Көрнекті жазушы, тарихшы, этнограф, фольклоршы Зейнолла Сәніктің 90 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Сөз ғұмыр» атты республикалық жастар сайысы өтті.
З.Сәнік атындағы мәдениет қоры және Shakarim University бірлесе өткізген дәстүрлі сайысқа еліміздің жоғары оқу орындарынан 20 білім алушы қатысты.
«Зейнолла Сәнік тағылымы» атты жыр мүшәйрасы, Зейнолла Сәніктің тарихи шығармаларынан көркемсөз оқу сайысы және «Сөз зергері – Зейнолла Сәнік» тақырыбында эссе жазудан сынға түскен жастардың білімдері мен шығармашылықтарына қордың атқарушы директоры Серік Қалиев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Анарбай Бұлдыбай бастаған ғалым, оқытушылар қазылық етті.
«Сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен талапты, талантты студенттер қатысып отыр. Зейнолла Сәнік бүкіл саналы ғұмырын баспа саласына, ел мұрасын жинауға арнады. Соңғы демі үзілгенше қолынан қаламы түспеген қарымды қаламгер. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан сайыс биыл жазушының 90 жылдық мерейтойына арналды. Сондықтан бұл байқаудың бәсі биік. Өйткені әр оқу орнынан тек бір ғана үміткер қатысып, мүшәйра, көркемсөз оқу және эссе жазу сынды үш аталым бойынша бақ сынап отыр», деді ақын Серік Қалиев.
Сайыс барысында студенттер білімдері мен дайындықтарын жоғары деңгейде көрсете білді. Сонымен, тартысты бәйгенің бас жүлдесін М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенті Нұрай Қалиханова жеңіп алды. І орынға С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенті Бекарыс Секенов лайық деп танылды. Мәдени іс-шара аясында Абай кітапханасында «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және жазушы, этнограф Зейнолла Сәнік – 90 жыл» атты республикалық экспедиция мүшелерімен кездесу ұйымдастырылып, ғалымдар Shakarim University-нің студенттеріне «Табысты тұлғаның дәрісі» атты лекция оқыды.
Абай облысы