Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Жәнібек Әбілхан Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең алғашқы 140 ұпайдың иегері атанды!
Информатика пәніне бұрыннан қызығатын Жәнібек 10-сыныптан бейінді пәндерін таңдап, дайындығын бастаған. Сабақта белсенді болып, қосымша курстарға қатысты. ҰБТ-ға кірер алдында аздап қобалжыған Жәнібек өз біліміне сенген. Тест сұрақтары негізінен бұрыннан дайындалған тақырыптардан келіпті. «Арманым – ІТ саласының маманы болу. Бағдарламалар құрастыру, жаңа жүйелерді меңгеру маған қызық. Осы бағытты тереңдетіп оқығым келеді. Сол себепті ҰБТ-да бейіндік пән ретінде информатиканы таңдадым. Қай университетке түсетінімді нақты шешкен жоқпын, бірақ Алматы қаласында білім алсам деген ойым бар. Маған білім мен тәрбие, бағыт-бағдар берген ұстаздарыма алғысым шексіз», дейді Жәнібек.
Көпбалалы отбасынан шыққан Жәнібектің әкесі вахтада жұмыс істейді, анасы үй шаруасында. Өзінен үлкен ағасы қызметте болса, кейінгі үш інісінің де сабақ үлгерімі жақсы екен. Сынып жетекшісі Гүлзира Ағабекқызы шәкіртінің жоғары нәтиже көрсететініне сенімді болғанын айтады. «Оқушым сабырлы, білімге құштар әрі жауапкершілігі жоғары. Мінезі – тұйық, эмоциясын сыртқа шығармайды. Сұрақ қойсаң тиянақты жауап береді. Сабақ үлгерімі жақсы болды», дейді сынып жетекшісі. Ал Жәнібектің анасы Гуля Боранбаева баласының күндіз-түні дайындалғанын, арнайы онлайн курс сатып алғанын айтады. «Болам деген баланың бетін қақпа, «белін бу» деген. Біз де барынша көмектестік. Сабақпен әуре бала ғой. Тынымсыз дайындалды. Үй тірлігіне мойын бұрған жоқ. Өз еңбегінің, табандылығының, мұғалімдерінің қолдауымен осы жетістікке жетті», дейді Жәнібектің анасы.
Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназия директоры Сәуле Егембердіқызы Жәнібектің жетістігі өзге оқушыларға үлгі болып, ынталандыра түскенін айтады. Биыл мектеп бітіретін 101 оқушының барлығы ҰБТ тапсыруға ниет білдірген. Ел көлемінде алғаш болып ең жоғары ұпай жинаған Жәнібек Әбілханға бүгінде сый-құрмет көрсетіліп жатыр. Мысалы, облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев арнайы қабылдап, білім жолында талмай талаптанып, табыстан-табысқа жете беруіне тілектестігін білдіре отыра, үздік шәкіртке және ұстазы мен анасына арнайы алғысхат пен сый-сияпат тапсырды. Аудан әкімі Азат Оралбаев та үздік оқушыны марапаттады. Ал Жәнібек кейінгі бір жыл бойы дайындалған қосымша білім беру орталығының басшылығы пәтердің сертификатын табыс еткен.
Айта кетелік, биыл Түркістан облысында 34 мыңға жуық оқушы 11-сыныпты бітіреді. Олардың 27 мыңнан астамы ҰБТ тапсыруға ниет білдірген. Мектеп бітірушілердің ішінде 2 313 оқушы «Алтын белгіге», ал 2 400-і «Үздік аттестатқа» үміткер.
Түркістан облысы