Халқымызда «Елдестірмек – елшіден» деген жақсы сөз бар. Осы сөздің аясына дипломатиялық саладағы тұлғалардың бүкіл болмысы мен бітімі сыйып-ақ тұр. Жақында Испания Корольдігінің Қазақстандағы елшісі Луис Франциско Мартинес Монтеспен сұхбаттасудың сәті түсті. Сұхбат барысында ол қос елдің мәдени байланыстары мен алда жүзеге асатын жобалар туралы айтып берді.
– Испания – көптеген мәдениет тоғысқан ел. Бұл ерекшелік Испанияның мәдени дипломатиясына қалай әсер етеді?
– Мәдени дипломатиямыз – Испанияның әралуандығы мен бай тарихының айқын көрсеткіші. Ежелгі дәуірден бастап Испания этникалық және мәдени тұрғыда алуан түрлі. Онда ибериялықтар, кельттер, гректер, финикиялықтар, римдіктер, вестготтар, сондай-ақ христиандар, еврейлер, мұсылмандар да өмір сүрді. XV ғасырдан бастап Испания әлемдік сахнада өзінің ерекше қуаты мен мәдени әралуандығын көрсетіп, өзге өркениеттермен араласып, жаңа бірлік пен ықпалдастыққа жол ашты. Мәдени дипломатиямыздың тиімділігін арттырып отырған тағы бір маңызды фактор – испан тілі. Бүгінде шамамен 580 миллион адам испан тілінде сөйлейді, оның ішінде 60 миллионы – АҚШ-та. Осы көрсеткіш испан тілін қытай тілінен кейінгі ең ірі тіл санатына шығарды. Бұл сандардың экономикалық мәні де бар: егер испан тілі ресми тіл болып саналатын елдердің ішкі жалпы өнімін біріктірсек, олар әлемдегі үшінші ірі экономикалық блок болар еді, АҚШ пен Қытайдан кейін. Сондай-ақ испан тілі – интернеттегі сайт саны бойынша екінші орында.
Бүгінде әлем бойынша 25 миллион адам испан тілін екінші шет тілі ретінде қолданады. Қазақстанда онға жуық университет, мектеп және жекеменшік академияларда испан тілін оқытатын бөлімдер бар. Жыл сайын бұл курстарға мыңнан аса студент жазылады. Испан телехикаялары, фильмдері, сән, тағам және спорт түрлері, сондай-ақ латын музыкасы мен теленовеллалар, әсіресе, жастар арасында өте танымал. Астанадағы біздің елшілік испан мәдениетін насихаттайтын түрлі іс-шаралар (фильмдер, дәрістер, концерттер, көрмелер) ұйымдастырады және олар үлкен қызығушылыққа ие.
– Испанияда футбол тек ойын емес, өнер түрі ретінде қабылданады. «Реал Мадрид», «Барселона», «Атлетико Мадрид» сияқты командалар – осы құбылыстың нақты мысалы. Бұл феномен Испания мәдениеті мен экономикасының дамуына қандай үлесі бар?
– Дұрыс айтасыз. Испанияда футбол – дін мен өнердің қосындысы сияқты. Сонымен қатар бұл – үлкен бизнес. «Реал Мадрид» – әлемдегі ең табысты футбол клубы (құны 6,6 млрд доллар), ал «Барселона» – үшінші орында (5,6 млрд доллар), «Атлетико Мадрид» – он екінші орында (1,6 млрд доллар). Футбол – Испанияның ең табысты «экспортының» бірі. Осы орайда «Егеменнің» оқырмандарына сүйінші жаңалықты жеткізгім келеді. Осы жазда Испанияның ең мықты командаларының бірі – «Атлетико Мадрид» Алматы маңында, «Doscar Group» серіктестігімен бірге футбол академиясын ашады. Бұл академияда жүздеген қазақстандық және Орталық Азия елдерінен келген балалар мен жасөспірімдер кәсіби футболдың әліппесін үйренеді. Мен академия орналасқан орынға барып көрдім. Инфрақұрылымы өте заманауи екен. Онда жатақхана, мектеп-интернат, спорт залдар, алты жаттығу алаңы және 10 мың адамға арналған стадион болады. Ең үздік шәкірттер Мадридте оқуын жалғастыруға мүмкіндік алады. Біз Қазақстанның аймақта ғана емес, жаһандық деңгейде де футбол державасына айналуына үлес қосуды қалаймыз.
– Елімізге елші болып келгеніңізге бірнеше ай болды. Біздің мәдениетіміздің қай қырлары ұнады?
– Шын мәнінде, бұл – Қазақстандағы екінші дипломатиялық кезеңім. Бірінші рет 1999–2002 жылдары келген едім. Ол кезде Испания Алматыда елшілігін ашқан, кейін ол Астанаға көшірілді. Енді 25 жылдан кейін Испания елшісі ретінде қайта оралдым. Қазақстан менің екінші үйім сияқты. Маған оның табиғаты мен тағамдары, басқа да көптеген құндылықтары ұнайды, сондықтан неден бастарымды да білмеймін. Тек бір нәрсені таңдау керек болса, онда мен, ең алдымен, адамдарын, әсіресе жастарды айтар едім. Уақытымның бір бөлігін мектептер мен университеттерге барып, дәріс оқуға арнаймын. Қазақ студенттерінің бойынан өмірге деген құштарлық пен білімге деген шынайы ықыласты байқаймын. Аптасына кем дегенде бір рет жастармен, зиялы қауым өкілдерімен бірге дәрісте, пікірталас клубы мен бейресми түскі аста бас қосуға тырысамын. Олармен сұхбаттасу дүниетанымымды кеңейтіп, осы елдің қай бағытта дамып жатқанын жақсырақ түсінуге көмектеседі.
– Сіз Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы барғаныңызды айтып едіңіз. Бұл сапар қандай әсер қалдырды?
– Иә, мен Түркістанға 1999 жылы барғанмын. Бұл сапарға байланысты өте қызықты бір естелігім бар. Кесенеге барғанымда менің Испаниядан келгенімді естіген жергілікті жол бастаушы ерекше ынтамен Андалусиядан шыққан сопылық бағыттағы ақын Ибн Арабиді атады. Ол Испанияда ислам дәуіріндегі атымен әл-Андалус деп те аталды. Ибн Араби Қожа Ахмет Ясауимен шамамен бір дәуірде өмір сүрген тағы бір ұлы сопы ретінде аталады.
Сол сәтте менің Ибн Арабиге деген сүйіспеншілігімнің оянуына себеп болған мәдениетті қазақ әйеліне алғысымды білдіремін. Ол бізге қос сопының да өлеңдерін жатқа оқып берді. Еуразия құрлығының екі шетінде өмір сүрген бұл екі ақынның бір рухани ағымда болып, құдайды іздеу жолында терең әрі көркем поэзия тудырғаны мені қатты таңғалдырды.
– Абай Құнанбайұлы мен Сервантес сынды ұлы тұлғалар өз елінің әдебиеті мен мәдениетін биікке көтерді. Сервантестің шығармалары қазақ тіліне ертеде аударылып, «Дон Кихот» бірнеше рет қайта басылып шықты. Біз Абайдың да шығармалары испан тіліне аударылғанын естідік. Испан оқырмандары оны қалай қабылдады?
– 2022 жылы Әлемдік діндер көшбасшыларының VII съезінің ашылуында Аргентинадан шыққан марқұм Папа Франциск Абай шығармашылығынан он екі реттен аса дәйек келтірді. Абайдың кейбір шығармаларын 2020 жылы Мария Санчес Пуг испан тіліне аударды. Ол қазақ әдебиетін испан тілді аудиторияға таныту жолындағы еңбегі үшін «Достық» орденімен марапатталған. Биыл Абайдың «Қара сөздерінің» таңдаулы бөлімдерін испан тіліне аудару жобасы жүзеге асырылады. Сонымен қатар алғашқы қазақ-испан сөздігін дайындап жатырмыз. Бұл біздің студенттерге екі тілде де білім алуды жеңілдетеді. Тағы бір мысал – 2016 жылы испан ақыны Хусто Хорхе Падрон аударған қазіргі қазақ поэзиясының жинағы жарық көрді.
– Қазақстанды Испанияда танытудың қандай жолдары бар? Бұл бағытта нендей жобалар жүзеге аспақ?
– Шын мәнінде, Испанияда Қазақстанға деген қызығушылық орта ғасырлардан басталады. Жібек жолының Батыстағы алғашқы бейнеленуі мен Алтын Орда ханы Жәнібек бейнеленген карта – 1375 жылы Испанияның Қасиетті Арагон тәжінде жасалған «Каталон атласынан» айқын көрінеді. XV ғасырдың басында испан елшісі Руй Гонсалес де Клавихо Әмір Темір заманындағы Орталық Азияға сапар шегіп, бұл өңір туралы керемет кітап жазды. Бұл шығарма Еуропада бірнеше тілге аударылып, бестселлерге айналды.
Бүгінде Мадридтегі Қазақстан елшілігі қазіргі Қазақстанды Испанияда насихаттау бағытында үлкен жұмыс атқарып жатыр. Сондай-ақ Испанияда тұратын қазақстандықтар мен Қазақстанға қызығатын испандықтарды біріктіретін «Каса Казака» ұйымы жұмыс істейді. Бұл ұйым Астанада өткен Көшпелілер ойындарына Испаниядан отыздан аса спортшының қатысуына ықпал етті. Бұл Батыс елдерінен келген төртінші ірі делегация болды. Қатысушылар ойынның ұйымдастырылу сапасы мен қазақ халқының қонақжайлығына тәнті болды.
Басқа жобаларға келетін болсақ, «Атлетико Мадрид» футбол академиясының ашылуы Испанияда Қазақстанға деген қызығушылықты арттырады деп сенемін. Сондай-ақ биыл Қазақстанның Испаниядағы беделін күшейтетін екі ірі оқиға өтеді. Біріншісі – қазақтың әлемге танымал әншісі Димаш Құдайберген қараша айында Барселонада концерт береді. Бұған дейін 1 маусымда ол Барселонада жанкүйерлері мен БАҚ өкілдеріне арналған конференция өткізеді. Екінші жоба да өте қызықты. Бұл – «Netflix» платформасының қолдауымен түсірілген алғашқы испан-қазақ бірлескен ірі киноөнімі. Фильмнің түсірілімі аяқталды. Енді соңғы монтаждау жұмысы жүріп жатыр. Фильмнің атауы – «La Tregua», қазақшаласақ, «Бітім» деген мағына береді. Аталған өнім сталиндік кезеңде Қарлагта аман қалу жолында күрескен жүздеген испан тұтқынының шынайы тарихына негізделген. Фильм режиссері – әйгілі «Money Heist» (Қағаз үй) сериалының авторы Мигель Анхель Вивас. Басты рөлдерде испан актерлері Мигель Эрран (Money Heist) және Арон Пайпер (Elite), сондай-ақ Қазақстан актерлері Дина Тасболатова, Алтынай Нөгербек, Сергей Уфимцев, Фараби Аққозов ойнайды.
Әңгімелескен –
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,
«Egemen Qazaqstan»