• RUB:
    6.39
  • USD:
    510.84
  • EUR:
    579.7
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 14:30

Қазақстан Astana LRT-ның бұрынғы басшысын Түркиядан экстрадициялауды сұрады

20 рет
көрсетілді

Қазақстан Түркияға «Astana LRT» компаниясының қашқын бұрынғы басшысы Талғат Арданды экстрадициялау туралы өтініш жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Түркияда ұсталған «Astana LRT» компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Арданды экстрадициялау мәселесіне байланысты түсініктеме берді.

Ведомство Талғат Арданға «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету» және «Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып, оның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен іздеуде жүргенін түсіндірді. Оған қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу шешімі қабылданған. Талғат Ардан халықаралық іздеуде болған.

Ресми ақпаратқа сәйкес, 2025 жылғы 10 мамырда Интерполдың Ұлттық орталық бюросы арқылы Арданның Түркия аумағында ұсталып, Анталиядағы түзеу мекемесіне жеткізілгені туралы хабар келіп түскен.

«Қазіргі уақытта ҚР Бас прокуратурасы Талғат Арданды экстрадициялау үшін барлық қажетті құжаттарды Түркия Республикасының құзырлы органдарына жолдады. Қазір оны экстрадициялау мәселесі түрік тарапымен қаралып жатыр», делінген Бас прокуратураның хабарламасында.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы 13 мамырда Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Astana LRT» компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Арданның Түркияның Анталия қаласында ұсталғанын хабарлаған болатын. Сол кезде белгілі болғандай, ҚР Бас прокуратурасы Талғат Арданды халықаралық іздеуге жариялап, оны 2019 жылы экстрадициялау туралы Түркияның Әділет министрлігіне өтініш жіберген.

Осыған байланысты Түркияның құзырлы органдары іздестіру шараларын жүргізген.

«Биыл Ұлттық қауіпсіздік комитеті Талғат Арданның нақты жүрген жерін анықтады. Осыдан кейін Түркияның құқық қорғау органдары оны Анталияда ұстады. 9 мамыр күні Анталия соты Талғат Арданды Қазақстанға депортациялау туралы шешім шығарды, қазіргі таңда ол қамауда», деп хабарлады ҚР ҰҚК 2025 жылғы 13 мамырда.

Айта кетейік, 2023 жылдың мамыр айында Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты LRT ісі бойынша айыпталушылар Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековке сырттай үкім шығарған болатын.

Талғат Ардан «Astana LRT» компаниясын 2014 пен 2017 жылдар аралығында басқарған. Антикор мәліметінше, ол ұрлық фактісі әшкереленбей тұрып, елден кетіп қалған.

Сондай-ақ құқық қорғау органдары бұл қылмыстық схеманы Астана қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Сұлтанбеков пен компанияның бұрынғы басшысы Ардан шетелдік және қазақстандық компаниялардың көмегімен ұйымдастырғанын мәлімдеді.