Қазақстанда 12–16 мамыр аралығында өткен Республикалық репродуктивті денсаулық апталығы табысты қорытындыланды. Бұл кең ауқымды ақпараттық-ағартушылық науқан Мемлекет басшысы жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен, сондай-ақ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аида Балаеваның айтуынша, биылғы ақпараттық апталық аясында отбасын жоспарлау, ерлер мен әйелдер денсаулығы, адам папилломасы вирусының және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ) алдын алу сынды маңызды тақырыптарға ерекше көңіл бөлінген.
«Апталық барысында 20 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, шамамен 500 мың адамды қамтыды. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп көрсеткіш. Әлеуметтік желілерде апталық хэштегтерімен 360 мыңға жуық жазба жарияланды. Бұқаралық ақпарат құралдарында 1,5 мыңнан астам материал жарық көрді. Сонымен қатар 78 мыңнан астам тегін кеңес беріліп, 8 мыңнан аса ЖЖБИ/АИТВ бойынша тестілеу жүргізілді. Бұл нәтижелер — Ұлттық комиссия мүшелерінің, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, сарапшылық және ғылыми қауымдастықтардың бірлескен қажырлы еңбегінің арқасы», деді Аида Балаева.
Министр науқанға белсенді атсалысқан Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің мамандарына, сондай-ақ БҰҰ халықтың қоныстануы саласындағы қоры (ЮНФПА), Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ), ЮНЕСКО сияқты халықаралық серіктестерімізге және отандық үкіметтік емес ұйымдарға — КАРМ, Saulyq LIFE, YPEER, Ұлттық волонтерлік желі мен басқа да серіктестерімізге шынайы алғыс айтты.
«Біз ортақ мақсат — келешек ұрпақтың саулығы үшін тиімді ведомствоаралық өзара іс-қимыл үлгісін көрсете алдық. Бұл нәтижелер – барлық серіктестеріміздің қажырлы еңбегінің жемісі. Баршаңызға үлкен рақмет!» деді министр.
Оның айтуынша, Ұлттық комиссия репродуктивті денсаулық мәдениетін дамыту ісін әрі қарай да басты назарда ұстайтын болады. Өйткені тек ақпараттандырылған, денсаулық мәселелері жайлы ашық сөйлесе алатын және саналы шешім қабылдайтын қоғам ғана дені сау ұрпақты тәрбиелей алады.