, дүниеден өткен жақынына аста-төк дастарқан жайып, құдайы ас беру де бәсекеге айналғандай. Бұл үрдіске шектеу қоймаса, етек алып бара жатқаны анық. Қоғамдағы өзекті мәселе қалтарыста қалмапты.

Жезқазған қаласында қалалық Ардагерлер кеңесі мен дін өкілдері бірлесіп өткізген «Ысырапшылдыққа жол бермеу - имандылық негізі» атты форумда ас беру мен зират көтерудегі ысырапшылдық мәселесі талқыға түсті. Жергілікті ақсақалдар, азаматтық қоғам өкілдері мен барлық аудан, қалалардың имамдары қатысты.

«Ысыраптың зияны Құранда да баяндалған. «Ағраф сүресі», 31 аятта «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» деген. Ас беру, жаназа деген сауапты іс. Онда ысырап қылу керісінше күнәға алып барады. Шариғаттағы ас берудегі мақсат ең алдымен дұға бағыштау. Біздің асымыз емес, ішкен тамағымыз емес, сол марқұмға оқыған дұғамыз, тілеген тілегіміз, оқыған Құранымыз Аллаһтың құзырында қабыл болады. Қарапайым дастарқан жасап, ең бастысы дұға қылу. Ысырапқа жол беру ішіп жеуде ғана емес, зират көтеру мәселесінде қаншама ысырапшылдық болып жатыр. Жағдайы жеткені қымбат зират тұрғызса, жағдайы жоқ адам жұрттан ұят болады деп қарызға батады. Кейін алған қарызын отбасының аузынан жырып төлеп отырады», деді ҚМДБ Ұлытау облысы бойынша бас өкіл имамы Жансарин Бейбіт қажы.

Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Қазамбаев өз сөзінде  халқымыздың тұрмыс-тіршілігі жақсарғанын мойындауымыз керектігін атап өтті.

«Елдің тұрмысы көтерілді, азық-түлік түрлері көбейді, дастарқан молайды. Сонымен бірге обал-сауапты ұмыту секілді жаман әдет пайда болды. Біздің халқымыздың бір ерекшелігі жиған-тергенін той мен құдайы асқа шашады.  Кейбір құдайы астарда дастарқан мәзірі тойға арналған ба деп қаласыз. Негізі, осы мәселені реттеудің уақыты келген сияқты. Той мен құдайы асты ұлттық болмысымызға сай етіп, салт-санамызға негізделген имани дүниелерді көбірек насихаттаумен өткізуіміз қажет деп ойлаймын. Бізде де тойлар мен жиындардағы, құдайы астардағы тамақ мәзірлеріне қатысты мәселелерді бір ретке келтіру керек-ақ. Осы мәселелер жан-жақты ескерілу үшін, форумда Үндеу жариялап отырмыз», деді ол.

Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Әбулайс Молаковтың айтуынша, ысырапшылдыққа қарсы күресу оңай болмаған.

2020 жылы  27 қарашада Қарағанды қаласындағы Әнет баба атындағы мешітте 50 имам, 50-60 ақсақал жиналып, ысырапшылдықты жоюға бағытталған жиналыс өтті. Осы жылдың желтоқсан айында Сәтбаев қаласында әр рудың ақсақалдарының басын қосып, Қарағандыда болған мәселені жеткізеді. Сол уақытта тіпті бүгінгі күнге дейін  осы ұсынысқа келіспеген азаматтар бар. Бірі «Имамдар дастарқаныңды билемейді, дастарқаныңды билейтін сол әулеттің үлкені ақсақалы» десе, екіншісі «Баяғыда Сағынайға ас берген» деп қарсы шыққан.

Ажал жас талғамайды. Дүниеден өткен 80-90 жастағы адам болса бірсәрі, кейде жас адам, біреудің жалғызы кетіп жатады. Қалай сол жерге барып, тамақ ішіп, әңгіме айтып отырады?! Анасы шашын жұлып, келіні бетін жыртып жатқанымен жұрттың шаруасы жоқ. Қазір қарасаңыздар жаназадан кейін бүкіл 100 -150 адам топырақ салуға қабірдің басына барады. Қабірдің басынан келгеннен кейін дәм татуға келіп жатады. Неден құр қалды? Келесі аптада бейсенбісін, жетісін беріп жатқанда да келуге болады. Малыңды сой, жаназаңды атқар, қонақасыңды бер, қабіршіңді қарсы ал, жетісін, қырқын бер, оған қарсылық жоқ. Ал дәл адам өліп қалған күні жапатармағай дәмге бару дұрыс емес. 

Сәтбаев қаласындағы Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы мешітте дастарқанға жеті түрлі дәм салдырады. Бірақ бұл игі әрекетті өзгелер іліп әкетпей отыр. Форумға қатысушылар көнбегендерге арнайы комиссия мүшелерін сайлау керектігін айтады. Оның ішінде әкімшіліктен, милициядан, имамдар, сөзі өтімді ақсақалдар болу керек. Олар мешітті, дәмханаларды аралап, түсіндіру жұмысымен айналысу  керек дейді.

Ысырапшылдыққа жол беруде әйелдердің де кінәсі бар көрінеді.  Мейрамханаға барғанда ондағы әкімшілік «әйел адам келсін» деп айтады. Себебі ер адам тапсырыс берсе, соңынан әйелі келіп өзінің дегенін жасайды.  Кейбір құдайы аста ақ жаулықтылар қымбат мейрамхана таңдап, дастарқан жайғанда «олай істейміз, бұлай істейміз, кімнен кембіз» деп ысырапшылдыққа жол береді. Ас желінбей қалады. Соңында ысырап болып, қоқысқа төгіліп жатады. Сондықтан әйелдермен де ортақ тіл табысу керек-ақ.

Жезқазған қаласы Аналар кеңесінің мүшесі Өркен Қабешқызы «Даңғазалықты қою керек, бұл той емес, қайғы. Үлкен аста әйелдер жыртыс беру жоралғысын мүлдем доғарса, берілген жыртысы кәдеге де аспайды. Қытайдың арзан шүберегін сатып алып, көрші елдің қалтасын толтырғаннан не ұтамыз» деп орынды пікір айтты.

Адамды жерлеуде белгілі бір тәртіп сақталу керектігі айтылды.

Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтайға қатысып келген «Қазақмыс» корпорациясы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Нұрмағамбетұлы руға бөлініп, әр төбенің басына өлген адамды жерлеп, бейіт салғандарды сынады.  «Келешекте ауылшаруашылығы дамиды, өндіріс дамиды. Ертең бұл үрдіс жалғаса берсе Жезқазғанда 15-20 жылдықта төбе қалмайды. Ертең марқұмдарды қазып алып, басқа жерге жерлемейді ғой. Мешіттің имамы, әкімшілік болып осыны қолға алып, тоқтату керек», деп зираттың бір жерге орналасып, қоршалуы керектігін ескертті.

Форум соңында  «Ұлт ұясы Ұлытау өңірінің жұртшылығы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының көтерген ысырапшылдыққа жол бермеу мәселесін толығымен қолдап, өлікті жөнелтуде болсын, той-жиын жасағанда бай да, кедей де болып асып-таспайық деген ұсынысты қабылдады.

Құдайы астарда ас мәзіріне: бауырсақ, жеті нан, құрма, өрік не мейіз, қант, кәмпит, сары май не қаймақ, шай, ет пен күріш болсын деген ұсыныс қабылдансын. Жаназа намазында митинг жасалмайды. Мәйітті жерлемей дәм берілмейді, жыртыс, орамал таратылмайды.  Барлық аудан қалалардың ақсақалдары мен имамдарына бұл ас мәзірін сақтамай, ысырапқа жол беретін жерден аулақ болуын ниеттейміз»,  деп облыс жұртшылығына арналған үндеу қабылдады.

Ұлытау облысы