Астана қаласында Екінші республикалық сарбаз аналар форумы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұланның, өзге де күштік құрылымдардың өкілдері, Парламент депутаттары және қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты.
Форум аясында Отан алдындағы азаматтық борышын үздік атқарып жүрген сарбаздардың аналарына құрмет көрсетілді. Құқықтық тәртіп әскерінде қызмет атқаратын сарбаздардың аналарына марапатты Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетов табыстады.
Сахнада тұрған сарбаз аналарына тағы бір тосын сый жасалды – олар әр өңірде қызмет атқарып жүрген ұлдарымен қауышу қуанышына бөленді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, сарбаздар ішкі істер министрінің орынбасары - Ұлттық ұланның Бас Қолбасшысы құқығымен грамоталармен марапатталып, 10 күндік демалыс алған. Кей аналар қуаныштан көз жастарына ерік берді.
– Мен Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде қызмет атқарамын. Бүгінгі шараны ұйымдастырушылар мен әскер басшылығына шексіз ризашылығымды білдіремін, – деді қатардағы жауынгер Владимир Анисимов.
Тағы бір үлгілі сарбаз – қатардағы Әділ Байпақов та өз алғысын жеткізді:
– Анамды көргеніме қуаныштымын. Бұл – мен үшін ең бақытты сәттердің бірі. Қызметімді жоғары бағалаған басшылыққа алғысымды айтамын, – деп атап өтті ол.
Мерекелік шара Ұлттық ұланның ән-би ансамблі және басқа да күштік құрылымдардың әскери өнерпаздарының ұйымдастыруымен өткен концертпен жалғасты.